Басты бет Иман Тыныштық пен бірлік – басты мақсат

Тыныштық пен бірлік – басты мақсат

0
1,674

Ауданның бас имамы болып тағайындалған Бахтияр Ахметов жаңа лауазымына отырған күннен соң уақыт өткізбей әр ауылдағы имамдардың басын қосып, жиын өткізді. Шонжыдағы №1 мешітіне жиналған имамдарды өзі жақсы таниды, Бахтияр Әбуұлын да олар жақсы таниды. Дегенмен ресми түрде кездесу өткізіп, өзінің мақсатын білдіріп, алдағы уақытқа жоспар жасап, мешіттердің қызметін жақсартуды ойластырған бас имам дөңгелек үстел басына жинаған ауыл имамдарының ашық пікір айтып, ойларын бүкпесіз жеткізуін сұрады.

Бүгінгі таңдағы ауылдардағы ұлтаралық жағдай, әлеуметтік-материалдық ахуалдар, жалпы тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелер сөз болды. Кездесу тізгінін қолына алған Бахтияр Әбуұлы елді мекендердегі мешіттердің жағдайы, оған жиылатын жамағаттың пейіл, ниеті, дәстүрлі дінді насихаттау барысы, ең бастысы ел арасында алауыздықтың туындамауы, тыныштық пен берекенің бұзылмауы жайлы келелі әңгімелер қаузады. Тіршілік пен құлшылық құстың қос қанатындай дүние екен. Ол Құранда да жазылған деп қарапайым мысалмен бастаған әңгімесін әрі қарай сабақтаған бас имам егер осы екі нәрсе бір-бірін толықтырып тұрмаса онда өмір сүрудің шалағай, жартылай болатындығын айтты. Тіршілік пен құлшылықты бірдей алып жүрген адам қанатты құс сияқты, биікке самғап ұшады және діттеген жеріне шаршамай жетеді. Егер тіршіліктің түкке керегі жоқ, бастысы құлшылық деп бір жақты ойлайтын адамның бір қанаты сынып қалған құстай пырылдап аспанға көтеріле алмайтынын да дәлелді дәйектермен жеткізді. Ол адамның жұмысы ілгері баспай қалады. Керісінше тіршілігі көбейіп құлшылығы жоқ болса да дәл сондай күйге түседі. Яғни екеуі тең дәрежеде ұсталғанда дүниең түгел. Бас имамның айтқан тағылымды әңгімесі әр жүрекке жетті деп ойлаймын. Біржақты ойлау немесе сыңаржақты шешім қабылдаудың теріс екендігін түсіндірді. Сонан соң сөз алған Тиірмен ауылының имамы Сейфулла, шарындық имам Ермек, Кіші Ақсудан келген Мұратжан, Үлкен Ақсудан Адылжан, Шонжыдағы №3 мешіттен Әділжандар өз ойларын ортаға салды. Өз ауылдарындағы проблемаларымен де бөлісті. Соңғы кезде екі ұлт арасында түсініспеушіліктер, кикілжіңдер орын алып жатқаны жасырын емес. Бұл мәселе де көтерілді.

Бахтиярдың ұстанған қағидасы бәрімізге белгілі, қайтсек еліміздің тәуелсіздігіне сызат түсірмейміз, жат ағымдарға бет бұрған жастарды тура жолға саламыз, – деп шыбын жаны шырылдап жүрген азаматтарымыздың бірі. Тұрғындардың татулығы мен ынтымағы жараса түссе деп жүрген жерінде жылы лебізін, ыстық ілтипатын айтып, насихаттап жүруден еш шаршаған емес. Жүздесуде қаузалған нәрселердің бірі Мәулітті аудан деңгейінде, ұстаздарды қатыстыра отырып өткізу. Оны да барлығы қолдады. Әр ауылдан шақырылатын қонақтары мен бағдарламалары да алдын ала жасалды. Имамдарға жандары көркем, жүректері жылулыққа толы жандар деп қарап, оларға деген сенімнің артуы үшін әр тұрғынмен сөйлесіп, олардың жандарына нұр себетіндей деңгейге жетуге тілектестігін білдірді. Жамағат пен мешіттердің атқаратын шаруаларын да тізбеледі. Ұлтарасындағы араздықтың неден, қайдан туындап жатқандығына мән беріп, оны болдырмау жолдарын ұсынды. Басшыға мойынсұну дегенді де қаперде ұстау керектігін түсіндірді. Тазалық жайы да, тәртіп мәселесі де көтерілді. Облыстан төрт теолог қонақ ретінде қатысып, олар да дін мәселесіне өте мұқият қарап, жат ағым жетегінде жүрген жастарды қайтадан ортаға қалыптастыру үшін атқарылуға тиісті жұмыстарды саралады. Кездесу емін-еркін ой бөлісіп, пікір алмасу ретінде өтті. Әркім ойларын ортаға салды. Нәтиже шығатындығына бек сенімдіміз.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…