Балалар жылына орайластырылып Астана қаласында таеквондодан республикалық чемпионат өтті. Бас қалаға барлық өңірден мыңнан аса жас спортшы жиналды. Ең жасы 7 жаста болса, үлкені 11-де. Спортшылар таңмен таласа дене шынықтырып, өзара жеребе тастады. Жарысқа «Аманат» партиясының «Жастар рухы» қолдау білдіріп, ұйымдастырушылар бүлдіршіндерді спортқа баулуды мақсат тұтқандықтарын айтысты. Жарысқа Қазақстан таеквондо федерациясы мұрындық болды. Балалар жылының аясында өткен шараның үлкен тартуы қанаттары әлі қатая қоймаған бүлдіршіндердің мығым, шымыр болып, ұлтының саламатты азаматтары болып шығулары жолындағы алғашқы баспалдағы десек артық айтқандық бола қоймас.
Біздің ауданның құйтақандай балапандары осы айтулы додаға қатысты. Таеквондодан талай додаларға қатысып, спорттың осы түрін жандарына серік етіп жүргенмен бұл жолғы жарыстың жөні мүлдем бөлек деуге болады. Мыңдаған спортшылардың арасынан топ жарып шығудың өзі неғайбыл. Дей тұрғанмен жүректерінде түктері, жандарында намыстары мен рухтары бар балаларымыз жарады. Мыңдаған үміткердің арасынан жеңіс тұғырына көтерілгендер бар екен дегенді естігенде бөркімізді аспанға аттық. 8 баланы үкілеп апарған аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің таеквондодан жаттықтырушысы Амангелді Балтабаевтың еңбегінің жанғандығына қуаныстық. Диана Даниярқызы жүлделі екінші орынды жеңіп алыпты, Сая Серғалиқызы мен Әмина Мұхаметқали үшінші орынға табан тірепті. Республикалық додада мұндай көрсеткішке қол жеткізу өте үлкен жеңіс деуге болады. Ботақандардың қарсыластарына дес бермей олимпиада түріне жататын спорттың осы түрінің қыр-сырын жақсы меңгергендіктерінің дәлелі. Әрине республиканың түкпір-түкпірінен сен тұр, мен атайын деген мықтылармен иық тірестіріп, топ жару оңай емес. Жеңістерің құтты болсын балапандар! Ақниет Дүйсенбай, Мехригүл Мунаждинова, Арайлым Ердәулет, Арсен Ернстұлы, Көркем Мараттар діттеген межелеріне сәл ғана жете алмай қалғаны өкінішті. Жеңісті күндерің әлі алда дейміз оларға. Топ жарған таеквондошыларымыз еліміздің атын аспандатып, көк туымызды әлі талай дүбірлі додаларда желбірететіндігіне бек сенімдіміз.
Баян МАМЫРБАЕВА