Егемендік – халықтың, елдің еркіндігі. Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз аңсады, бірақ ол армандарына қол жеткізе алмай кетті. Солардың тілеулері арқасында біз бүгін қасиетті кезеңнің адамдары, ұлы даланың ұл-қыздары атандық. 30 жылда көптеген табыстарға жеттік. Экономикамыз, мәдениетіміз өркендеп дамыды. Білім саласында тың өзгерістер белең алды. Сол өзгерістерге өзім де үлес қосып жүрмін деп ойлаймын. Мұғалім мамандығын жан жүрегіммен таңдадым. Жас ұрпаққа сапалы білім беріп, еліміздің патриоты етіп тәрбиелегім келеді.
Денсаулығына байланысты үйде оқитын балаларды білім нәрімен сусындатып келемін. Мүмкіндігі шектеулі болғандықтан оларға ерекше күтім, айрықша қатынас керек. Кейде айтқанымызды түсінбей жатады, кейде бейқамдық танытады. Ондай сәттерде шыны керек қатты қиналамын. Дегенмен жүрек қалауым болғандықтан бүгін бере алмаған нәрсемді ертең қайткен күнде де жеткізе аламын деген сертпен жұмысыма құлшынысым күшейе түседі. Қазір төрт баланы оқытып жатырмын. Үшеуі ДЦП, біреуі қабілеті төмен. Әр балаға әртүрлі көзқарас қажет. Бірде көңіл-күйлері болмай жатады, кейде керісінше қуанып қарсы алады. Солардың ығына қарай сабағымды да жеңіл түрде, ұғынықты өткізуге тырысамын. Олар қуанса шабыт аламын. Денсаулықтарында кемістіктері бола тұра білімге деген құштарлықтарын байқағанда өзімнің де қабілетім шыңдала түседі.
Тәуелсіздік ащы термен келген тәтті жеңіс. Келер ұрпаққа елімізді, егемендігімізді аманаттауымыз үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің мойнымызға түскен жауапты іс. Амандық болса тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын, тіпті 100 жылдығын дүрілдетіп тойлайтын балаларымыз аман болсын. Біз солармен мәңгіміз. Тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын!
Фариза ЕРБОЛАТ,
Абай атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі