Қонаев есімі ұлықталды

0
553

Тәңірден тарту болған, қазақтың басына бақ болып қонған тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Егемендікті жылдап жырласақ та, айлап әспеттесек те артық емес. Өйткені ол «кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында піспейтін» алтын қазына. Алтын емес ау, баға жетпес байлық, бақ, дәулет. Азаттықтың ақ таңын аңсаған қаншама бабалар басын бәйгеге тікті. Қаншама батырларымыз ұрыс даласында мерт болды. Ал бүгінгі ұрпақ, бізге сол бақ қонды. Ендігі мақсат – сол бақты басымыздан тайдырып алмау. Алладан келген, бабадан қалған аманатқа қиянат жасамау.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауданымызда көптеген шаралар өтті. Солардың бірі де бірегейі – Шарын ауылындағы Шарын орта мектебіне аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, халықтың ардақты ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін беру шарасы.

Кейінгі ұрпаққа мәңгі өлмейтін ғибратты,  мағыналы сөз қалдырған біртуар азаматтың  мәртебесін асқақтатып, есімін білім ордасына таңдау – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында қолға алынып отырған игі істердің бірі. Шарын ауылына бірнеше мәрте атбасын бұрып ұжымшар еңбеккерлерінің ерен тіршілігімен танысқан, халықтың ардақты ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімімен білім ордасын атау шарасына алыс-жақыннан келген қонақтардың саны көп болды. Олардың қатарында қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов, Ресей көркемсурет Академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан көркемсурет Академиясының академигі, мүсінші Тілеуберді Бинашев, «Тұран ТВ» телеарнасының президенті  Роман Ботабеков сынды біртуар азаматтар да бар. Білім ордасына орналасқан арнайы тақтаның  ашу құрметіне аудан әкімі Шухрат Нурахунов, Социалистік Еңбек Ері Рахилям Сеитова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері мүсінші Тілеуберді Бинашев, «Тұран ТВ» телеарнасының президенті  Роман Ботабековтер ие болды.

Мұнан соң «Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне  заманның заңғар тұлғасы, кемеңгер азаматы Д.А.Қонаевқа арнап қойылған бюстің салтанатты ашылуы өтті.  Мектеп дәлізінде жалғасқан шарада алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Шухрат Нурахунов алып, «Ұлы адамдар өз ескерткішінің тұғырын өзі орнатады, ал мүсінін болашақ соғады» деген Виктор Гюгоның қанатты сөзін тілге тиек етіп, халықтың дара тұлғасы Д.А.Қонаевтың есімін ұлықтау, ұрпаққа ұлағат ету бүгінгі аға буынның парызы екендігін екшеп айтып, қадірлі мереке тәуелсіздік күні қарсаңында осындай ұлы шараның өтуі ауданымыз үшін мәртебе екенін жеткізді. Алыс-жақыннан келген қонақтарды тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.

 

 

 

Д.А Қонаев бюстінің салтанатты түрде лентасын қиып, ашу үшін аудан әкімі  Шухрат Турдахунұлы, Ұйғыр ауданы және Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынұлы, мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы  ортаға шақырылды. Қазақтың маңдайына біткен дарабозы Дінмұхамед Қонаев бюстіне гүлшоқтары қойылып, келген қонақтар естелік суретке түсіп жатты. Дана тұлғаның дара бейнесі ерекше талғампаздықпен жасалғаны, аса жауапкершілікпен қолға алынғаны анық байқалып тұр. Шын мәнінде осындай өр тұлғаның есімінің білім ордасына берілуі қарадалалықтардың қуанышына қуаныш қосты.

Салтанатты шараның жалғасы мектептің спорт залында өтті. «Тәуелсіздік  ұраным – Мәңгілік Ел тұрағым» атты театрландырылған сахналық қойылым сонау Күлтегін бабамыздан тартып бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің құрылуына дейінгі заман иірімдеріне апарып қайтты. «Мәңгілік Ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, терең тарихымыз бен мыңжылдық болашағымызды сабақтастарып, көпұлтты Қазақстан халқы Мәңгілік Ел болудың дара жолына түсуі көрініс тапты. Шарын ауылына Д.Қонаевтың келуі де көрсетілді. Оқушылар мен ұстаздардың асқан шеберлігімен дайындалған қойылым келген қонақтардың көңілінен шықты.

Осындай мазмұны ерек қойылымнан соң шараға арнайы келген қонақтар сөзге шығып, өз дәуірінің дарабозы болған тұлғаның есімі осындай білім ордасына берілуін жақсылыққа балап, естелік сыйлықтарын да табыс етті. Тіпті мектеп мұражайына Дінмұхамед Ахметұлының өзі ұстаған заттары табыс етілді. Қорытынды сөз алған мектеп директоры Нұржамал Сүйірбаева егемендік алып, еңсе тіктегелі ел есінде қашалған қадірлі есімдер қайта жаңғыра бастағанын, солардың бірі Д.Қонаев екенін, оның бейнесі ұлттық қасиет-қалыбымыздың айнасы ретінде әйгіленіп, ұрпаққа жол көрсетер бағдаршамға айналғанын айтып, осындай ұлы істің нәтижелі болуына үлес қосқан азаматтарға алғысын айтып, арнайы дайындалған сый ретінде шапан жауып, құрмет көрсетті.

Қазақтың тасын түртсе, тарих сөйлейтін тарлан даласында ел арманымен егіз тағылымды тұлғалар аз болмаған. Өткеннен өнеге алмай, бабалар рухына тағзым етіп, салауат айтпай, кемел келешекке керуен тарта алмасымыз анық. Бабалардың арманын көкірегіне түйіп, асыл қасиеттерін кейінгіге аманаттап келе жатқан жандардың арқасында ғана Алаш жұрты азаттыққа иек артты. Тәуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Осы азаттығымыз мәңгі болуы үшін ұлыларымызды ұлықтап, тарихымызды тасқа қашауымыз қажет. Біз бүгін осы жолда еңбек етудеміз. Өйткені Қарадаламның төсінде тағы бір тұлға төрге озды.

Анар Дүйсенбайқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…