Басты бет Спорт ДИАНАНЫҢ ЖЕҢІСТІ КҮНІ

ДИАНАНЫҢ ЖЕҢІСТІ КҮНІ

0
1,019

Сүйінші жаңалық! Жуырда Алматы қаласында таеквондо федерациясының кубогі үшін болған республикалық жарыста біздің аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Диана Даниярқызы чемпион атанып, Мексикада 12 жасқа дейінгі балалар арасында өтетін әлем чемпионатына жолдама ұтып алды.

Ауданымызда спортты серік еткен бүлдіршіндер өте көп. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақ, таеквондо, күрес, волейбол, баскетбол, футбол, дзюдо және т.б. спорт түрлері бойынша мектеп балалары жаттығады. Бұл мектепте жаттығатын жас спортшылардың бұған дейінгі жеңіс тұғырындағы сәттерін сүйіншілеп жазған да болатынбыз. Біздің шәкірттер облыстық, республикалық, тіпті халықаралық дәрежедегі сайыстарда топ жарған болатын. Бұл спорт мектебінің жаттықтырушыларының да еселі еңбегі екенін атамасқа болмас. Солардың бірі, жас жаттықтырушы – Амангелді Балтабаев.

Амангелді Мелісұлы аудандық спорт мектебіне осыдан 5 жыл бұрын таеквондо үйірмесінің жаттықтырушысы болып келді. Әкесі Меліс Құлшаровтың атақты таеквондошы, қазақ жеріне аталмыш спортты алып келген ер тұлға Мұстафа Өзтүріктің бел шәкірті екенін де білеміз. Міне, сондай әкеден тәрбие алған Амангелді әке жолын жалғап, өзі де талантты шәкірттерді дайындауға бел шеше кірісіп кеткен еді. Алғашқы күннен-ақ тартысты додаларға балаларды дайындап, үлкен жетістіктерге жетті. Баланың бабы мен бағын дәл таба білген Амангелдінің шәкірттері аз уақыт ішінде елдегі ең үлкен сайыс Қазақстан чемпионатында да топ жарып жүрді. Бұл жолы таеквондо федерациясының кубогы үшін болған республикалық жарысқа 7 бала қатысып, оның төртеуі жеңіс тұғырына көтерілді.  Олардың арасында Даниярқызы Диана 1 орын алып, әлем чемпионатына жолдама ұтып алса, Серғазықызы Сая, Ахарцова Милана 2 орын, Ердәулет Арайлым 3 орынға ие болды. Мұхаметқали Әмина, Нұрманбекұлы Ақжол, Оразай Нұржандар жеңіске бір табан жетпей қалды. Әрине, жарыс болған соң жеңіліс пен жеңіс қатар жүрері анық қой. Сондықтан бұл жолы жүлдесіз оралған балаларымыз алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрінері сөзсіз.

Диана – Абай атындағы мектеп-гимназияның 5 сынып оқушысы. Сабақпен қатар үш жылдан бері балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде таеквондодан жаттығып, бұған дейін де талай мәрте, облыстық, республикалық турнирлардың жүлдегері болып, бірнеше мәрте Қазақстан чемпионатында 1,2 орындар алған болатын. Оқуда да озат Диана қызымыздың бұл жолғы жеңісі әрине, ерекше. Аядай ауданымыз үшін де үлкен абырой. Өйткені кез келген спортшы әлем чемпионатына жолдамаға қол жеткізе бермейді. Бұл әр спортшының арманы болса керек.  Ендеше бірнеше айдан кейін балалар арасында Мексикада өтетін әлем чемпионатына біздің Қазақстан құрамасының ішінде өнер көрсететін Диана қызымызға тек сәттілік тілейміз. Әлемді бағындырып, көк туымызды көкке желбірететін атақты Мұстафа Өзтүрік ағаларындай сопртшы боларына бек сенімдіміз. Лайым, солай болғай!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

   Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында «Алматы облысының оқу-ағарту жән…