Кәсіпкерлік – белгілі бір істі істей білу. Іс істеу – адамның белсенділігі және іскерлігі. Белсенділік және іскерлік – адамның еркін өмір сүру түрі. Экономиканың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлер. Иә, кәсіпкерлікті қолдауға үлкен басымдық беріліп келеді осы уақытқа дейін. Нарықтық экономиканың басты ұстанымы да кәсіпкерлікке келіп тіреледі. Сондықтан оның дамуына мемлекет тарапынан да қыруар шаруалар қолға алынып, көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Шаруа қожалықтары өз өнімдерін аудан халқына ұсынып, қалған бөлігін сатылымға шығарып, пайдасын көріп отыр. Әрине көзін тапқандар, кәсібін дұрыс жолға қойғандардың өнімдері шетел асып жатқандары да жасырын емес. Олардың өндіретін тауарлары әлемдік стандартқа сай, бәсекеге қабілетті өнім болғандықтан сұранысқа ие. Бұл тұрғыда тек экспорт мәселесін алға оздырып қоймай, өз халқымызды отандық өнімдермен, азық-түлікпен және басқа да қажетті тауарлармен қамтамасыз ету жайын ретке келтірсек тіпті керемет болар еді. Бұл болашақтағы жоспарда бар нәрсе. Осы орайда, өз кәсібін ашамын деген жеке кәсіпкерлерге арнайы бағдарламалар шеңберінде қолдаулар көрсетіліп келеді. 14 азаматтан бизнес құқығын қорғауға қатысты өтініш түскен еді, оларға заңды тұрғыда түсінік беріліп, мәселелері оңды шешілді. Біздің «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері арқылы өткен жылы 695 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінен 55 адам несие алды, 44 адам грантқа ие болды, 9 адам мемлекеттік грант иегері атанды, 32 адам кәсіпкерін ашу үшін жер телімдерін алды.
Бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту да жақсы жолға қойылды. Оған керегі іскерлікпен қатар білім. 5 жыл ішінде 1260 адам осы бағытта білімдерін көтеріп, кәсіби жағынан жетілу үшін арнайы оқудан өтті. 44 адам 400 есептік көрсеткіш көлемінде грант алды. Олардың 18-і жастар болса, 26-сы әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға берілді. Аудан бойынша мемлекеттік грантқа үміткер ретінде 13 өтініш түскен-ді. 9 кәсіпкер өз жобаларын қорғап, жалпы сомасы 53 908 800 теңгелік грант алды. «Бастау Бизнес» жобасының 55 түлегі өз кәсіптерін ашу үшін өтініш берген, олардың тілектері толықтай қолдауға ие болды. Аудандық кеңес мүшелерімен ауыл-ауылдарға жылжымалы түрде кеңестер өткізу дәстүрге айналған. Онда жұмыссыз азаматтарға бағыт-бағдар көрсетіліп, қолынан өнер тамғандарға өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік жасалды. Ауылдарға қажетті мамандыққа оқыған жастарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиелер, гранттар жайлы насихаттар жүргізілді.
Өткен жылы 172 бизнес жоспары жасалып, 61 адам жер телімін алуға ынта білдірсе, грант алуға 51 адам, несиеге 60 адам өтініш тастаған. Біздің ауданның ауа-райы мен жер жағдайы абрикос пен алма, қараөрік пен шабдалы өсіруге өте қолайлы. Бүгінгі таңда мұндай бақшалықтың аумағы 4345 гектар алқапты алып жатыр. 2022 жылы 101 гектар жерге жаңа бақшалық өнімдері, 90,7 гектарына абрикос, 4,3 гектарына алма, 5 гектарына қараөрік отырғызылды. Сонымен қатар жүзім алқаптары жаңартылып жатыр. Үстіміздегі жылы жаңадан 41 гектар жерге жүзім көшеттері тігілді. Ал оның жалпы көлемі 637 гектар. Жеміс-жидектерін өсіріп қана қоймай, оны қайта өңдеу үшін зауыт құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Жылыжай өнеркәсібі қолға алынды. «Паттая Спа», «ВанАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бұл бағытта біршама жұмыстарды жолға қойғандығын айту орынды шығар. 2025 жылға дейін жылыжайлардың аумағы тағы да 15 гектарға артады деген жоспарымыз бар.
Кәсіпкерлікті дамыту арқылы мемлекетіміздің жағдайын жақсартамыз. Өз кәсібін дөңгелетемін, бизнесімді дамытамын деген адамдарға біздің бөлім қызметкерлері әркез түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке кең жол ашылған. Ал біздікі оған ынталы адамдарға көмек қолын ұсыну. Еліміздің гүлденуіне, бәсекеге қабілеттілігіне кәсіпкерлердің де үлесі бар екендігіне қуанамыз.
Муслим АМАНГЕЛДІ,
аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры