Басты бет Көкжиек НӘТИЖЕЛІ БІЛІМ БЕРУ – БАСТЫ МАҚСАТ

НӘТИЖЕЛІ БІЛІМ БЕРУ – БАСТЫ МАҚСАТ

0
868

Аудандық мәдениет үйінде «Педагогтің кәсіби құзыреттілігі – нәтижелі білім берудің негізі» атты аудандық педагогтердің форумы өтті. Бұл кездесуге аттары жер жаратындай ғылым докторлары мен атақтары дардай оқымыстылар қатысты. Аудандық мәдениет үйінің іші де әдеттегіден өзгеше күйге енген. Кіреберісте «Классика» аспаптар ансамблі құйқылжыта әдемі сазды орындап форумның жайдан-жай еместігінен хабар бергендей болды. Таныс емес бейнелер өте көп көрінді. Сахна төріне орынтақтар қойылып, оған алыстан арнайы ат басын бұрып келген қонақтар отырыпты.

Жиын тізгінін өз қолына алған аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева форумның алға қойған мақсатын түсіндіріп, уақыттарын бөліп келген қонақтарға алғысын жеткізді. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Шухрат Нурахунов алды. Аудан басшысы мынандай ауқымды шараны ұйымдастырып, атақты адамдарды ауданға шақырған білім бөліміне ризашылық сезімін жеткізіп, форумның табысты өтуіне тілектестігін айтты. Математиктер, тарихшылар, өз кәсібінің нағыз мамандары бас қосқан шараның аудан ұстаздарына берері мол болатындығына сенім білдіріп профессорлардың ауданымызға ат басын бұрғандығын жақсылыққа балады.

Сонан соң «Ынтымақтастық, ашықтық, рефлексиялаушы мұғалім» атты тақырыпта «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Алматы қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Берік Асубаев слайд арқылы баяндама жасады. Мұғалім болу – балалардың білім алуына көмектесу болса, директор болу – мұғалімнің білім алуына көмектесу деген қағидатты жан-жақты талқылап, жақсы мұғалімнен білім алған баланың озат болатындығына шүбә келтірмеу керектігін түсіндірді. Ал білімсіз мұғалімнің алдын көрген баланы білімді деуге келмейтіндігін нақты дәйектермен жеткізді.

Сүлеймен Демирель университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымының кандидаты, жерлесіміз Жанболат Қайыңбаев «Жалпы білім беретін орта мектепте математиканы оқытудың өзекті мәселелері» атты тақырыпты қаузады. Ауыл мектептерінің балаларын республикалық олимпиадаға дайындау үшін мұғалім сол бағдарламаны өзі жақсы меңгеруі керек, бірақ бізде аудан деңгейінде ондай мұғалімдер жоқтың қасы. Өздері толық меңгермеген бағдарламаны балаларға аз уақыт ішінде түсіндіре қояды дегенге өз басым сенбеймін. Сондықтан аудан орталығынан арнайы математиканы тереңдетіп оқытатын орталық па, курс па ашылуы тиіс. Онсыз ешқандай бәйгеден жүлде ала алмайсыздар, – деп мәселені төтесінен қойды. Осы уақытқа дейін олимпиаданың жеңімпаздары тек арнайы математиканы тереңдетіп оқытатын мектептерден ғана шығады деген ойын бүкпесіз ақтарды. Бірақ профессордың бұл пікіріне аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметжанқызы қарсылық білдірді. Сүмбеде мықты математик мамандардың дайындаған шәкірттері облыста да, республикада да жүлдеге ие болып отырғандығын көлденең тартты.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Академик Садықов атындағы Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жанат Сманкулова «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту әдістемесі мен оқу бағдарламасындағы құндылықтар тақырыбында баяндама жасады. Әрине ұлттық құндылықтарға басымдық берген Жанат Ерекенқызы біраз мағлұматтарға қанық етті. Өзіміздің жерлесіміз «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының инновация кафедрасының аға оқытушысы Ләззәт Орманбекова «Педагогтердің пәндік және кәсіби құзыреттілігін дамытудағы біліктілікті арттыру курстарының маңызы» атты тақырыпта ой өрбітті. Жалпы ұстаздар қауымының өз білімдерін әркез жетілдіріп, ізденіп отырулары бүгінгі күні аса қажет екендігін нақты мысалдармен түсіндіріп өтті. Алматы облыстық «Жас дарын» орталығы, шеберлік білім беру бөлімінің басшысы Қымбат Сүлейменова «Қабілетті оқушылармен жұмыс жүргізудің тиімді тәсілдері» жайында әңгіме өрбітті.

Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев сөз алып, ауданымызға өткенде ғана мықты дәрігерлер, хирургтер мен урологтардың келіп үлкен семинар өткізгендігін тіліне тиек етіп, енді міне мықты педагогтардың ат басын бұрып, тәжірибе алмасқандарына алғысын жеткізді. Келген қонақтардың барлығына аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті. Жиналғандарды сергітіп алу үшін психолог мамандар арасында ойын ұйымдастырды.

Ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов сөзге шығып, келген қонақтарға алғыс сезімін жеткізді. Педагогтердің мәртебесін көтеретін, ұстаздарға қосымша көмек құралы ретінде білімдеріне білім, тәжірибелеріне тәжірибе қосатын форумды ұйымдастырғандарға, жолдың шалғайлығын сылтау етпей келген қонақтарға рақметін айтты. Математика, физика, жаратылыстану, тарих пәндерінің құндылығын өзіндік пайымымен жеткізді. Кері байланыс мезгілі келгенде оған қатысушылардың қатары көп болды. Шарын қазақ орта мектебінің директоры Нұржамал Сүйірбаева, Ж.Құдайбергенов атындағы мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Аружан Дүйсенбек, Үлкен Диқан ауылынан келген зейнеткер апамыз Сәуле Батталхановалар өз ойларын ортаға салып, форум туралы пікірлерін ашық айтты. Ауданның құрметті азаматы Нұрәкім Есжан да форумның жоғары деңгейде басталғандығын және оның табысты аяқталуына тілектес екендігін жеткізді. Ауданымыздан шыққан бүкіл Алаш мақтан тұтатын танымал тұлғалар туралы айтып, оларды тәрбиелеген педагогтерге, аудандық білім бөліміне ағалық алғысын айтты.

Түстен кейінгі уақытта аудан орталығындағы мектептерде форум өз жұмысын жалғастырды. Онда тәжірибелік алаң спикерлері Берік Асубаев, Жанболат Қайыңбаев, Жанат Сманкулова, Ләззат Орманбекова, Баймұрат Исмаилов, Серік Айтжанов, Ерболат Тасболат, Дина Боранқұлова, Қадыржан Шияпов, Алтынай Бейсембаева, Нүрзия Рахметова, Галя Абдурахманова, Дариға Қартбаева, Айгүл Байұзақова, Нұргүл Қожамбердиева, Гүлзира Әлиасқарова, Дамир Валиханов, Қымбат Сүлейменова, Айдар Аллажаровтар әр пән бойынша ашық алаң жұмысына қатысты. №1мектеп-лицейінде инновациялық жұмыстар және Lesson Study алаңында сыныптағы сабақты зерттеу үдерісін енгізу барысында мұғалімдерге қолдау көрсету тақырыбы қаузалса, Ж.Құдайбергенов орта мектебінде ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы, әкелер институтының қызметін жандандыруға байланысты танымдық дүние жасалды. Үшінші алаңда мектеп парламентін ұйымдастырудың тәсілдері қарастырылса, төртінші алаң да осы мектепте психологиялық қызметті ұйымдастыруға арналды. Бесінші алаң №1 мектеп лицейінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамытудың заманауи үдерістерін ұйымдастыру және педагогтік кәсіби құзыреттілігін арттыруда әдістемелік сүйемелдеу, бағыт беру жұмысына балабақша басшылары, әдіскерлер, тәрбиешілер қатысты. Алтыншы алаң Абай атындағы мектеп гимназиясында бастауыш сынып мұғалімдерінің рөліне қатысты болса, жетінші алаң қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдістемесіне арналды. Әрі қарай сегізінші алаң ағылшын тіліне, тоғызыншы алаң орыс тілі мен әдебиетіне, оныншы алаң физика, он бірінші алаң математика, он екінші алаң информатика, он үшінші алаң география пәнін оқытудағы мүмкіндіктерді айқындауға арналды.

Осылайша 20 ашық алаңда өткен пән бірлестіктерінің жұмысына ғылым кандидаттары мен докторлары қатысты. Осының өзі ауылдық мектептердің беделін арттырмаса түсірмесі анық. Күні бойына созылған форум педагогтердің білімі мен тәжірибелеріне ұшан-теңіз септігін тигізбесе де тамшыдай үлес қосқанына шүбәміз жоқ. Болашақта білім саласында үздіктер мен озат оқушылардың басым болуын, білімді, білікті мұғалімдердің көбейетіндігін тілейік.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…