Басты бет Саясат ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК – ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК – ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

0
1,177

Отан – отбасынан басталады, мемлекет жекелеген отбасылардан құралады. Сондықтан да отбасы құндылығы – ұлт болашағының кепілі. Ал сол отбасындағы ер мен әйелдің құқықтары қалай бөлінген. Әрине қазіргі таңда тепе-теңдей деп айта аламыз. Өйткені ерлердің істеген қызметтерін, лауазымдарын әйелдер де атқарып келеді. Жай ғана атқарып қоймай, өзіндік ой, пікірлерімен, тың бастамаларымен қоғамдағы орнын да лайықтап алды деуге болады. Әйел басқаратын кез келген мекеме немесе кәсіпорында ең алдымен темірдей тәртіп болады. Оған ешкім шүбә келтіре алмайды. Мәслихат, мәжіліс депутаттарының құрамында әйелдердің пайыздық үлесі артып келе жатыр. Яғни гендерлік теңдікке жақын­дау үшін саяси өмірде әртүрлі квоталық жүйелер қолданылуда.

Гендерлік теңдікті ілгерілетудің негізгі мазмұны әйел адамдардың ер адамдармен қатар қоғамдық өмірде, мемлекеттік басқаруда, елге қызметте ерекше үлес қоса алатындығын мойындау, оларға үлкен жауапкершілік арту болып табылады. Елімізде барлық салаларда әйел адамдар жемісті, нәтижелі қызмет етіп келеді. Алысқа бармай-ақ өзіміздің ауданда әйелдер басқаратын орындарды мысалға алсақ. Аудандық қазынашылық басқармасы, аудандық кітапхана, аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газеті, аудандық білім бөлімі, аудандық мәдениет үйі, мектеп директорларын тілге тиек етер болсақ, осы аталған мекемелерлің жұмысына ешкім жаман баға бере алмас еді. Өйткені әйел адам үйдегі шаруаны қалай дөңгелетсе, лауазымды жұмыстарды да солай атқара алатындығына көзімізді жеткізіп отыр. Мемлекеттік ірі лауазымда отырған әйел министрлер, халық қалаулылары қарапайым халыққа жақынырақ боп көрінеді. Олар биік мінберлерден анаға, балаға қатысты келелі мәселелерді қашанда алдыңғы орынға шығарып, белгілі нәтиже шығару үшін белсенділік танытуда.

Қазақ қоғамында әйел қашанда құрметке ие болған. «Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана» деген бұрынғылар. Ата-бабамыз жалпы әйел затын адамды жоқтан бар ғып өсіретін, ұрпақты адам етіп тәрбиелейтін, ел мен елді ұйыстыратын ел ұйытқысы – ана деп қастерлеген. Абыз-даналарымыз, би-шешен, ақын-жазушылар ана туралы тайға таңба басқандай өз тұжырымдарын жалпақ жұртқа жария етіп ұсынған. Жалпы ұлылардың ұлағаты, тағы­лымды өсиеттерінен ана – қоғамды қозғаушы күш, бірлік-тірлік негізі, ел бейнесін айқындайтын өмір айнасы, ел тұтқасы екендігін тереңірек ұғы­намыз. Әйел-ананың бейнесі қан­дай бол­са, сол елдің бейнесі, салт-дәстүрі сонымен өлшенеді. Әйелдер қауымы еркектер атқаратын істің бәрін істейді. Ғылым-білім, өнерде, басшылық істерде, бизнесте болсын, қай салада да жетістікке жетеді. Спортта штанг көтереді, күреседі. Жаугершілікте соғысып, кегін қайтарады. Осының бәрін нәзік бола тұра ерлермен теңдей дәрежеде атқара алатын әйел қоғамдық өмірде де қозғаушы күш бола алады деген сөз. Алайда әйелдердің ең негізгі мін­деті бала сүю, ұрпақ тәрбиелеу деп келте ойлауға болмайды қазіргі мезетте. Аналық ақ сүтін адал емізіп, өнегелі, текті ұрпақ өсірудің өзі үлкен еңбек. Сондықтан адамзаттың бақыты да, жұмағы да ананың табанының астында деп жайдан-жай айтылмаса керек. Ендеше  ұрпағының саналы, сапалы болуына тікелей қатысы бар аналарды қоғамдық дамудың негізі дей аламыз. Гендерлік теңдікке қол жеткізген қоғам ілгері дами алады.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…