Кітапхана – киелі орын. Онда өзіңнің өміріңе қажетті рухани азықты еш қиындықсыз ала аласың. Елбасымыздың «…Болашақта кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады» деген сөзі әрқайсысымыздың көкейімізде жатталып, жадымызда сақталуы тиіс. Тәуелсіздік заманы – Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың ең алдыңғы қатарына шығарды. Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет.
Тәуелсіздікке жету кезіндегі үзілген тағдырлар, төгілген көздің жасы, судай аққан қан, бабалардың арманы бір арнаға тоғысты. Тәуелсіздік – бабалардың білегінің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген жеңіс. Ата-бабалар бұл жеңісті сан ғасырлар бойы аңсады. Әйтеуір осындай күннің туатындығына имандай сенді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан мемлекетінің Тәуелсіздігі жөніндегі декларациясы қабылданды, ал 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігі жарияланды. Тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Міне биыл сол тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына нақты қадам 1991 жылдың 16 желтоқсанында бекітілген болатын. Осы 30 жыл ішінде шекарамыз бекіп, рәміздеріміз асқақтап, көк туымыз көк аспанның астында желбіреп келеді. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы біздің мемлекет көптеген жетістіктерге жеттік деп нық сеніммен ауыз толтырып айта аламыз. Тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай оны ең қымбат бұйымымыздай етіп құрметтеп, келер ұрпақтар қолына аманаттап тапсыруға тиіспіз. Елімізді ішкі-сыртқы дұшпандардан қорғауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болмақ.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Елбасымыз «Оқуға құштар мектеп» жобасын енгізген болатын. Жобаның мақсаты – кітапханаларды жаңа әдебиеттермен толықтыру, сонымен бірге оқушы, ұстаз, ата-аналардың кітап оқуға құмарлығын арттыру. Қалай болғанда да адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен тығыз байланысты. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес кітапханамыз жаңа кітаптармен толықтырылып жатыр. Жаңа көркем әдебиеттер, балаларға арналған түрлі ертегі кітаптардың келуі бізді қуанышқа бөлеуде. Жаңа кітаптардың келуіне орай оқырмандардың да саны артуда. Өйткені жаңа кітапты оқуға құмар оқушылар бірінен бірі естіп, толассыз келуде. Жоба аясында кітапханамызда көптеген шаралар өтті. Соның ең әсерлісі – Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай 5 сынып оқушыларымен «Кел, балалар, оқылық!» атты шара. Оқушылар ақын өлеңдерін жатқа мәнерлеп айтып, ағартушы, ақын өмірінен, шығармашылығынан қойылған сұрақтарға белсене жауап берді. Сонымен қатар оқушылар ақынның «Бақша ағаштары» атты әңгімесінен сахналық қойылым көрсетті. Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарының артқанын осындай басқосуларда нақты біле аламыз. Бұл жолы да солай болды. Қойылым өте сәтті шықты.
Білім – кітапта. Кітапқұмар адамның жан дүниесі, рухани ішкі түйсігі бәрібір биіктеу болатындығында дау жоқ. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерде отырады, қажетті ақпараттарын әлеуметтік желіден тауып ала қояды. Бірақ олардың сөздік қорлары көп болмайды. Сөйлегенде, жазғанда ойын жеткізу барысында білімсіздіктері байқалып жатады. Сондықтан кітап оқитын адам бәрібір білім жағынан озық тұратындығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы болып, егемен елдің ұрпағының еңсесі биік, көкірегі ояу, керегесі кең, терезесі тең болсын деп тілек айтқым келеді. Мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Тәуелсіздік жай ұғым емес, қасиетті, сондықтан оны қастерлей білейік.
Қарлығаш КЕГЕНБАЕВА,
Қырғызсай орта мектебінің кітапханашысы