Басты бет Мәдениет және руханият Ұлттығымызды ұлықтаған қаламгер

Ұлттығымызды ұлықтаған қаламгер

0
552

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар ірі тұлғалардың бірі – жазушы, драматург, әдебиет зерттеуші Зейін Шашкин. Ол қысқа ғұмырында әдебиетке тың серпіліс әкелді, ұлттық дәстүрді жаңғыртуға үлес қосты. Қазақтың өмірін, оның салт-дәстүрін, тыныс-тіршілігін шынайы суреттеп, кейіпкерлері арқылы қазақтың толық бейнесін жеткізді. Биыл оның 110 жылдығы. Жазушы Зейін Шашкин 1912 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында Бозшакөл дейтін жерде кедей шаруа отбасында дүниеге келген.  Оның бүкіл балалық шағы осы Қызылтау-Жайма өңірінде өтеді.

1930 жылдан бастап ол Москваның тарих, философия және әдебиет институтында оқиды. Сол кезден бастап әдебиетпен әуестенеді. Алғашқы шығармалары отызыншы жылдары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Әдебиет майданы» журналында жарияланады. Өлеңдері, сын, зерттеу мақалалары, бірлі-жарым әңгімелері жарық көреді. Газет, баспа орындарында қызмет істейді, институтта сабақ береді. Әдебиет теориясы оқулығын даярлауға атсалысады. Бұл кезеңдегі әдеби еңбектерінің ішінде Абай поэзиясының тілі, Абайдың ақындық шеберлігі жөнінде жазған еңбектері жарық көреді. 1938 жылы «халық жауы» деген атпен 10 жылға сотталуына байланысты Зейін Шашкин біраз жылдар әдебиеттен қол үзуге мәжбүр болады. Әрине оның бәрі солақай саясаттың салқыны еді. Жазушының нақақтан нақақ күйіп, жала жабылып, жер аударылуына өзінің жанында жүр­ген адам­дар­дың домалақ арыз­дары да себеп болған екен. Сол бір сұрапыл жылдар туралы қа­лам­гер Мұхамеджан Қаратаев былай дейді: «1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәс­кеуде өткен онкүндігі, Жам­был­­дың шарықтаған ақындық даң­қы, Сәкен Сейфуллин твор­чес­­твосының 20 жылдығы сияқ­­­ты мәдениет ортасын дүр сіл­кін­дір­ген маңызды оқи­­­ғалар болған еді. Бірақ не керек, іле-шала сұ­ра­пыл 1937 жылдың ызғырығы басталып кетті. Бірінен кейін бірі: Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мәжит Дәулетбаев кетті, ақыры Өтебай Тұрманжанов, Сағыр Ка­малов, Құлмұрза Өтепов, Әлібек Қоңыратпаев кете берді, кете берді. Ең соңында Хамза Есен­жанов пен Зейін Шашкин, олардың өкшесін басып мен де кеттім. Сәбит пен Ғабит партиядан шығып «әшкереленді», жұмыстан қуылды. Бұл 1938 жылы. Кеше жұп жазбай жүрген жолдас-жоралар суға кеткендей жым-жылас болдық. Сол кеткеннен хабар-ошарсыз араға 17 жыл салып, Алматыға 1955 жылы оралыппыз». Білімді жандарға қырғидай тиген сол зұлмат жылдар ұлтымызды жоюға бағытталғанын көзі қарақты жанның бәрі біледі. Ол Зейін Шашкиннің де басынан өтті. Әдебиеттен қол үзген соң дәрігерлік кәсіппен шұғылданып, медициналық қызметте тәжірибе алады, 1945 жылы Иркутск медицина институтын бітіреді. Кейіннен, елуінші жылдардың орта шеніне дейін Бурабайдағы «Бармашы» санаторийінде бірнеше жыл бойы дәрігер болады. «Наступило утро», «Таң атты» дейтін атпен 1955 жылы орыс тілінде жарық көрген тұңғыш повесін осында, дәрігер бола жүріп жазған. Шығармашылық адамы жазушылықты тастай алмайтыны белгілі, оның үстіне екі тілде бірдей жаза алатын қабілеті тағы бар. Осыдан кейін Зейін Шашкин Алматыға ауысып, жазушылық қызметпен біржола айналысады. Алғашқы повесін өңдеп, «Ұядан ұшқанда» деп ат қойып, 1957 жылы қазақ тілінде бастырып шығарған. Бұдан кейін қалың жұртшылыққа әйгілі «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» романдарын, «Темірқазық» атты повесі мен әңгімелерін, пьесалар мен сценарийлер, очерктер мен мақалалар жазады.

