Көп сөздің ішіндегі ең киелі, ең қасиетті сөз. Жалғыз ғана сөз. Әйткенмен, бұл сөздің тамыры терең, мағынасы аса кең. Тәуелсіздік дегеніміз, ол сенің азаттығың, елдігің, өзгелермен қатар тұрған теңдігің, жүрегіңнің азаттық сезіміне елжірегені, көк тудың көкте желбірегені. Тәуелсіздік туралы сөз әсте өз биігінен аласармақ емес.
«Әттең менің өз алдыма жеке елім болса, көкте желбіреген еркіндігімді паш ететін туым болса, онда мына жалғанда менен асқан бай да, бақытты да жан болмас еді. Онда мен есіктің алдын ғана емес, айдаланы сыпырған болар едім, онда мен үйде емес, сол азаттығымды жария еткен киелі тудың түбінде ұйықтар едім. Әттең…» деп тебіреніпті әлдебір мұңлық…
Міне, еліміз азаттық алып, көк тудың көкте желбірегеніне де талай жылдар өтіпті. 30 жыл! Уақыт өлшемімен алып қарағанда бұл түкке тұрмайтын уақыт. Ал, біз үшін күллі тарихымыздағы теңдесі жоқ, жетістігі мол жылдар еді бұл. Айналып келгенде 30 жылға алғыстан басқа, рақметтен өзге айтарымыз жоқ. Себебі бұл жылдар бізге өлшеусіз бақытпен қоса ғажайып байлықтар сыйлады. Осы жылдардың ішіндегі еліміздің толағай табыстарын тіпті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еліміз әу бастан дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасымыз халықтар достығын, ырыс пен ынтымақты ту етіп көтерді. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Ырыстан ынтымақ озады. Достық аясына біріккен еліміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, байлықтың жаңа баспалдақтарына қадам басты. Мол, толағай табыстарға кенелдік. Оның бәрін тізбелеп, айтып шығу де мүмкін емес. Басқасын айтпағанның өзінде осы жылдар ішінде жаңа мемлекетімізде толып жатқан өзгерістер болды. Еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан жыл өткен сайын жасарып, жаңғыры түсті. Ел билігі жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігіне өтті. Тіл саясаты да өзінің даму жолына түсті. Осының бәрі бір жағынан халқымыздың ерен еңбегінің жемісі болса, екіншіден Елбасының сара саясатының арқасы.
Енді міне, еліміз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп, алға қадам басып барады. Бұл бақытты болашаққа бастаған Нұрлы көш, келешекке бет алған керуеніміз көлікті болғай. Еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын . Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, қадірлі Алаш жұрты!!!
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы