Кәсіптің түбі нәсіп екендігі халықтың аузында байырғыдан келе жатқан тәмсіл. Тегіннен тегін айтылмаған тамтығы бар сөз бүгінгі күнде де өте өзекті. Нарықтың өзі ойып тұрып орын алған заманда белгілі бір кәсіппен айналысып, нәпақа тауып, ауқатын түзеу әркімнің болса да арманы. Алайда осы арман мен мақсатқа жету жолында алдыңнан түрлі кедергілер мен қиындықтардың бірінен соң бірі шығатындығы айтпаса да түсінікті. Оның бәрін еңсеріп мақсат еткен ісіңді дөңгелетіп, әп сәтте кәсіпкер болып шыға келу мына қиын-қыстау заманда оңайға соға қоймайды. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайдының» күйін кешіп, алдына қойған мақсатына жете алмай ел азаматтары заман ағымы мен кәсіпкерліктен кенде қалып қалмас үшін мемлекет тарапынан қандай да бір қолдаулардың қажеттігі ескеріліп, бүгінгі күнде өз кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетем дегендерге жан-жақты жеңілдіктер мен түрлі мүмкіндіктер жасалып жатқандығы жалпақ жұртқа аян. Ондай жақсылықтың басы-қасында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлердегі филиалдары тиісті қызметтерін атқарып жүр. Біздің ауданда да аталмыш палатаның бір филиалы халыққа өз қызметін көрсетіп келеді. Аудандық маслихат депутаты Амангелді Муслим бастаған осы мекеменің атқарып отырған азды-көпті нәтижелі жұмыстарымен бүгін аудан жұртшылығын таныстырып, кәсіпкерлік саласындағы түрлі жаңалықтар мен мол мүмкіндіктер турасында хабардар етіп қоюды жөн санадық.
Ең алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының құрылу мақсаты мен негізгі миссиясы қандай деген сұраққа қысқаша жауап беріп өтейік. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Палата өз қызметінде кәсіпкерлік саласының, оның ішінде ішкі және сыртқы сауда салаларын қамтиды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеті – бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға, елде ұлттық, сондай-ақ шетел инвесторларының бизнес жүргізуіне қолайлы жағдайларды дамытуға бағытталған.
Өткен жылы кәсіпті дәл осы ұлттық палатаның қолдаулары арқылы бастауға бет бұрып, 144 аудан тұрғыны «Бизнес бастау» жобасының тыңдаушысы ретінде тіркеліп, оның 122-сі қаржымен қамтылған. Жалпы осы уақытқа дейін 5 жыл ішінде дәл осы бағытта 1082 тұрғын кәсіпті бастаудың қыр-сыры бойынша оқытылып, оның ішінде 511 азаматтың кәсібі 993,8 миллион теңге көлемінде қаржыландырылған. Ал ауыз толтырып айтатын инвестициялық жобалар бойынша аталмыш аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының ықпалымен 2021 жылдың 12 айы бойынша 9 ауқымды инвестжобаға сұраныс жасалған. «Исмаилов М.М» шаруа қожалығы 25 гектар жерге ерекше «Амарант» өсімдігін өсіруге ниет білдірген болса, «Рауан Курманов» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мал шаруашылығы базасын салу мен қойларды қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыру және жем-шөп базасын құру бағыты бойынша тиісті құжаттарын рәсімдеген. «LD Com» ЖШС 200 га болатын отандық ұсақ мал тұқымының 300 басқа арналған кешенін құру және кәсібі дөңгелеген соң мал сою цехының құрылысын бастау бойынша сұраныс берген. Ал «ҚазМалы» ЖШС аудандағы шаруашылық-репродукторды кеңейту, оның ішінде етті бағыттағы жоғары өнімді асыл тұқымды малды көбейту және өсіру жұмыстарын жүргізу бойынша 620 гектар жер көлемінде кәсібін ұлғайтуды қолға алған. «Алтын Дән Шонжы» сервистік дайындау орталығы ЖШС ауданы 561,7 гектар жерге жүгерінің гибридтік тұқымдарын өсіру үшін