Өнерім-өмірім

0
1,451

Республикалық ардагерлер ұйымының 35 жылдығы аясында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде тамаша концерт болды. Концерт деуге бола қоймас әр ауылдан бастары қосылған қариялардың шығармашылық фестивалі. Сахнада себеттерге толы алма, жүзім жинаған бір топ жас, сарыала жапырақтар, оның ішінде үлкендер де жүр. Күздің берекелі сәтінен қойылым басталып кетті.

Мамытхан Құдайбергенов бастаған бір көшенің тұрғындары «Кеусен» мен «Көгентүп» салтына орайластырылған мерекеге барлық көршілерді шақырды. Кетпентаудың тау тұлғалы ақыны Қалибай Шәйімбекұлы  берекелі мезгіл туралы жыр шумақтарын төгілдірді. Сахнаға ұлттық киім киген қазақ пен ұйғырдың аталары мен апалары, әрі-бері масаттанып жүгіріскен балалар бір тойдың болатынынан хабар берді. Мамытхан Әбенұлы «Кеусен» салтының мәнін түсіндірді. Бұл бұрынғыдан келе жатқан дәстүр. Мәселен, мал баққан қауым төл төгіні жақсы болса, көгентүп береді ғой. Бұл да солай, егін еккен жұрт мол өнім алса, ауылдағы тілектес ағайынға ырыздық дәмін татырады. Оның ар жағында бірлікпен келетін береке, қоғамдасқан қайырымдылық тәрізді ізгі ниет жатады. Түптеп келгенде, осылай бөлісу, сыйлап, ізет көрсету ұлтымыздың бойындағы жомарттықты аңғар­тады. Сахналық қойылым дәл осыны ұқтырды. Келгендерге себет толы алмалар мен жеміс-жидектер таратылды. Түскен табысты көппен бөлісу, жетім-жесірге қол ұшын беру мақсатымен өткізілетін «Кеусен» қазақтың жомарттығын, қонақжайлылығын, аңқылдаған ақжарқын мінезін танытатын жақсы дәстүрлеріміздің бірі. Алма мен жүзімнен ауыз тиген ұйғыр ағайындар жүгері мен бидайдан сарқыт ала келіпті.

Сонан соң «Көгентүп» салты туралы айтқан Мамытхан Әбенұлы сәбиді, кішкентай баланы көтеріп жақын ағайын-туыстың, құда-жекжаттың үйіне барғанда көңіл жетер жақын адамдары «бірінші рет үйге келді» деп «көгентүп» беретін болған. «Көгентүп» дегеніміз – балаға берілетін қозы-лақ, бұзау немесе құлын. «Көген» деп төлдің мойнына байлайтын жіпті айтады, яғни «көгентүп» – балаға «көгеннің түбі болсын», «алғашқы малы болсын» деген ниетпен берілетін малдың төлі. Мұның өзі келген жақтың қозы-лағының жоқтығынан емес, баланың бірінші рет қонаққа келгенін ескеру, оның алғашқы қадамына «өмірі берекелі болсын», «малды болып жүрсін» деп ниет білдіру. Бір жағынан, ағайын-туыс арасындағы татулық пен сыйластықты одан әрі қоюлата түсу, татулықты бекіту. Баласын елеп жатқанды кім жек көрсін?! «Сыйласаң, баланы сыйла, берсең, балаға бер» дейді, өйткені бала – періште. Бала шынайы қуанады. Бала арқылы бір-бірінің көңілін сыйлау жатыр мұның астарында. Қазақ көңілге көп қарайды. «Көңілі қалмасын», «көңілін қалдырма» деп жатамыз. «Бір атым насыбайдан көңілі қалды» деген де жайдан-жай айтылмайды. Көңіл жақсы жерде арақатынас та бүтін болады. Қазақтың бірлігі көңіл сыйлай білуде жатыр. Көгентүптің түп мақсатын білдірген ақсақал айналасында жүрген көрші-қолаңның балаларына маңыратып қозы мен лақ сыйлады, тіпті құлынның да бар екендігін жекізді. Қозы-лақ алған балалар сахнаны думанға айналдырып жіберді. Шынында тірі қозы мен әдемі лақтар қойылымның көркін кіргізе түсті.

Мал шаруашылығында ұзақ жыл тер төккен атасының өнерден құралақан еместігін айтқан Қалибай 85 жастағы қарияға домбыра ұсынды. Қалжаттық Әлімғожа Бақсанбаев соңғы кезде сирек айтылып жүрген Әбілахат Еспаевтың «Маржан қызын» тамылжыта орындағанда көрермендерді рухтандырып, залды керемет күйге бөледі. Атаның әнін жалғастырған кетпендік Қ.Шәйімбекұлы Сәдіғожаның «Сарыбидайын» құйқылжыта орындап тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Ниязбүви Дуганова апайымыз басына шыныларды қойып биге түскенде шыны керек таңдандық әрі тамсандық. Қазақ пен ұйғырдың достығын, олардың көршілік қарым-қатынасын паш еткен көрініс әдеттегі жаттанды болған бағдарламалардың қалыбынан шығып, ерекше күйге бөлегендігін айтпасқа болмас. Бәрі шынайы, тіпті қобалжығаннан дауыстары дұрыс тонға түспей тұрғанының өзі жарасымды көрінді. Ұйғырдың ерлері ғана билейтін биді зейнеткер Қасым ағамыздың жас жігіттей орындап шығуы көңіл қуантты. Сахналық киімдері де, жүріс-тұрыстары да бейбіт өмірдің татулығы жарасқан бақытты тұрғындарының жайма-шуақ өмірін шынайы бейнеледі. Ұйғыр ұлтының биі де, қазақтың әні де тойдың көрігін қыздыра түсті.

Ең әсерлі сәт апаларымыздың жатқа оқыған өлеңдері болды. Ақтам ауылынан келген Анар Молдабаева Мұқағалидың «Туған жерге» өлеңін мәнеріне келтіре жатқа оқығанда өлеңнің бүкіл ойы мен мазмұны өзгеше күйге енді. Шынымен туған жердің тәттілігін басқа реңкте сезіндіргендей әсер берді. Кетпен ауылынан келген Хепизәм Амарова Илья Бахтияның «Құл базарын» диалогқа құрып жатқа оқығанда арқа жонымызға дейін шымырлап, құлдықтың қаншалықты азапты қасірет екендігін шынайы сезініп, тұрмыс тауқыметінің ауырлығын басымыздан өткергендей күй кештік. Бір сөзінен жаңылмай, образға еніп, құл базарын аралатқандай болды. Сүмбеден келген Дәнегүл Садирова Қуандық Шаңғытбаевтың «Қазақстан» өлеңін патриоттық рухпен, аса жоғары жігермен айтып шықты. Шонжылық Клара Рахимберлинова М.Мақатаевтың «Атамекен» өлеңін оқығанда зал сілтідей тынды. Арғы жағымыздағы шатасып қалмас па екен деген ойдың быт-шытын шығарып, Мұқаңның туған жерін ойша аралатып, жайлаудың көк майса шөбіне аунатып қайтарды. Фестивальдің ең үлкен жеңісі де осы сәт болғандай. Жастары жетпістен асып, сексенге таянған шақтарында көрерменнің алдында жыр шумақтарын төкпелеген әжелерге мың тағзым жасау керек шығар. Жаңадан құрылған «Достық» ансамблінің орындауындағы әр ұлттың әндерінен құрылған попурри де, көңіл көтерін Заттыбектің «Ақмаржаны» да фестивальдің ажарын аша түсті. Ардагерлер ұйымының 35 жылдығына арналған бұл шара жұмыстан шаршап, күйбең тіршіліктен қамығып жүрген көңілімізді аспандатып-ақ тастады.

Құттықтау сөзге шыққан аудан әкімі Шухрат Нурахунов өзінің ақжарма тілегін жылы сөздерімен төкпеледі. Алдағы үлкен науқан Президенттік сайлауға бір кісідей қатысуға шақырып, ақсақалдарға, ақ жаулықты әжелерге алғысын білдірді ең алдымен. Қарияларымыздың салып берген сара жолымен келе жатқан өскелең буынның бақытты екендігін жеткізді. Бүгінгі концерт ақсақалдардың таланты мен қарым, қабілеттерін ашты, бізге үлгі боларлықтай дүниелермен тамсандырды, – деп, біраз адамдарға өзінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын ұсынды. Шарын ауылдық округінен Ерболат Сәрсековтың жасаған көрмесі алғысқа, заттай сыйлыққа лайықты деп танылды. Бахар, Дардамты, Қалжат, Кіші Дихан, Ават, Тиірмен, Тасқарасу ауылдарынан ән айтудан, биден, көркемсөз оқудан озық шыққандар да осындай марапатқа ие болысты. Аудандық ардагерлер атынан Мамытхан Құдайбергенов пен Рая Сартолова, көркемсөз оқудан Анар Молдабаева, Хипизям Амарова, Дәнегүл Садирова, Клара Рахимберлиновалар әкімнің сыйлығын алды.

Ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов сахна төріне көтеріліп ыстық ықыласын жеткізді. Ардагерлердің мерейлі күніне арналған фестивальдің жақсы өткендігін, талантты қариялардың көптігін мақтан етіп, жиылған қауымды айтулы күндерімен құттықтады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбіләкім Есуянов шараның өтуіне қолғабыс еткен жандарға рақметін айтып, «Өнерім-өмірім» фестивалінің жеңімпаздарын атады. Үшінші орын иеленген Үлкен Ақсу мен Кетпен ауылдық округінің әкімдеріне ақшалай сыйлығы мен аудан әкімінің «Құрмет грамотасын» табыс етті. Екінші орынды сүмбеліктер иеленді, бірінші орынды Ақтам ауылдық округі алса, бас жүлде Шонжы ауылдық округінің еншісіне тиді. Жеңімпаздар дуылдасып, қауқылдасып, бірін-бірі құттықтасып, мәре-сәре болысты. Шараның нүктесін Үлкен Ақсу округінен келген Тохтахун Қадыров пен ақтамдық қария Абдурсул Сасиковтардың орындауындағы және хордың сүйемелдеуімен «Атамекен» әні қойды. Жиналған қауым орындарынан тұрып бірге шырқап фестиваль мәресіне жетті.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…