Зейін Шашкин өз шығармаларында дәрігерлер өмірін жан-жақты тереңдеп, зор білгірлікпен, шеберлікпен сипаттайды. «Доктор Дарханов» романында ғана емес, басқа да үлкенді-кішілі шығармаларында, повестері мен әңгімелерінде, пьесаларында, мақалаларында дәрігерлік өміріне жиі қайырылады. Өмірінің едәуір мерзімін медициналық тәжірибеге жұмсағандықтан бұлай жазуы заңдылық та. Жай емес, өте білімді, қолы да, жаны да шипалы дәрігер атанады.

Зейін Шашкин шығармашылық кемеліне келген шағында, 1966 жылы 29 наурызда 54 жасында ауыр науқастан қайтыс болады. Ол қазақ әдебиетін дамытудағы жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Модернизм бағытын қазақ әдебиетіне енгізе білген жазушылардың бірі дәл осы Зейін Шашкин болды. Оның «Ақтұяқ» әңгімесі ұлттық жүйе мен басты қаһарманның ішкі ой-толғанысын психологиялық тебіреністер арқылы бере білген, модернизм бағытында жазылған шығарма. Бүркітші болғысы келген Дәулеттің арманы трагедиямен аяқталады. Шала-жансар өлім алдында жатқандағы ішкі ойлары өткенді еске түсіру арқылы баяндалады. Десек те, Шашкин әңгімелерінің басты құндылығы – тоқырауға ұшырай бастаған социалистік реализмнен бөлініп, оқырманын ойландырған өзектілігінде еді. Сол арқылы қоғамда қозғалыс тудырды. Жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарды іздеуге бастама көтерді. Зейін Шашкиннің шығармалары негізінен әңгіме мен новеллаларға құрылған. Бұл адамның басынан кешкен оқиғаны суреттеуге ең ыңғайлы үлгі еді. Бірер кейіпкердің ғана оқиғасын баяндап, сол кейіпкердің ғана ішкі толғанысын суреттейді. Зейін Шашкин де заман мен дәуір, қоғам мен адам және замандастары жайлы көзқарасын осындау әдеби шағын, оңтайлы жанр арқылы білдіріп отырды. Жазушы шығармаларының бір ерекшелігі көп сөздіктен аулақ. Ол кейбір жазушылардай жоқты-барды сағыздай созып шұбатылып оқушысын мезі етпейді. «Ақтұяқ» әңгімесінде қазақ халқының қанына сіңген қасиеті мен оның шығарманың басты кейіпкері Дәулет қарттың бойындағы көрінісі сипатталады. Қазақтың болмысында бар қарапайымдылық, көшпелі өміріне тән еңбекқорлығы, өмірге налымау, абыройын сақтау сынды қасиеттерінен бөлек, мал бағу, құсты қолға үйрету, аңшылық құру сынды қолданбалы мәдениетіне тән белгілері де баяндалады. Өйткені осынау шағын әңгімеде қазақтың ұмытылып бара жатқан дәстүрлері қартайып бара жатқан Дәулет шопанның өмір тіршілігі арқылы оқырманға жеткізіледі. Яғни шығармада қазақтың киіз үйі, бүркіт асырап, аңға салу сынды сан ғасырлық мәдениетінің ұмытылып бара жатқаны баяндалады. Бала күнінен бүркітші болғысы келген Дәулеттің арманы қартайғанда трагедиямен аяқталып тынды. Сол арқылы қоғамда қозғалыс тудыруға тырысты. Жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарды іздеуге бастама көтерді. Дәулеттің шала-жансар өлім алдында жатқандағы ішкі ойлары осы дәстүрді сақтап қалуға деген психологиялық арпалысы еді. Мәселен Дәулет қарияның бейнесінен кез келген ауылдың шау тартқан, қырсық қариясын көруге болады. Тағдырдың қиындығы мен теперішін көрген қарттың бастан кешкендерін кез келген сол дәуірдегі қазақ қариясы көрді десек болады. «Өмір – Дәулетті маңдайынан сипап, не мейірім білдірген, не арқасынан қағып еркелеткен жоқ-ты. Ежелден қабақ түйген қаталдыққа көнген басы күтпеген жерден өмір шоқпары салып өткенде Дәулет ыңқ етпей тістене томсырайып, үнсіз жүре беретін, не құдайға, не адамға тілін тигізіп, шағым жасаған пенде емес. Ішкі күйіктің зарлы шерін жападан-жалғыз өзі ғана тарқата білетін-ді. Қой ішінде ғана қайғы-қасіреттің уыты бәсеңдеп, көңілін аулап, жанына бір тыныштық табатын» деп сипаттайды жазушы қазақ қариясының тағдыры мен тіршілігін. Яғни қоңыр тіршілікке үйренген халық талас-тартысқа түсіп, ешнәрсені дәлелдеуге тырыспайды, өз құқығын қорғауға ұмтылмайды. Тыныш қана өмір сүріп, тыныш қана жүргенді ұнатады. Дәулет те – сырын ешкімге ашпайтын, кеңестік идеологияның сойылын соғушы бастықтардан бір шырпы да сұрап көрмеген қарапайым адам. Оның рахаты мен ләззаты біреу ғана, ол – мал бағу, қойды қотаннан өргізіп, тау мен жазыққа шығып, құстардың дыбысын есту. «Ақтұяқ» әңгімесі – шағын ғана, оқиға да, кейіпкерлері де аз, шиеленіскен сәті жоқ шығарма. Өмірі мен тағдырына кейістік танытып көрмеген Дәулет қарияның Ақтұяқ бүркітке деген құштарлығы – оның өмірге деген құлшынысын да оята алды. Жазушының «Ақтұяқ» әңгімесін орыс тіліне аударған А.Брагина болса, ағылшын тіліне аударған – А.Исмағұлова. Әңгіме орыс тіліне 1968 жылы аударылса, ағылшын тіліне 2015 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің гранты аясында жасалған. Дәулет қарияның құс баптауға деген арманы арқылы жазушы қазақ халқының салт-дәстүрге деген, ата-баба өнеріне деген құлшынысын, ұмытылып бара жатқан көне салтты жаңғыртуға деген халықтың ұмтылысы екенін жанамалап жеткізе білді. Шығармада халықтың салт-дәстүрі мен тарихы жатқандықтан, ұлттың ойлау жүйесі мен дүниетаным ерекшеліктері де суреттелген.

