Басты бет Мәдениет және руханият Абай мұрасы – халық ұлағаты

Абай мұрасы – халық ұлағаты

0
1,718

Абай Құнанбаевтың туған күнін биыл ел-жұрты әртүрлі шаралар ұйымдастырып  атап өтіп жатыр. Жақсылықтың нышаны. Абайдың құдіреті күшті қара сөздері мен тамаша жырлары, жүрек тебірентер әндері жұртымен қауышып, ұлы тұлғаның аруағы бір аунап түскен болар. Алдыңғы аптаға аудандық кітапханада өткен Абай күнінің жалғасы іспетті аудандық мәдениет үйінде «Абай мұрасы – халық ұлағаты» деген тақырыпта тағылымды кеш өтті. Абайдың өлеңдерін мектеп оқушылары мәнеріне келтіре оқып, қыздар бақытты балалық шақтың көрінісін көрсетіп, кеш балалардың бал тілімен ашылды.

Сонан соң сахна төріне аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев шығып Абай күнімен жиналғандарды құттықтады. Иә, Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңсеретініміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеріміз айдан анық. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейтіндігін айтып, бір шаңырақ астында татулығымыз жарасып, бірлігіміз бекем болып, сенімімізге селкеу түспей, ұлтаралық достымыз беки түссін деген ақжарма ниетін айтып, жұртына тыныштық тілеп, Абай күнімен тағы бір рет көпшілікті құттықтады.

Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Тиісінше, ол арқылы қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін, өнерін, ұлттық құндылығын өзге жұртқа танытуға болатыны бұлтартпас ақиқат. Оның қара сөздері де, өлеңдері де байлыққа, дүниеқоңыздыққа емес, білімге жетелейтіндігін ұрпақ санасына сынадай қағу аға буынның міндеті десек артық кете қоймаспыз. Абайдың «Домбыраға қол соқпа» әнін «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің дәстүрлі әншісі Айқынбек Айдарбек жүректерге жеткізе орындап шықты. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Абай өлеңдерінен композиция ұсынып, әндерін нақышына келтіре орындаса, Бақытхан Айып А.Құнанбаевтың «Торы жорға» күйін төгілтті. Табиғат лирикасы Абайдың әлемдік озық поэзиядан алған бір үлгісі. Ол табиғатты адам өмірімен тығыз байланыстырып, оның қысы, жазын, жазғытұры мен күзін өлеңге арқау еткенін бәріміз жақсы білеміз. Табиғат жырлары да сахнада әдемі шырқалды. «Желсіз түнде жарық айы» хормен орындалса, «Айттым сәлем Қаламқасын» жанды дауыста әншілер көрермендермен бірге айтты.

Абайдың жырлары бұл күні қазақ, орыс, ұйғыр тілінде тыңдарманының құлақ құрышын қандырды. Бір сәт Абай әлеміне сүңгідік. Абай боп жыр төктік, лирикаға берілдік, қара сөздерінен қанаттандық. Тағылымды кеш діттеген мақсатына жетті. Жиналған қауым қауқылдасып қайтты.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…