Басты бет Өңір тынысы Біздің өлкенің байлығы

Біздің өлкенің байлығы

0
335

Адам – қоршаған ортамен бірге өсіп, біте қайнасып келеді. Қазіргі күні айналадағы ортаны қорғау мен табиғат байлықтарын тиімді пайдалану күрделі мәселелердің бірі екені сөзсіз. Біздің дәулетіміз де бүгініміз бен болашағымыз да туған өлке табиғаты болып табылады. Ал сол байлықты қорғап, қорын молайту бағытында еңбек етіп келе жатқан Шарын МҰТП-п мекемесіне бүгінде 19 жыл толып отыр.  Уақыттың ұлы көшінде мекеме еселі еңбектің жемісті жетістігін көріп келеді. Бүгін осы айтулы күнде аталмыш мекеменің директорының туризм және ғылым саласы бойынша орынбасары Нысанбаева Гүлмира Нұрәліқызымен сұхбаттасудың сәті бұйырған екен. Ашық әңгіме алаңын құрып, осындай табиғи байлығы бар аудан жұртшылығына қызықты әрі тың дүниелер ұсынамыз деген үміттеміз.

Алғашқы қойылар сұрақ, 19 жасқа толып отырған табиғат сақшысы Шарын ұлттық паркінің ел үшін маңызы қандай және халықаралық дәрежедегі мәртебесіне тоқталып өтсеңіз.

– Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрыла салған күннен бастап оның ең басты миссиясы табиғаттың қайталанбас туындыларына қамқор болу, туған жердің табиғи байлығының қаз қалпында сақталып, келер ұрпаққа аманаттау болатын. Осы басты мақсаттарымен ақ бұл мекеме еліміз үшін маңызды. Ал оның халықаралық деңгейдегі жетістігі деп айтсақ та болады ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» Халықаралық Координациялық Кеңесінің  25 шілде 2018 жылғы 30-ы сессиясының шешімімен Халықаралық биосфералық резерваттар желісіне  «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Республикалық мемлекеттік мекемесі енді. Әлемдік деңгейдегі осындай ұйымның  мәртебесі Қазақстан үшін өте маңызды.  Өйткені біздің табиғи аумақтардың құндылығы халықаралық маңызға ие болып, қарқынды даму моделіне айналуға мүмкіндік алады.

Өзіңіз айтпақшы табиғи парктің ең басты мақсаты табиғаттың жанашыры, қорғаны болу және оның еркіндігіне, дамуына мүмкіндік жасау болғандықтан табиғи кешендерін қорғау және молайту бойынша қандай шаралар атқарылып келеді?

– Жалпы парк аумағы 20 айналымға бөлінген, айналымның орташа аумағы – 6352 га. Жалпы парк аумағын 36 мемлекеттік инспектор қорғайды. 2014-2018 жылдар ішінде  7 қызметтік үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда барлық нысандары жаңаланып, инспекторлардың тұрақты өз міндетін мінсіз атқаруға жағдай жасалынды деп толық айтуға болады.

2014 жылы жаз айларында су тапшылығы салдарынан ҚР қызыл кітабына енген Қарақұйрықтар парк аумағынан тыс жерлерге ауып кетеді. Осыған байланысты Темірлік аймағына бұрынғы ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылған тозығы жеткен құбырларды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, 3 шақырым жерге су тартылып, жабайы жануарларға суаттар жасалды. Осы жұмыстар 2017 жылы қайта жалғасын тауып Кеңсай учаскесіндегі №12, 13 айналымдарға суаттар орнату мақсатында ұзындығы 3 км.  су құбыры тартылды. 2022 жылы БҰҰДБ қолдауымен жануарлар дүниесін суаттармен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын жерге пластик құбырлар сатып алынып, орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда суаттар сумен толық қамтамасыз етіліп өз нәтижесін беруде.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тәртібін қадағалау және сұғанақтыққа  қарсы күресті күшейту мақсатында рейдтер жиі ұйымдастырылса да қазіргі браконерьлер жүрдек автокөліктер және соңғы үлгідегі қарумен қаруланғандар. Мемлекеттік инспектор өзінің құзіреті шегінде заңнамамен белгіленген тәртіппен өзіне бекітіліп берілген айналымда заң бұзушылықты болдырмау, табиғи ресурстарды, су, жер, орман, аң-құс, қоршаған ортаға зиян келтіретін заң бұзушылықтар мен әрекеттерден қорғауға міндеттелген. Аталған мәселеге байланысты 2020 жылы қосымша инспекторлық құрамды жабдықтау мақсатында арнайы киім-кешекпен толық қамтылып 4 автокөлік берілді.

