Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы көптеген жаңашыл бастамаларға жол ашты. Жаңа Қазақстан құрамыз деген ниетімізге дем беріп, ертеңгі күнге деген сенімді арттырды. Сол Жолдаудың үшінші бағдарында Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды, – деген еді мемлекет басшысы.
Дені сау ұлттың болашағы жарқын болатыны ақиқат. Денсаулық сақтау саласында біраз реформалар жүргізілді. Оның нәтижесі өзіміздің аудандық ауруханада да байқалуда. Жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешіле салмайтыны да белгілі. Айналып келгенде жаңалық та, жаңашылдық та қаржыға келіп тіреледі. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек, – деген Президентіміздің тапсырмасын жүзеге асыруға бәріміз күш салып келеміз. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Сондықтан өзіміздегі жаңалықтармен мақтана аламыз. Біздің аудандық ауруханаға заманауи компьютерлік томография аппараты әкелінді. Бағасы 528 миллиондық бұл құрылымның аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға қосар үлесінің ұшан-теңіз екендігі айтпаса да түсінікті. Оның көмегін алу үшін көрші ауданның адамдары да бізге келулеріне болады. Бұрындары қалаларда жасалатын томографиялық тексерулерге ендігі жерде өзіміздің қолымыздың жетіп отырғандығын мақтанышпен айта аламыз. Тұрғындардың саулығын сақтау жолындағы ең керемет дүние осы болды. Тағы да айта кететін жағымды жаңалықтардың бірі атақтары жер жаратын дәрігерлердің ауданымызға келіп күрделі оталарды жасап, алысқа баруға жағдайлары келмей жатқан, әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы адамдарға айтарлықтай көмек көрсеткендіктері.
Қазіргі таңда 4 модульді кешеннің құрылысы аяқталу алдында. Олар Шошанай, Ұзынтам, Кепебұлақ, Ардолайты ауылдарындағы медициналық пунктер. Үлкен Дихан мен Дардамты ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пунктері де күрделі жөндеуден өтті. Енді Шарын ауылындағы ауылдық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайын. Егер жоспарымыз дұрыс болса, шарындықтарға заманауи аурухана жаңаша келбетте есігін ашпақ.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуы бойынша биылдан бастап ұлттық жоба қолға алынбақшы. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған.Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ екен. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайтын көрінеді. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.
Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Әрине қазір қолбайлау боп тұрғаны – мамандардың жетіспеуі. Бірақ ауданымыздың түлектері соңғы жылдары медицина саласына көптеп баруда. Олар туған жерлеріне оралып, денсаулық күзетінде қызмет етуге дайын екендіктеріне бек сенімдіміз.
Майра БУКЕЕВА,
аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары