Басты бет Мәдениет және руханият Әулиешоқыдан көшкен өлең

Әулиешоқыдан көшкен өлең

0
2,414

Қазақтың қасиетті кең даласы – аңызда қалған ақындар мен батырларды, енді де тарихта қалатын алыптарды дүниеге алып келетін киелі мекен. Әр өңірдің қасиетті топырағында туған ерекше талант иелері еліміздің мәдениет, өнер, спорт, әдебиет саласының дамуына, рухани тұрғыда өзге елдермен иық теңестіріп тұруға өзіндік үлестерін қосып жүргендігі баршамызға белгілі. Қойнауы құтқа толы біздің ауданымыздың да топырағына кіндік қаны тамған атақты азаматтар аз емес. Атағын ғана арқалап қоймай, ел мен жерге қызмет етуде ерен еңбек сіңіріп жүр. Әулиелі Әулиешоқының баурайындағы Тиірмен ауылы да Күлимахандай ақын әрі батыр анасымен бай ауыл. «Алтын алқалы», алтын құрсақты көп балалы ана, батыр ана әрі ақын ана Күлимахан Тараншықызын ел поэзия әлеміндегі өзіндік орнымен таниды. Күні кеше ақын ананың жыр құрсағында біткен жаңа жыр кітабының жарыққа келуі ағайын үшін ұлан-асыр той болды.

Қасиетті Қарадаланың төсінде қазан қайнатылып, ат шаптырып атап өтілген әз наурыз мерекесі Әулиешоқыдан көшкен өлеңмен толығысып, ақын ананың жыр туындысының тұсаукесер тойымен ұласты. Сексен жастан асқан ақын қарттық келді деп күрсінбей бар күш жігерін салып, шабытына шабыс беріп, үшінші кітабын жарыққа шығарып, сол қуанышын көппен бөлісу үшін аудан орталығында игі жақсылардың басын қосты. Аудан орталығы Шонжы ауылындағы Әл-Фараби көшесінің бойындағы Әл-Фараби атындағы кітапханада аталып өтілген іс-шараға ауданымыздың ардақтылары мен ел ағалары, сондай-ақ журналистер және жазушылар одағының мүшелері де арнайы қатысты. «Мен өмірге мәңгі бақи ғашықпын», «Көңілімнің көктемі», атты жыр жинақтарын оқырмандарына ұсынған ақын ана осы жолы «Арман белесінде» деп аталатын жыр туындысының тұсауын кесті. Алматы облысының, ауданымыздың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынұлы мен жазушылар, журналистер одағының мүшесі Нұртан Төлепберген, аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев, Тиірмен ауылының әкімі Миршат Насыров ақын ананың жаңа кітабының тұсауын кесіп, құттықтау лебіздерін білдірді. «Арман белесінде» жыр жинағы «Өлеңім менің өмірім», «Сағыныш екен сол бір кез» атты екі бөлім ақынның қаламынан тамған өлеңдермен толығысса, прозаға қалам сермеген кездерден туындаған шығармалар  «Әңгімелер, естеліктер» деп аталған бөліміне жинақталған. Ал кітаптың 4 бөлімі «Әрқашан тілеулеспін, қасыңдамын, ұрпақтарым – жайқалған жасыл бағым» деген атаумен ақын ананың ет жақындары мен ұрпақтарына арнаған туындыларымен толықтырылған. Іс-шараға алыс-жақыннан ат арытып келген барша қонақтарға ақын ананың жаңа туындысы сыйға тартылды.

Жаңа кітап жарық көрген жыр кешінде ақындар тарапынан өлеңдер оқылып, жыр қозысы көгенделіп, шабыттың томағасы сыпырылып, ойдың кеңістігіне ұшырылды. Шараның арты ауылдың қонақжайлылығы ретінде  арнайы жайылған дастарқан басындағы тойға ұласып, қонақтарға сый-құрмет көрсетілді.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…