Парк құрылған жылдан бастап жалпы 8 қылмыстық іс ашылып, оның үшеуі сотқа өткізілген. 2016 жылы Темірлік аумағында 6 бас қарақұйрықпен заңсыз аң аулаушылар ұсталып 6 млн-ға жуық айыппұл салынып, өндіріліп алынды. Сондай-ақ, 2019 жылы ҚР Қызыл кітабына енген қарақұйрық жануарын қаскерлікпен аулаған азамат ұсталып, 9 млн. теңге айыппұл салынып, толық өндіріліп алынды.

Біздің өлкенің ең қасиетті орындарының бірі Шарын шатқалының атауын арқалаған ұлттық табиғи парк табиғат ананың бірден-бір қорғаушысы болып қана қоймай оның сұлулығын әлемге паш ету үшін туризм саласын да қоса дамытуға тер төгіп келе жатқандығы жалпақ жұртқа аян. Осы орайда Туризм саласы бойынша қандай жетістіктер мен жұмыстар бар?

– Туризм саласы да осы мекеменің күнделікті тыныстап жүрген ауасы секілді. Мекеме жанындағы 40 орындық қонақ үй келушілерге толық қызмет атқаруда. Құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қазіргі таңда демалушыларға толық жағдай жасауға мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар бақылаушы инспекторлардың туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында,   бақылау өткізу пунктіне қосымша бөлмелер жалғап  ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Шарын шатқалынан Алматы-Кеген тасжолына дейін 10 шақырым, Шонжы – Алматы тасжолына дейін  22 шақырым жол, табиғат құбылыстарының және техногендік факторлар әсерінен  бүлінгендіктен, туристік маусым ашыларда тегістеу (грейдер жүргізу)  жұмыстары жүргізіліп келген. 2018 жылы 10 шақырымға тас жол төселіп туризмнің дамуына айтарлықтай үлесін қосуда.

2021 жылы Инфрақұрылымды дамытудың Бас жоспарына түзетулер енгізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 қарашадағы № 1063 қаулысына сәйкес жер телімдерін беруге тендер өткізілді. «2021 жылғы 04 наурызда №1 лот бойынша жалғыз қатысушы және тендердің жеңімпазы болып «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі танылып, келісімшарт жасалынып, әділет басқармасынан тіркеуден өтті. Келісімшарт негізінде туристерге қызмет көрсетуге арналған обектілер салынатын болады. Атап айтқанда екі визит-орталығы, қонақ үй, мейрамхана, тамақтану пунктері, глампинг, кемпинг, қазақ ауылы, балалар алаңы, автокеруен, жатақхана тағы басқа да демалушыларға арналған жалпы 13 нысан бой көтеретін болады.  Сонымен қатар Шарын өзені арқылы өтетін көпір және жылжымалы тамақтану орны сияқты нысандарды салу жоспарлануда. Инфрақұрылым нысандарын салуды қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалаудың  қоғамдық тыңдау отырыстың оң нәтижелерінен кейін аталған құрылыс жұмыстарын басталды. Қазіргі таңда визит – орталығының қаңқасы құралып, глэмпингтер орнатылды.

Құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын коммуникацияны жүргізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты «Шарын шатқалы қамалдар мен аңғары» туристік маршрутына электр желілері жүргізілді және инвестор мен ұлттық парк арасында келісім шартқа қол қойылды.

2022 жылы парк аумағына шет елден келген демалушылар саны — 1653 адамды құрады.

Парк құрылған жылдары 3 туристік бағыт демалушыларға қызмет көрсетіп келсе, Шарын шатқалына түсетін антропогенді салмақты жеңілдету үшін, инфрақұрылымдық дамудың бас жоспары бойынша атқарылған жұмыстарды есепке алып,  2017 жылы Темірлік-Кіші шатқалы бағыттары іске қосылды.

