Бүгінгі күннің ең өзекті деген мәселелерінің бірі тізгін бермей жатқан бағаның шамадан тыс шарықтап кетуі. Басымыз қосылса бағаның өскендігін айтып, қымбатшылықтың қашан тоқтайтындығына қайғырып жатамыз. Қараша халықтың қалтасы қалың болмағандықтан қымбатшылық күнкөрістеріне ауыр соққы болып тиіп жатқандығы айтпаса да түсінікті. Күнделікті тұтынатын ең маңызды азық-түліктер мен көкөністердің көз ілестірмей көтеріліп кеткен бағасына халық шындап наразы. Осы тұста Президентіміз тиісті салаға тікелей жауапты шенеуніктерді сынға салғандығын да көгілдір экрандағы жаңалықтан көріп куә болдық.
Қымбатшылық дендеп бара жатқан соң еліміздің көшбасшы партиясы да қарап отырмай нақты шараларға көшті. Партияның басты мақсаты бақылау және оң нәтиже шығару болғандықтан тез арада арнайы партиялық бақылау және мониторинг тобын құрып, аудан орталығындағы халық ең көп шоғырланатын ауқымды сауда нүктелеріндегі баға тұрақтылығын қадағалауды бастап кетті. Құрамы Саяси кеңес мүшелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес және Партиялық бақылау комиссиясы төрағалары, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлік салаға тікелей қатысы бар лауазымды тұлғалармен толығысқан мониторингтік топ арнайы рейдке шығып, күнделікті тұрмыста маңызды деп танылған 19 түрлі азық-түлік тауарлары мен басқа да қажеттіліктердің баға көрсеткішін көзбен көріп, Алматы облысы бойынша берілген шектік баға көрсеткішінен асып кеткен тауар бағаларын тұрақтандыруды қолға алу бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Рейд барысында Алматы облысы бойынша ең негізгі 19 түрлі азық-түлік тауарларының шекті баға көрсеткішімен біздің аудандағы баға көрсеткіштері салыстырмалы түрде зерделеніп шықты. Облыс бойынша күнделікті тұрмыста ең көп тұтынылатын макарон өнімінің орташа шекті бағасы 271 теңге деп көрсетілсе, біздің өңірде 300 бен 350 теңгенің арасында сатылып жатқандығын анықтадық. Ал көпшіліктің күнделікті әңгімесіне айналған қанттың құны облыс бойынша 555 теңгеден аспасын деп көрсетілсе, біздің ауданда орташа бағасы 680 теңгеден саудаланған. Алайда кейбір азық түліктердің керісінше шекті бағадан төмен екендігін де көзіміз шалып жатты. Мысалы күнбағыс майы мен күріштің құны облыс бойынша көрсетілген шекті бағамен салыстырғанда сәл де болса төменгі бағамен сатылып жатқандығын аңғардық. Ал көкөністерден халық ең көп тұтынады деп маңызды азық-түліктің тізіміне қосқан сәбіз бен қырыққабат біздің аймақта облыстық шекті бағадан қымбаттау болып тұрғандығы, ал картоп пен пияздың құны шекті бағамен сәйкес сатылып жатқандығы да анықталды. Осылайша бір орында тұрақтамай тұрған баға көрсеткіштері нақты әрі мониторинг топ мүшелерінің қатысуымен сараланып шықты. Нәтижесінде қымбат бағада саудаланып жатқан азық-түліктердің бұндай бағада тұтынушыларға неліктен ұсынылып жатқандығының себебін анықтап, бағасын облыстық шекті бағаның құнымен теңестіріп сатуды аз уақыт ішінде қолға алу қажеттігі бойынша шаралар қабылдау тиісті атқарушы органдарға тапсырылды. Дүкен сөрелерінде тұрғын азық-түліктің сан түрі бар. Осының арасынан қалтаңыздың қалыңдығына қарай қымбатын тұтынамын десеңіз патша көңіліңіз, ал қымбатшылықтан қашып, үнемшілдікке ұмтылып қарапайым әрі арзанын алам десеңіз де өз еркіңіз. Біз саралап, зерттеген баға осылардың орташа құны, тіпті ең арзандары десек те болады. Осы сан түрлі тауардың өндірушіден дүкен сөресіне дейін жеткенше де бірнеше қолдан өтіп, бағаның сан рет түрленетіндігін де естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан баға тұрақтылығын бір орында тұрмай мың құбылса біздің ауданның кәсіпкерлерінің тікелей кінәсі емес екендігін де ескеріп қояйық. Алайда аталмыш мониторинг топ мүшелері бұл шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, баға тұрақтылығы үнемі бақылауда болатындығы кәсіпкерлерге ескертті.
Ақжол Нұрдәулетұлы