Басты бет Заң және қоғам Сот қызметі – жауапты сала

Сот қызметі – жауапты сала

0
722

Тар жол, тайғақ кешіп, небір қилы кезеңдерді бастан өткерген ел мен ер үшін тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ екені айдан анық. Бүгінде оған әр адамның көзі жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың да сан ғасырлар бойы армандаған, арын ардақтап, жанын аямай күрескендегі аңсаған бақыты  тәуелсіздік еді ғой. Ендеше, кезінде Абылай бабамыз да: «Қазақтың қайран даласын, Жағасын жайлау ел етсем. Мерейін биік, бағын зор, Ырысын шалқар көл етсем», деп армандаған екен. Армансыз адам болмай­ды. Осы барлық адамның арманын жиып келгенде елдің мақсатынан артық еште­ңе жоқтығы тағы көрінеді. Міне, ең үлкен арман осы. Ал елдің арманын орындау жолында әр сала мамандары шама-шарқыларынша жаңаша жұмыс істеуді қолға алуда.

Тікелей өзім жұмыс істеп жүрген сала сотқа қатысты айтар болсам соңғы кездері судьялардың әлеуметтік-құқықтық мәртебесі және сот жүйесінің қаржы-экономикалық негізі де нығая түсті деуге болады. Бүгінгі таңда судьялардың конституциялық міндеттерін тиімді атқаруы үшін сот төрелігін жүзеге асыруда барлық жағдай жасалған деп айтуға толықтай негіз бар. Сот жүйесінің ашықтығы мен судьялардың әділ төрелігі – мемлекет пен қоғамның дамуында маңызды орын алатыны белгілі. Осыған сай тәуелсіздік жылдары бұл сала көптеген реформаларды бастан өткерді. Сот жүйесі алдымен материалдық-техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етіліп, судьялардың қолайлы жұмысына жағдай жасалды. Судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік беретін құқықтық құжаттар да халықаралық талаптарға сәйкестендірілді. Ендігісі – адами фактор. Қазір құқық қорғау органдары мен сот жұмысына сенімсіздіктен қарайтындар да бар. Әрине бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні сияқты кейбір өз ісін жеке басының пайдасына жұмсап, абыройдан айырылып, бүкіл бір салаға қара дақ түсіріп отырғандардан қоғам түгелдей тазара қойған жоқ. Бірақ алдағы уақытта Жаңа Қазақстан құратын жаңа топ жемқорлықтан таза, сыбайластықпен байланыстары жоқ адамдардан жасақталуы тиіс.

1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот жүйесінің реформасы жүргізілді. Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді. Сот жүйесінің қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының VII бөлімінде және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында айқындалған. Соттың мәртебесі, оның беделі мен тәуелсіздігі мемлекеттегі заң үстемдігінің, сонымен қатар, жеке азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты көрсеткіші болып саналады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойды:

  1. Судьялардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отыру, жұмыс тәсілдерін дамытып, жаңа талаптарға бейімделу, халықаралық тәжірибені ұдайы ескеріп, шеберліктерін шыңдау. Адамның құқықтары мен бостандықтарын судья басты назарда ұстауға тиіс.
  2. Соттың тәуелсіздігін нығайту арқылы оның әділ және ашық болуын қамтамасыз ету. Осындай жағдайда ғана әртүрлі мәселемен сотқа жүгінген азаматтардың сот билігіне деген сенімі нығаяды. Өйткені, судьялардың соттар мен сот алқасы, құқық қорғау органдарына тәуелділігі – осы саланың өзекті проблемасы.
  3. Сот ешқандай да қоғамдық, бұқаралық ақпарат құралдарының, блогерлер мен журналистердің қысымына қарамастан заң шеңберінде соттың ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілгенімен, ол судьяға қысым мен сот шешімін өзгерту құралы ретінде қолданылмауы керек.

Сонымен қоса,  мемлекет басшысы судья болуға үміткерлерге талаптарды халықаралық тәжірибеге сәйкес күшейту; кандидаттарды іріктеудің жаңа жолдарын қарастыру; сот үрдісіндегі қағазбастылықты шектеп, барынша оңтайландыру және халыққа ыңғайлы қылу; түрлі дау-дамайларды шешуде бітімгершілік тетіктерін қосуды тапсырды. Президенттің осы ескертпелері мен ұсыныстарына қарай отырып, сот жүйесін әлі уақыт сұранысына сай жетілдіру қажет екенін түсінеміз. Ендеше, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын, арманы ақиқатқа айналған Қазақ елінің Мәңгілік Ел болуына ақ жол ашылсын деп тілейік.

Арман ДАКИЛЬБАЕВ,

аудандық сот кеңсесінің бас маманы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…