Шарын ұлттық паркінің аумағында біз қызғыштай қорғауға тиіс ерен тоғайы орналасқан. Оның миллион жылдық ғұмыры бар екендігін жергілікті жұрт жақсы біледі. Осы орманның жалпы жай-күйі қалай?

– Орман қоры жер шары бойынша жылдан жылға азая түсуде. Республикада ормандар аз және олардың жағдайы мәз емес. Оның негiзгi себептерi – адам факторы, өрт, ауа райының өзгеруi мен айнала қоршаған ортаның ластануы.

2019 жыл басында орман өртін сөндіру станциясына тұрақты 8 адам жұмысқа қабылданды.

Көгалдандыру және көшеттермен қамтамасыз ету үшін парк тұқымбағында 3 га.  жерге декоративтік ағаш-бұталы өсімдіктер өсірілуде. Ұлттық парк өзінің жұмысын бастаған күннен бастап аудандық әкімшілікпен, аудандық білім бөлімімен, мекемелермен, мектептермен, аудандық мәдениет бөлімімен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлікте жұмыс жасайды.  Жыл сайын табиғат қорғауға арналған «Парктер шеруі» Халықаралық табиғатты қорғау  акциясы өткізіліп тұрады. Жылдан-жылға акцияға қатысушылар саны артуда.

Лауазымыңыз аталмыш парк директорының ғылыми және туризм жөніндегі орынбасары екендігіңізді айқындап тұр. Мекемеде ғылыми жұмыстардың барысы қалай жүргізіліп келеді?

– Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың заңнамасына сәйкес, ұлттық табиғи парктерде тек қана табиғатты қорғау ғана емес, ғылыми жұмыстар және оны ұйымдастыру негізгі міндетінің бірі. Ғылыми – зерттеу жұмыстарының кешенді тақырыптық жоспары орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бекітілген, ғылыми жұмыстың бағдарламасы жоспарға сәйкес жасалады.

Жалпы парк құрылған жылдан бастап 11 тақырып алынса оның 4-і аяқталды.

2013 жылы «Труды Чарынского государственного национального природного парка» жануарлар дүниесінің қазіргі жағдайын зерттеудегі ғылыми нәтижелер келтірілген 1-ші ғылыми жинақ-кітап жарық көрді. Бұл еңбекте жарияланған ғылыми мақалаларда омыртқалы және омыртқасыз жануарлардың, су жәндіктерінің әртүрлі паразитарлық ауруларға қатысты нақты деректер келтірілген. Атап айтқанда Ерен тоғайында кездесетін құстардың 246 түрінің тізімі мен сандық құрамдары және толық биологиялық-экологиялық сипаттамалары берілген. Сонымен қатар, 2019 жылы С.Сейфуллин атындағы ҚазҰАУ мен Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарымен бірлесіп «Современное состояние рекреационного потенциала природной среды Чарынского ГНПП» атты монографиясы жарық көрді. Бұл кітап ЖОО студенттеріне және табиғат қорғау саласындағы қызметкерлерге жұмыс барысында қолданылатын еңбек болып табылады.

Өз өлкеміздің жаратқан сыйға тартқан сұлулығын, төрткүл әлемді таңдай қақтырған табиғат ескерткіштеріміздің қадір-қасиеті мен шегі жоқ бағасын біліп жүру біздің борышымыз болуы тиіс. Осындай мақсатты нысанаға алып нәтижелі еңбек етіп келе жатқан Шарын ұлттық паркінің 19 жылдық ғұмыры ұзағынан болғай. Қасиетті Қарадаланың төсіндегі әйгілі Шарын деген аты бар табиғи байлығымыздың қандай қорғаныш пен қамқорлықта екендігін, осы жолда қандай жұмыстардың басы қайырылып жатқандығын елге жеткізіп, сұхбат барысындағы сауалдарға нақты әрі толыққанды жауап бергеніңіз үшін алғысымды айтамын! Алақанына салған табиғат ана, бізді қоршаған ортаны көзіміздің ағы мен қарасындай бағалай жүрейік!

 Сұхбаттасқан Толғанай Қайратқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа мектеп ашылды

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушы…