Басты бет Бір шаңырақ астында Ырыс. Ынтымақ. Келісім

Ырыс. Ынтымақ. Келісім

0
276

Даланың данышпандары атанған бабаларымыздан қалған «Бір­лік болмаған жерде – тірлік болмайды», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейтін ескі сөз бар. Ескі де болса есті сөз. Атүсті айтыла салған дүние емес. Қазақ сонау ықылым заманнан талай қиындық көрді. Бірақ бірлік пен ынтымақтың арқасында іргесі сөгілмеді, шаңырағы шайқалмады. Осыны анық аңғарған аталарымыз бақтың бірлікті, ынтымақты ортаға қонатынын ұлағат еткен.

Тәуелсіздіктің таңы атқан соң да еліміздің басты ұстанымы осы – бірлік пен ынтымақ болды. Бір шаңырақта жүздеген ұлт ынтымақта күн кешті, бір қазаннан ас ішіп, бір таба нанды бөлісті. Нәтижесінде елдің еңсесі биіктеді. Сондықтан да біздің басты ұстанымымыз қашанда керісу емес келісу, ұрысу емес ұғысу, егесу емес елдесу болмақ. Осы мақсаттағы іс-шаралар да ұдайы жүргізілуде.

Сондай игі шараның бірі «Ырыс. Ынтымақ. Келісім» деген атпен ауданымызда облыстық акция ретінде басталды. Шараның мақсаты – өңірлердегі этносаралық ынтымақты нығайтып, қазақстандық патриотизмді дамыту. Аталмыш шараға қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы және  Алматы облысының Этносаралық қатынастарды дамыту бөлімі – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Тұрарұлы келіп қатысты. Қазақ тілін ана тіліндей ардақтап, барша қазақстандыққа үлгі болып жүрген Асылы Әлиқызы әңгімесінің төркінін бірліктен бастады. Ертеректе өмір сүрген атақты Қаблиса жыраудан бізге: « – Бақ, қайда барасың? – Елі­мен болған бірлігі, Тағат, ғибадат тірлігі, Ұйымшыл елге барамын» деп келетін аса құнды тәмсіл жеткен. Міне, осы ғибратты сөздің төркінін ұғынсақ, бақ бірлікті елге қонақтап қана қоймайды, мәңгілік тұрақтап қалады екен. Осыны ұғындырған Асылы апамыз осының бәрін ұйыстыратын тіл екенін, яғни қазақ тілі екенін де екшеп айтты. «Бізді табыстырған да, тату еткен де көкейден шыққан сөзіміз бен тіліміз. Сондықтан қазақ тілін құрметтеуіміз керек», — деп елге, тілге деген құрметін ұғындырды. Талай этностың тұрағы мен жұмағы болған Қазақ еліне, жеріне құрмет әркімнің жеке басынан басталуы қажеттігін айтып, елді ауызбіршіліктен ажырамауға шақырды.

Мұнан соң сөз алған Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы да өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің бастамасымен қолға алынған аталмыш акцияның басталуы да жайдан-жай емес екенін сөз етті. «Бұқаралық ақпарат құралдарынан әр жерде шыққан түрлі елбұзарлардың әрекеттерін көріп отырмыз. Ондай жел сөзге ермей, елдігімізді берік ұстайық» деген толғамды ойын айтқан қаламгер, ел бірлігін арттырудағы газет-журналдардың рөлі де жоғары екенін атап өтіп, баспасөзге жазылуды да шет қалдырмау қажеттігін айтты.

Алматы облысының Этносаралық қатынастарды дамыту бөлімі – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Тұрарұлы сөз тізгінін алып, жаңа Қазақстанның іргесінің берік болуы ел арасындағы ауызбіршілік пен татулықтың тұрақты болуынан деген ойын жеткізді. Келген қонақтар жиналған тұрғындар арасында қандай да бір қордаланған мәселелер болса, ашық айтып, диалогқа келуді сұрады. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді аталарымыз. Сондықтан күрмеуі шешілмей тұрған дүниелерді айтып, пікірлесейік деген қолқа да тастады.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов ағамыз аудандағы ағайынның басты бас ауруына айналған мселе – аудан аты екенін ашық айтты. Тарихи әділеттілікті орнатамыз десек, ауданның тарихи атауын қайтарып, келер ұрпаққа ұлағатты ісімізді көрсетейік деді. Сонау Сақтан сарқыт болған сары даламыздың әр тауы, тасы, өзені мен көлі тарихи атаумен аталып,  қазақылықтың исі аңқып, ел мен жердің иесі қазақ екенін аңғартуы тиістігін кесіп айтты. Мұнан соң жігітбасылар атынан шыққан аудан тұрғыны Демян Улянов,  Қырғызсай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалибай Дынысбаев, «Аяла» балабақшасының меңгерушісі Гүлбағда Әкімбековалар ауданымызда қос ұлттың татулығы мығым екенін айтып, келген қонақтарға алғыстарын білдірді.

Дәл осындай жиын ауданымыздың Тасқарасу, Ават, Тиірмен ауылдарында жалғасты. Тасқарасу ауылында да тұрғындар атынан сөз алушылар аудан атының ауысуын сұраса, енді кейбірі жастардың әлеуметтік желідегі бассыздықтарға бет бұрып, газет-журнал, кітап оқудан алыстап бара жатқандықтарына қынжылды. Мектеп оқушылары болса Асылы Осман апамызға өздерінің сан сауалдарын жолдап, өнегелі өсиетін тыңдады.

Татулықтың тірегі отбасынан басталса керек. Отбасы тату болса, қауым тату, қауым тату болса, қоғам тату, ал қоғам бірлікте болса,  мемлекеттің мерейі үстем. Ендеше сіз бен біз отбасында татулықтың туын тігіп, ел дамуына үлес қосуға тиіспіз. Ауданда өткен жиын дәл осы қағиданы санамызға сынадай қақты.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛМІЗ

«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты тақырыпта Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы…