Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Бекинов Нұрсұлтан Берікұлы жұмыс сапарымен қасиетті Қарадала өңіріне табан тіреп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өткізді.
Жиынға аудан жұртшылығынан бөлек, мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ қоғамдық кеңестің өкілдері және аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев қатысып, төрағалық етті. Бұл жиынның басты міндеті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмылып жұмыстар атқару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құралдары бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы заңына сәйкес оқытуға бағыттау болып табылды.
Жиын барысында сөз тізгінін алған Нұрсұлтан Берікұлы бүгінгі күнде Қазақстан аумағының қай жерінде қаражат молынан болса, сол жерлерде сыбайластық белең алып, тамырын тереңге жайып, өзекті мәселеге айланып бара жатқандығын айтып өтті. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жаңа заңнамалар мен реформалалар жүйесін қарастырып жатқандығын да тілге тиек етті. Нұрсұлтан Берікұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің Алматы обылысының жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандығын хабарлады.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Берікұлы аудан кәсіпкерлерімен және шаруа қожалықтарымен олардың проблемалық мәселелерін шешу және бизнес-ахуалды жақсарту бойынша ұсыныстарын талқылап, кездесу өткізетінін де мәлімдеді. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Берікұлы «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау Мемлекет басшысы айқындаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым міндеттерінің бірі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты шарты болып табылады» деп атап өтті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Берікұлы сыбайлас жемқорлықта әр мекеме басшысы қарамағындағы қызметшілер үшін де заң алдында жауап беретіндігін қатаң еске салып, сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып күресуге шақырды.
Санжар КЕЛЕКЕ