Медицина саласының кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық аурухана директорының орынбасары Майра Букеева «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды. Бұл төсбелгі – жалпы медицина саласындағы белсенді қызметкерлерді ынталандыру, көтермелеу және моральдық жағынан өсулері үшін тағайындалған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомостволық марапаты. Майра Әбділқызының медицина саласындағы реформаларға белсенді қатысқаны, денсаулық саласындағы білім беру мен инновациялық дамуға өз үлесін қосқаны және ауданымыздың денсаулық сақтау саласының дамуына белсенді атсалысқаны үшін осындай жоғары марапатқа ие болды деп бағалаймыз. Жаны жайсаң, кісілігі мол, адамгершілік парасаты биік ақ халатты абзал жанға наградаңыз құтты болсын дейміз. Адал еңбек пен маңдай тердің өтемі болған сыйлығыңыз сіздің абыройыңызды асырып, әріптестеріңіздің арасындағы беделіңізді аспандата түсті. Жылы сөзді, үлкен жүректі дәрігердің марапаты – үлкен еңбектің жемісі. Еңбегіңіз жанып, адамдардың алғысын арқалаңыз. Нағыз дәрігер деген атыңыз сізге өмір бойы азық болсын! Қолыңыз шипалы, өзіңіз ғұмырлы болыңыз!
Ізгі тілекпен: «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің ұжымы