тұқым өсіру шаруашылығын ұйымдастыруды жүзеге асыруға сұраныс берген. «Қазақбизнес» ЖШС Ұйғыр ауданының туристік аймағында демалыс аймағының құрылысын қолға алу үшін сұранысқа жүгінген болса, «АлалСервис» ЖШС мен «Сем Маркет» ЖШС құрама жем цехын құру үшін дақылдарды өсіру жұмыстарын жүргізуге ниет білдірген екен. Ал «Катада Транс групп» ЖШС түрлендірілген крахмал өндіретін зауыт және жылыжайлар салу үшін құжаттар жинап, кәсібін бастауға тәуекел еткен. Мінеки, осы аталған алпауыт 9 жобаның басым көпшілігі, нақтырақ айтқанда 7 жоба мақұлданып, тиісті құжаттары рәсімделіп, қажетті қолдаулар жасалып, жұмыстарын жүргізуді бастап кеткен. Аталмыш жобалардың әр қайсысы өз алдына ерекше. Әрқайсысының бағыт-бағдары әртүрлі және заманауи, сонымен қатар сұранысқа ие қажеттіліктер мен пайдасы мол өнімдер деп айтуға болады. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының атқарып отырған жұмыстарының жемісі мен нәтижесін осы есептік көрсеткіштен ақ аңғаруға болады. Сонымен қатар 2021 жыл ішінде 206 жеке кәсіпкер ресми түрде тіркеліп, 5 ЖШС құрылып, 306 жаңа жұмыс орындары ашылып, адами капиталдың дамуы алға қарай жылжыған.
Ағымдағы жылдың жартыжылдығы ішінде де аталмыш мекеме айтарлықтай жұмыстар атқарып, кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бойынша оң нәтижелер көрсетіп келе жатқандығы байқалды. Жыл басынан бері осы уақытқа дейін филиал арқылы арнайы конкурсқа қатысу үшін 78 бизнес жоспар әзірлеген. Оның ішінде 61 жоспар жер телімін алу үшін болса, 4 жоба грант алуға әзірленген, ал 13 кәсіпкерлік жоспар арнайы жеңілдетілген несие алу үшін дайындалған. 2022 жылдың басынан бері осы уақытқа дейін 1 әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы құрылып, 42 жеке кәсіпкер тіркеліп, 45 жаңа жұмыс орны ашылған. Өңірлерді дамыту картасы бойынша 2015 жылы біздің ауданымызда бақ өсіру бағытын дамыту бойынша үлкен бизнес жоспар жүзеге асырылған. Содан бері аудан аумағында түрлі жемістер бойынша бақ өсіруді қолға алу қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнде жалпы бақтардың көлемі 4345 гектарға жеткен. Осы аталмыш өңірлік даму картасына «Шонжы Агро» ЖШС енгізілген. 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша серіктестік 436 гектар алаңға көшет отырғызды, жоба 800 гектар жер көлеміне жеміс дақылдарын отырғызу арқылы пайдалануды және жеміс-жидек өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын ауданға 1 млрд 157 млн теңге көлемінде инвестиция салды.
Бұл есептік көрсеткіштер мен миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаражаттар жәй ғана сан мен сөз болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл біздің айналамызда жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстар екендігі ақиқат. Кейде адамның ойында жүрген теңдессіз бизнес идеялары болуы мүмкін. Алайда оны жүзеге асыру үшін ең бірінші қомақты қаражаттың қажеттігі жалындап тұрған жоспарыңды су сепкендей өшіріп тастайтындығы жасырын емес. Осы орайда кез келген жан қандай да бір кәсібін бастап, маңдай терін төгіп, адал әрі мол табысқа кенелуді көздесе, оған кездесетін кедергілер мен шешілуі қиын күрмеулерді бірге еңсеретін әр өңірде филиалдары бар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы секілді мекеме барын біле жүргені абзал. Өз кәсібіңізді ашып, табан ақы, маңдай теріңізбен табыс тауып, кәсіпкер деген атқа лайық болыңыз. Қарекет етуден шаршамайық! Қарекет түбі – берекет!
Ақжол Нұрдәулетұлы