Жыл басы әз Наурыз мерекесі – ежелгі көне Түркі әлемінен келе жатқан күллі мұсылманның ортақ құндылығы. Түркі елдері наурыз мерекесін жаңа жыл деп тойлауының да өзіндік сыры бар. Қазіргі күнтізбе бойынша дәл осы наурыздың 22 жұлдызында күн мен түннің теңелетін уақыты. Көне парсы тілінен аударып қарасақ та «Нава» – жаңа, «Рәзаңһ» – күн деген мағына қалыптасады екен. Мына бір ресми мәліметтерге сүйенсек 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді.
Бүгін де бұл ұлы мейрам Ұлыстың ұлы күні ұмыт қалған жоқ. Тәж-тажал әлемге азуын батырып, адамдар топтасып жиналудан қалып, үйді-үйге қамалған карантин кезеңін қоспағанда атадан жеткен салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар ұлықталатын мұсылманша жаңа жыл жыл сайын қазақтың дархан даласында дүбірлете тойланып келеді. Биыл да еліміздің барлық өңірлерінде наурыз мерекесі өз деңгейінде аталып өтілді. Жетісудың жүрегінде орналасқан қос ұлт мекен еткен қасиетті Қарадаланың да наурыз мейрамында қазаны қайнап, көжесі салынып, ұлттық дәстүрлері дәріптеліп, әуелеген әні мен күмбірлеген күйімен тойланды. Мерекелі күндерді сағынған аудан жұртшылығы 22 наурыз күні Ұлыстың ұлы күнін жерлестермен бірге атап өту үшін орталық алаңға ағылды. Татулығы жарасқан қазақ пен ұйғырдың ұлттық салт-дәстүрін паш етіп, қатарынан сап түзеген киіз үйлерде қазақ халқының ұлттық тағамдарынан бастап, ұлттық киім үлгілері, ұлттық бұйымдар мен аспаптар көпшіліктің назарына ұсынылды. Сондай-ақ ұйғыр ұлтының да ұлттық дәстүрлерін дәріптейтін құндылықтары көрмеге қойылды. Мерекенің басы көрмені тамашалаудан басталып, орталық алаңдағы сахнада қойылған концерттік іс-шарамен жалғасын тапты.
Аудан орталығындағы мектеп ұжымдары мен «Жазерке», «Арзу» ансамбльдерінің және ауданымыздың «Қарадала» халық театры ұжымының мерекеге тарту еткен сахналық қойылымдарына көпшілік ризашылықтарын білдірді. Осындай тамаша көріністер мен үйлесімін тапқан әз Наурыздың мерекелік шығарылымын дайындаудың басы-қасында жүрген елімізге танымал театр әртісі, сатирик Асқар Наймантаевтың да еңбегі толағай. Аталмыш тұлға еліне арқалап келген сазды сәлемін әнмен жеткізіп, «Әз Наурыз» әнімен мерекені қорытындылады. Ауданымыздың жастары да игі істен қалыс қалмай, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен орталық алаңда мереке сәтінде барша жұртшылыққа, оның ішінде көп балалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шарасы ретінде мерекелік тағамды тегін үлестірді. Жалпы ауданның еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін атсалысқан бұл мерекеде ауызбіршілік пен татулық айқын көрініс тапты.
Жалпы көне заманнан қазақ даласында осылайша наурыз тойы думандатып аталып өтілген. Қаз қатар тізілген киіз үйлерде аста төк тағам, астау-астау ет, қымыз-қымыран, құрт-бауырсақ, наурыз көже беріліп, арқа-жарқа әңгіме айтылып, әзілі жарасқан ұмытылмас ұлан-асыр той болатын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен қыза түсіп, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын болған.
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