Зейін Шашкиннің қазақ әдебиетіндегі ұлттық дәстүрді дамытудағы жаңашылдығын сөз еткенде, алдымен оның әдебиеттегі жаңа жанрдың туып, қалыптасуының бастауында, үйрене жүріп, сол дәстүрді қазақ прозасының драматургиясының, әдеби сын, очерк, публицистика саласына да, әдебиеттану ғылымының өсіп-дамуына мол еңбек сіңіріп және сонымен қатар дәрігерлік қызметті де абыроймен атқарғандығы оның табиғи таланты мен адами биіктігін танытса керек.

Классик жазушы Мұхтар Әуезов Зейіннің шығармаларын «Зейін Шашкин оқиға құруға шебер, бос лағуы жоқ, тап-тұйнақтай етіп жазады» деп жоғары бағалаған. Енді бірде Мұхтар Әуезов Зейіндей қаламдас інісінің жетістіктерін «жәй, сәл ғана бір ұнамды емес, бүгінгі жоғымыздың бірін ала келе жатқан елеулі, салмақты таныс-ау деп ұнаттым» деп түсіндіреді.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов қаламгерге өте жоғары бағасын берген. Өткенімізді бағалау, тарихымызды түгендеу бүгінгі ұрпаққа аманат десек, Зейін Шашкиндей тағдырлы тұлғаның өмірін білу, шығармаларын оқу, әңгімелерінен тағылым алу парыз дер едік. Әңгімелерінің көлемі өте шағын, түсінікті, қарапайым, оқуға кеңес береміз.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…