Басты бет Көкжиек Тәуекелділік пен табандылықты ұштастырған ұстаз

Тәуекелділік пен табандылықты ұштастырған ұстаз

0
420

Еңбектің түбі береке екендігін ата-бабаларымыз ғасырлар бұрын өнеге етіп айтып кеткен екен. Адамды адам ететін еңбек екендігін де бала күнімізден санамызға сіңіріп өстік. Жалпы адамның ата жауы жалқаулық, ал нағыз досы еңбек екендігі өмірдің мызғымас заңдылығы. Бүгінгі тақырыпта қордаланатын әңгіме дәл осы еңбек пен еңбексүйгіш жандар турасында болмақ. Бір минутты құры өткізбей уақытты тиімді пайдалану, тыным таппай тіршілік етіп, адал жолмен ас тауып, абыроймен жұмыс істеу, еңбекті сүю және пайдалы іспен айналыса жүріп, жиып-терген нәпәқаңмен жанұяңды ешкімнен кем қылмай еркін асырай білу бүгінгі күнде үлкен өнер. Осындай жан-жақтылыққа жаны құмар жандар аз бүгінде. Алайда бар екендігіне де арагідік көзіміз жетіп жүр. Солардың бірі деп осы әңгімеміздің арқауы болатын жас ұстаз, көп балалы ана Есейова Зәмзәгүл Әлдибекқызын атап көрсетуге әбден болады.

Кейіпкеріміз 1991 жылдың 21 қарашасында осы қасиетті Қарадала өңірінде, Шонжы ауылында дүниеге келген. Отбасында ортаншы қыз болып, артындағы ініге ақылшы, алдындағы ағаның  қамқорлығын сезініп, ата-ананың өнегелі тәрбиесін алып, еркелікті де қаталдықты да қатар көріп өскен.  Сондай-ақ кейіпкердің балалық күні әженің аялы алақанында нағыз қазақы өсиет пен ертегіге сусындап өткен десек те артық айтқанымыз емес.         2009 жылы бүгінгі Абай атындағы Шонжы орта мектебінен түлеп ұшып, 2013 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық Университетінің география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғарғы білімді алып шығады.  Дәл осы 2013 жыл Зәмзәгүлдің өмірінде ең есте қалатын бақытты сәттер мен тың өзгерістер бірінен соң бірі орын алып жатты. Жоғарғы білімі туралы дипломын қолына алған соң Жаратқанның маңдайға жазған бағы бұйырып, тұрмыс құрып, дәл осы жылы өзі жылдар бойы армандаған мұғалімдік қызметіне қол жеткізеді. Содан бері 10 жылға жуық уақыт бойы А.Розыбакиев атындағы Бахар ауылдық орта мектебінің әлеуметтік педагогы болып қызмет етіп келеді. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын сезінген жас мамандардың бірі. Сонымен қатар шынайы ана бақытын сезіндіріп жүрген үш қыз бен бір ұл кейіпкерімізді ең жас көп балалы ана деген мәртебелі атқа әбден лайық етті. Тақырыбымыздың басы адамның еңбексүйгіштігі мен маңдай терін сығып адал табыс табуы және сол арқылы отбасын еркін асырауы турасындағы түйткілді оймен басталған болатын. Сол әңгімеміздің негізгі арқауы осы кейіпкеріміздің белсенді өмірі әрі еңбек жолы болатын. Айтпағым аталмыш ұстаз жұмыстан бос уақытын тиімді әрі табысты өткізуді жақсылап жолға қойған. Жұмысынан тыс уақытта кондитерлік тағамдар әзірлеп, тапсырыспен балкүлше жасап көптің көңілінен шығып, азды-көпті табысын табады. Туған күндер мен басқа да шараларға арнап тәтті букеттер жасауды да қолға алған. Сонымен қатар, аудан орталығындағы орталық базардан ерлер мен әйелдерге арналған діни киімдер мен басқа да қажетті бұйымдар, қасиетті Құран кітабынан бастап, асыл дініміздің тәрбие мен тәлімге толы басқа да түрлі кітаптары мен  тазалық заттарын сататын арнайы дүкенін ашып, кішігірім кәсібін дөңгелетіп отыр. Осының барлығына уақытын жеткізіп, төрт баланың тәрбиесі мен белсенді өміріне де көңіл бөліп үлгеріп жүргендігі айналасындағы жандарды сүйсіндіреді. Байқаған жанға Зәмзәгүлдің бойынан көрінетін ең қайсар қасиеттердің бірі тәуекел ете білу. Тәуекелділік пен бастамашылдықты және тынымсыз еңбекті ұштастырғанда ғана осындай белсенді өмір қалыптасатындығы белгілі. Мектеп қабырғасындағы табысты жұмысы да көпке белгілі. Сондай-ақ аудан, облыс көлемінде бірқатар білім саласындағы алғыс хаттар мен басқа да марапаттарды иеленген.

Отыз жастың белесінен енді асып жатқан жас ұстаз, жас кәсіпкер, жас көп балалы ана артымыздан өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа өмірі тұрғысынан болса да, еңбексүйгіштігімен де, белсенділігімен де жалпы барлық қырынан үлгі боларлық жан деп ауыз толтырып айта аламыз. Жас буынның қатары осындай тәуекелшіл, бастамашыл, еңбексүйгіш жандармен толығыса берсін.

Ақжол Нұрдәулетұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАҢА ӘДІС – БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ ЖОЛЫ

М.Жалилов атындағы Кетпен орта мектебінде «Альфа ұрпақтарын оқыту әдістері» бойынша семина…