Аудандық мәдениет үйінің алды сәнді киінген адамдарға толы. Жерге қызыл кілем төселген. Сырттан кірген көліктердің төбесінде театрлардың аттары жазылған. Арнайы шақыру естілісімен олар ретпен кіре бастады. Кәдуілгі үлкен өнер фестиваліне тап болғандай сезіндік өзімізді. Халықаралық театр күнін аудандық «Қарадала халық театры» мен көрші аудандардан келген ұжымдар осылайша бастады.
Хан тәңірі халық театры, Қаракемер халық театры, Кеген халық театры, Талғар қуыршақ театры, Қарасай жастар театры, Қарадала халық театрының ұжым мүшелері қызыл кілемнің үстімен жиналған қауымның қошеметімен қаз-қатар тізілді. Әртістердің алдына шыққан Қазақстан Республикасының қайраткері, режиссер Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев жиылған қауымды халықаралық театр күнімен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. Шын мәнінде Асқар Наймантаевтың театр құрудағы еңбегін ерекше айту керек. «Қарадала» театрының іргесін қалауға, шаңырағын көтеруге ықпал еткен де Асқар Әбдіғалымұлы екені даусыз. Ол өз сөзінде фестиваль ұйымдастырудағы негізгі міндеті әртістердің, театрлардың шығармашылық әлеуетін біріктіру екендігін айта келе, баяндама жасап, сөзді созбалақтамай бірден Қазақстан театрлар қоғамының төрағасы, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздың сәлемін жеткізіп, сол кісінің арнайы сәлемдемесін табыс етті. «Сахна саңлағы», «Сахна сымбаты» деген мақтау қағаздарын әр ауданнан келген өнер қырандарына ұсынды. Сахна сыртында өздері көрінбей жүретін, бірақ еңбектері ерен адамдар болатындығын айтып, оларға да арнайы мақтау қағаздарын табыс етті. Марапат алып, марқайған әртістер бірін-бірі құттықтап, шын мәнінде мерекелік көңіл-күйге бөленді. Сонан соң құттықтау сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев театр туралы өзінің өрелі ойын айтып, фестивальге жиылған қауымды құттықтап, олардың шығармашылық жолдарына табыс тіледі. Жаңа Қазақстанды құратын да, өркендететін де өнер адамдары екендігін тіліне тиек етті. Фестивальдің достыққа, ұлттар арасындағы татулыққа шақыратын шынайы мерекеге айналуына тілектестігін жеткізді.
Әр ауданнан келген театр ұжымдары мәдениет үйіне шақырылды. Көрермендер залға орналасып болған соң салтанатты музыка ырғағымен сахна ашылды. Сахнада – Актер, қолында кішкене ғана доп. «…Театр… осы бір сөзде ғажайып бір сиқыр бар сияқты. Театр… «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер ол – театр» –дейді Ғабит Мүсірепов. Керемет айтылған! Бұдан артық қандай теңеу керек?! Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер… Театр…» деп толқыған актер театр туралы жан тебінерлік монологын оқыды. Оны оқыған өзіміздің Жәнібек Тыныс бауырымыз. Әр сөзі көрерменнің жүрегіне жетіп жатты. Театр дегеніміз актерлер мен көрерменнің тікелей байланысы. Монологы біткен соң қолындағы добын көрерменге лақтыратындығын айтқан актер қол сермегенде шыны керек бәріміз оған сендік. Алақанымызды жая қалдық бүкіл зал. Қойылымның мақсаты да осы болса керек. Сендіру. Біз сендік. Керемет әсер алдық.
Халықаралық театр күні 1961 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған халықаралық театр институтының ІХ-шы конгресіне жиналған делегаттардың ұсынысы бойынша қабылданған. Содан бері 27 наурыз дүние жүзінде «Халықаралық театр күні» болып аталып келеді. Әйгілі театр реформаторы Станиславскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөзі жалғасын тауып, бұл күнді тек театр режиссерлері мен актерлары ғана емес, театр табалдырығын аттағаннан бастап көрерменге қызмет ететін театрдың барлық қызметкерлері, ақыр соңында билет сатқан кассирі мен еден сыпырушыға дейін атап өтеді. Міне сол әлемдік мерекеге енді «Қарадала» театры да өз үлесін қоспақ болып, тұңғыш рет көрші аудандардың халық театрларын шақырып «Жаңа Қазақстан – жаңа руханият» атты аймақтық фестиваль ұйымдастырып отыр. Алғашқы көрініс «Қаракемер» театрына берілді. «Қара шекпен» әфсаналық қойылымын көрерменге ұсынған әртістер ит пен есектің тағдырын тамаша жеткізді. Әрі қарай пародия, көлеңкелі тұстар, ән, айтыс сынды сахналық қойылымдар көрермен жүрегінен лайықты орнын тапты. Әркім өз биігінде шалқыды. Дей тұрғанмен біздің «Қарадаланың» қойылымын ерекше атауға тұрарлық. Баян мен Қозының махаббатын, Қарабайдың әр тұяқ малы үшін қалтырап дірілдеуін дәл жеткізген біздің театр ұжымы көрерменнің қошеметіне бөленді. Еркебұлан Нұржақыптың орындауындағы «Өнер адамы» әні де шарықтау шегіне жетті.
Театр фестивалі біреуге баға беру немесе бәсекеге шақыру емес, актерлердің бір-бірімен байланысын нығайту, тәжірибе алмасу, өнер жайлы ойларын ортаға салу ниетінде болды. Діттеген мақсатына жетті. Әр ауданнан келген әртістер қауқылдасып, Асқар Наймантаевтың ақыл-кеңесін тыңдап, нәтижесінде аймақтық театрлар одағын құруға келісті. Ол бірден бола қоятын дүние емес шығар. Бірақ оның жөн-жосығын, бағыт-бағдарын айқындап, жұмыс жоспарын жасап қойды. Адамдарды бір-бірімен жақындастыратын спорт пен өнер деп жатамыз. Бүгінгі фестиваль соның жарқын бір дәлелі болды. Әрі қарай жалғасын тауып, театрлардың аймақтарда қанат жаюына кең жол ашылса деген ниет қана біздікі…
Баян МАМЫРБАЕВА