Сафуан Шәймерденов десе бала кезімізде оқыған «Инеш» кітабы есіме түседі. Оның мән-мағынасын сол кезеңдерде қаншалықты түсініп кеткенім қазір есімде жоқ, әйтеуір жақсы дүние оқығанымды білемін. Олай дейтінім мектептегі қатарластарым сол «Инеш» арқылы Сафуан деген жазушының бар екендігін білдік. Сосын ауыл кітапханасына түсетін жалғыз кітапты қолдан қолға ұзатып, бір күнде оқып шықтық. Махаббат та, сезім де, жастықтың керемет тұстары да көркем суреттелген. «Инеш» романы – қазақтың студент жастарының рухани мәдениеті мен ұлт зиялыларының кескін-келбеті жайында жазылған бірегей шығарма. Университет өміріндегі, студенттер тағдырындағы, білім жүйесіндегі, ғылым әлеміндегі, аудитория ішіндегі, жазу, сөйлеу өнеріндегі алуан түрлі мәселелерді көтерген құнды дүние. Қайталап оқып шығу керек деген міндет қойдым алдыма.
Биыл Сафуан ағаның 110 жылдығы. 1922 жылы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында дүниеге келген қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінің сыншысы, халық жазушысы Қызылжар (Петропавл) қаласының құрметті азаматы Сафуан Шәймерденовтің кез келген шығармасы тұщымды жазылған. Онда әсірелеу, бояуын тым қалыңдату сияқты мәселелер мүлдем жоқтың қасы. Жазушылығы бір төбе, аудармашылығы бір төбе. Сафуан Шаймерденовтің ерекше көңіл қойып зерттеген дүниесі – аударма мәселесі. Аударма саласы жайлы жан-жақты ой қорытып, ұзақ жылғы тәжірибеден шыққан түйіндерін талқыға салып, әртүрлі салыстырмалы пікірлерін бізге, кейінгі ұрпағына қалдырды. Тіл білумен ғана шектелмей, өзі аударып отырған шығармадағы халықтың тұтас тағдырымен танысып, сол жайлы мағлұматқа қанығып барып ары қарай тәржімалауға отырады екен жарықтық. Қандай еңбек десеңізші. Атақты Мұхтар Әуезовтен тәлім алып, әдебиетке 50-жылдары келген тегеурінді толқынның алды болған жазушыға «Ағалардың алақаны» атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. Ал Р.Тагордың «Күйеу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын иеленді. Прозасында психологиялық қатпары мол, реалистік дүниелері арқылы қайталанбас қолтаңбасымен дараланды. Сөз зергері, психологиялық прозаның хас шебері 1992 жылы Қазақстан Республикасының халық жазушысы құрметті атағын алды. «Отан», «Құрмет Белгісі» орденінің иегері.
Еңбек жолы ерте басталған. Орта мектепті бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орталау мектебінде мұғалім болды. Армия қатарында қызмет атқарған. 1942-1943 жылдары Преснов аудандық комсомол хатшысы, 1942-1945 жылдары «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер. 1950 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін үздік бітірді. Содан кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, 1952 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958-1960 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970-1975 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық коллегиясының бастығы болған. «Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер цикліне тақырыбы, идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанға бағындырылған алты повесть – «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» кіреді. Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған. «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді. Әдебиеттегі ар тазалығы, шынайылық, әсемдік, мөлдірлік, кескін мен келісімнің келбеті сынды қасиеттерді өз бойына қондырған, өзгеден де соны талап ететін жазушы өзінің тұстастарынан алдағы ағаларынан лепті лебіз, жақсы баға, игілікті қошемет көргендіктен әдебиетіміздің шыңы боларлықтай заңғарға көтерілген.
Жазушы – шығармашылықпен ғана айналысып қоймай әр уақытта өзінің пікірін, азаматтық ұстанымын жасырмай ашық айтып келген қоғам қайраткері. Қазақ тілінің ертеңіне алаңдап шырылдады. Желтоқсан оқиғасы кезінде жанын шүберекке түйіп, кешегі өзін өктем санаған озбыр өкімет тұсында 1987 жылғы 28 мамыр күні Қазақстан Жазушылар одағы пленумында 38 минут сөйлеп, Колбиннен де, басқасынан да жасқанбай қазақтың басына төнген зауалды ашына айтқанына халық куә. «Голощекин деген теке сақал жендет қазақ халқын аяусыз қырып салып еді. Ертең сізді де ел сол қаныпезер қарақшымен қатар қояды. Жолдас Колбин, өзiңiз уәде еткендей, халыққа істеген жақсылығыңыз қайсы? Бейбіт шеруге шыққан қарусыз қазақ жастарын итке талатып, солдат күрегiмен сабатып, қынадай қырғаннан басқа не жақсылық iстедiңiз?» – деп дүрсе сұрақ қойды. Арыстандай айбарланып отырған Колбин мына сұрақтан кейін салы суға кетіп, жүнжiп жауап қата алмады, – деп еске алады куәгерлер. Осы оқиғадан соң жазушының соңынан шам алып түсіп, бір жыл бойы ізін аңдығандар да болыпты. Біз сондаймыз. Шындықты шырылдап айтқандарды жау санаймыз, дұшпан көреміз. Ұлты үшін жанын шүберекке түйгендерді қаралайтын жаман әдеттен қашан арылады екенбіз. Сафуан ағаның жүрегім қазағым деп соқты. Өз ұлтының өркендеуі, өз тілінің дамуы жолында намысын қайрап, қазақ тілінің аясын кеңейту жолында тер төкті. Ол еңбегі зая кетпеді. Қаламгер өзі туған Солтүстік Қазақстан облысында сол кезеңдерде бірде-бір қазақ мектебінің болмағандығына қынжылған. 1994 жылы енді салынып жатқан мектептің құрылысы тоқтап қалғанда сол кездегі премьер-министр Терещенкоға хат жазған осы Сафуан аға болатын. Осылайша, 1996 жылы тұңғыш ұлттық мектептің ашылуына өзі ұйытқы болған-ды. Бүгінде сол білім ордасына жазушының есімі берілген.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің қатарында Сафуан Шаймерденовтің әдеби мұрасының алатын орны ерекше. Жазушының қаламынан туған романдары мен хикаяттары – әдебиетіміздің алтын қорына енген туындылар. Жалпы жазушы шығармаларының эстетикалық талғамы, көркемдігі туралы айтар болсақ, Сафуан ағаның суреткерлік табиғатына тән айрықша сипаттың бірқатары туралы академик Зейнолла Қабдолов былай деп жазды: «Сафуан – мәдениетті жазушы. Әдеби туындының құны, баураған күші эстетикалық сипатында жатады. Эстетика – әдемілік туралы ілім. Ал әдебиеттің бас қасиетінің сарқып құяр сағасы – сұлулық. Сафуан әрқашан адамның ажарын, асылдығын, жан сұлулығын суреттеуге бейім. Бұл – мәдениетті жазушыға тән мінез. Сафуанның қай шығармасын алсақ та күн шуағы секілді жылы, нәзік лиризмге толқып, төгіліп тұрады. Бұл оның сыршыл суреткер екенін танытады. Сафуанның қай шығармасын алсақ та таза, тұнық парасат бар. Ал интеллект әдеби шығармаға ауадай қажет деп баға берген. Ал тағы бір пікір айтқан досы Тұрсынбек Кәкішев: «Сафуан Шаймерденов айтар сөзін ешкімнен жасқанбай айта білетін, тура жүріп, тік тұратын адал азамат еді», – деп жазды досы қайтыс болған 2007 жылғы ақпанда.
Жазушы драмалық шығармалар да жазды. Драмалық шығармаларының кейінгі проза жанрындағы туындыларына өте жақсы әсері болғанын, көп сөзділіктен арылып, жинақылыққа үйреткенін айтып отырады екен. Кейін жазылған «Ит ашуы» повесін драматургияның әсерімен құлпырып, түрленгенін бір сұхбатында жазыпты. Қай заманда болсын өзгермейтін жағымпаздық, жылпостық сынды адамның жағымсыз мінездерін ашып көрсететін «Дөкей келе жатыр» атты комедиясы жасөспірімдер театрының сахнасында ұзақ жылдар қойылып келді, көрерменін жоғалтпады.
Сафуан Шәймерденовтің айтар ойын жасқанбай айтып, тік сөйлейтін мінезі дәл қазір бәрімізгеБүгінде сол пьесалардың сахнадан көрінбей кеткені көңілге мұң ұялатады. Іздеушісі табылмай жатыр ма екен деген де ойға қаласың…, қоғамға керек болып тұрғанын айту орынды болар. Көп нәрсе ішімізде қайнайды, сыртқа шығаруға рухымыз жетпей жатады. Айтқанымыздан түк шықпайды деп өзімізді-өзіміз жұбатып қоямыз. Ал қазір Сафуан ағаның тік мінезділігі, ойын жасқанбай кімнің алдында болса айтып алатын қайсарлығы, ұлтым деп өзегін үзетін батылдығын сағынып отырмыз. Әр шығармасында тәрбие, әр әңгімесінде заманның зары бар. Драматургиясы күлдіре отырып жылатып алатындай сіңімді болғандықтан ол мәңгі жасайды. Оның шығармалары әр қазақты тәрбиелеуге қауқарлы. Сондықтан Сафуан ағаның ары да, азаматтығы да алабөтен. Ал шығармалары ешкім қайталай алмайтын тазалығымен құнды.
Баян МАМЫРБАЕВА