Биыл – Алаш баласын шексіз қуанышқа бөлеген, арманымызды ақиқат еткен, іргелі ел, дербес мемлекет екенімізді әлемге жария қылған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ғаламат той, зор қуаныш. Теңдігіне қол жеткізе алмай, еңселерін көтере алмай жүрген қанша ұлт пен ұлыс бар жер бетінде. Жаратушы бізге егемендік берді, әлемдегі ең үлкен жер көлемін тарту етті. Оның барлығын жайдан-жай бере салған жоқ. Ниет, пейілімізге, ата-бабалардың жылдар бойы төгілген қаны мен қиылған жандарының ақысы ретінде берді.
Білім саласында қызмет етемін. Алты жылдан бері Абай атындағы орта мектебінде математикадан дәріс беремін. Соңғы кезде маман тапшылығы бар, әсіресе нақты пәндерге қатысты деген әңгіме жиі айтылуда. Өзім Абай атындағы қазақ педагогикалық университетін тамамдаған жас маманмын. Математикпін. Математика барлық пәндердің атасы деген бұрыннан келе жатқан қағидат бар. Біреулерге қиын көрінетін, екіншілеріне алынбайтын асудай болатын бұл пәнді мен жан қалауыммен таңдадым. Сондықтан балаларға өз пәніме қызығушылықтарын арттыру үшін бар білімімді сарқып, үйретуден жалықпай келемін. Оны мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қосқан үлесім деп білемін. Елдіктің еңсесін тіктеген Елбасы жүзеге асырған салиқалы саясаттың сабақтастығын халық сайлаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тың серпінмен жалғастырып, соңғы жылдардың үлесіне тиген сынақтарды да абыроймен еңсере білдік. Мемлекет басшысы жаһандық жаңа ахуал жағдайындағы жүрер жолымызды, барар бағдарымызды белгіледі. Халықтық реформалар арқылы жаңа деңгейдегі мемлекетке айналуды көздейтін ілкімді бастамалар іске асырыла бастады.
Төтеннен келген тосын індетке қарсы күрес те жүйелі жүрісіне түсті. Әу баста қашықтан оқудың қиындығын қатты сезіндік. Оған да үйрендік. Бірлесе жүріп ол күндерден де өттік. Бұл кезең халқымыздың өзгенің қайғысы деп бөлмейтін ізгілігі, қайырымдылығы сынды ежелден қанында бар қасиеттері айрықша айшықталып, білекке білек қосқанда еңсерілмейтін қиындық жоқ екенін көрсетті. Қазір балалар офлайн оқуда. Өткен жылы жіберіп алған кемшіліктерімізді, ұтылған уақыттарымызды қайтадан еңсерудеміз. Биыл ерекше жыл. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы жете алмай кеткен арманына, еркіндігіне, бостандығына біз жеттік. Басымызға бақ қонды. Ендігі тілек – оның мәңгілік тұрақтап қалуы. Басқа қонған бағын бағалайтын ел байлығын еселей отырып, тек алға ұмтылатын біздің ұрпақ. Еліміздің болашағы да біздің қолымызда. Біздің басты байлығымыз – пейілі даладай дархан, бірлігі болаттай берік, Алатаудай алып халқымыз! Тамыры терең, қазығы берік осындай елі бар мемлекеттің Тәуелсіздігі де баянды болады деп сенеміз. Мемлекетіміз қуатты, Тәуелсіз еліміз бақытты, еркін халқымыз бай-қуатты болсын деп тілейміз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында алар асуларымыз көп болғай!
Біржан БАҒДӘУЛЕТОВ,
Абай атындағы орта мектебі математика пәнінің мұғалімі