Аудандық мәдениет үйінің кіре берісінде әскери үлгідегі киім киген жас жеткіншектер сап түзеп тұр. Әскери шені генерал-майор Марат Нағұманов мырзаға облыстық «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының көшбасшысы Мадияр Шарапов жас сарбаздардың шараға дайын екендігін жеткізген соң Алматы облысы Райымбек шекара басқармасының сарбазы Дүйсенхан шекара шебін күзетіп жүрген «Помпей» атты итімен әртүрлі әрекеттер ұсынды. Қожайынның айтқан бұйрығын бұлжытпай орындаған иттің ақылдылығына бәріміз тамсандық.
Сонан соң шекара күзетінде жүрген әскерилер күрес үлгілерінен, жалындап жанып жатқан оттың үстінен секіріп, бастарымен шыны бөтелкелерді сындырып, әртүрлі әдіс, тәсілдерді көрсетті. Нағыз әскери осындай болуы керек деген жігіттердің шапшаң қимылдарына тәнті болдық. Жігіттер бірінің үстіне бірі шығып тау тұлға бейнесін жасап Қазақстанның Көк Туын биікке көтергенде шыны керек Тәуелсіз Еліміздің мәртебесінің асқақтай түсуін іштей тілеп тұрдық, ерекше мақтаныш сезімі кеудені кернеді. Алаңның оң жақ қанатына орналасқан әскери көліктерді таныстыру сәті де қызықты өтті. Қанша жанармай, жағармай қажеттігі, оның қуаттығы, қанша шақырымды еш қиындықсыз басып өтетіндіктері туралы толыққанды мәлімет берілді. Келген қонақтар мәдениет үйіне қарай бет алды. Фойеде мектеп оқушыларының заманауи технологиялар арқылы жасаған бұйымдары қойылыпты. Халықаралық байқауда жүлдеге ие болған №1 Шонжы орта мектебі оқушыларының жаңашыл ойлап тапқан құрылғыларының бүгінгі күнге аса қажеттігі және тиімділігі туралы берген мағлұматтары да қонақтарды риза етті.
Мәдениет үйінің іші адамға лық толы. Жас сарбаздың ант қабылдау рәсіміне жиналғандардың қатарында жасы да, жасамысы да, ақсақалы да, баласы да көрінді. Зал іші қараңғыланып, сахнада тарихымыздан сыр шерткен театрландырылған көрініс ұсынылды. Әлмерек бабамыздың батырлығын, ұлтжандылығын бейнелеген бұл көрініс бір сәт бәрімізді тарих қойнауына сүңгітті. Әулие-абыздардың бірі – Әлмерек баба. Әлмерек бабаның өмірі Тәуке хан заманынан басталып, Абылай заманында аяқталады. Тәуке хан таққа отырғанда, яғни 1680 жылы Әлмерек баба 22 жастағы жігіт екен. Бұл өзі қазақтың қалмаққа қарсы күресінің өршіп тұрған кезі. Ол заманда қазақтың игі жақсылары елдің шекарасын сақтап қалуды көздеді. 1723 жылы қалмақтар Жетісуды жаулауды қарқынды жүргізген тұстағы Әлмерек бабамыздың ерлігін паш еткен көрініс де жанды шықты.
Албандарды қорғау жұмыстарының бәрін Әлмерек бабаның ұйымдастыруына тура келді. Осы кезеңнен бастап албандар мекендейтін Жетісу аймағы ұзақ уақыт бойы қалмақтардың қол астында қалып, оларға қарсы шын мәнінде партизандық соғыстар жүргізуге мәжбүр болды. Осы соғыстардың басы-қасында Әлмерек баба болды. Осындай мәліметтерге қанық еткен қойылымда наркескенге түсінік берілді. Наркескен – қылыштың бір түрі. Асыл металдан екі жүзді етіп жасалатын қару екендігін жиналғандардың есіне салды.
Мемлекеттік Гимн орындалып, алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Шухрат Нурахуновқа берілді. Әскери-патриоттық тәрбие бастауы болатын бүгінгі шараның жас ұрпаққа берері көп екендігін айта келе, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімді жас буынның бойына титімдейінен сіңіру үшін осындай шаралардың көптеп өтуі керек. Бүгін 224 бала «Жас сарбаз» қатарына алынып, ант береді, осы айтулы күндерімен құттықтаймын деп ақжарма тілегін білдірді. «Қарулы Күштер ардагерлері» қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов сахна төріне көтеріліп, Отаншылдық патриотизм – бұл елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отанының мүддесін ойлауы, өз елінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан етуі, өз Отанының бостандығы мен Тәуелсіздігін қорғауы, ата-бабалардың салған тарихына құрметпен қарауы, өз өмірін туған елінің гүлденуіне арнауы деп жалынды сөздерін айтып, атақты ақын Роберт Рождественскийдің «Реквием» поэмасынан үзінді оқыды. Ардагер офицердің оқыған өлеңінің өзі жүрекке жетті, патриотизм деген түсінік түпкі сезімнің қылдарын қозғады.
Алматы облыстық білім бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева бүгінгі республикалық деңгейдегі шараның өте жоғары сатыда өтіп жатқандығын айтып, оған мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді. Облыс әкімі Марат Елеусізұлының құттықтауын жеткізді. Белсенділерге өзінің «Алғыс хатын» табыстады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Шахимардан Нурумов ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда өмір сүреді, мектептеріміз, театрымыз, ғылыми институтымыз бар, жалғыз Отанымыз Қазақстанның гүлденуі үшін осындай жас сарбаздар шекара шебін қорғап, тәуелсіздігімізді сақтауы міндетті деп ағынан жарылды. Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев балалар мен жасөспірімдердің бүгінгі ант қабылдау күндеріне құтты болсын айтып, егемен еліміздің болашағына жауапты болатын олардың ұлтжанды, намысшыл, рухты болып өсулеріне ағалық тілегін жеткізді.
Мәдениет үйінің екі қанаты, сахна төрі әскери үлгідегі жасөспірімдерге толды. Патриоттық әннің ырғағында олар сап түзеді. Ант қабылдау мәтінін оқыған Қуаныштың сөзінің соңында 224 бала бір леппен ант етемін деген сөзді тап-тұйнақтай етіп қайталады. Келген қонақтар мен ауданның ардақты тұлғалары балаларға куәліктерін табыс етті. Керемет әсерлі сәт болды. Балалардың «Мен қазақпын» деп шырқаған әндері, ұлттық билері кеш көрігін қыздыра түсті. Гимнің баламасы ретінде қабылданып жүрген «Атамекен» әні шараның нүктесін қойды.
Баян МАМЫРБАЕВА