Басты бет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Қуатты ұлтқа, шуақты халыққа айналдық

Қуатты ұлтқа, шуақты халыққа айналдық

0
913

Тәуелсіздік атты қасиетті той­дың 30 жылдығына қандай жетістікпен келдік деген сұраққа жауап іздер болсақ, ауыз толтырып айтарлықтай дүниелер өте көп екен. Отыз жылда ел таңданатындай, жұрт қызығатындай мемлекетке айналыппыз. Жаңа астана салыппыз, бұрын ешқашан болмаған білім ордаларын ашыппыз. Ата-бабамыздан мұра болып қалған жерімізге иелік етіп, жаңа моноқалалар бой көтеріпті. Қазақ халқы 1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы Декларация қабылдады, одан әрі 1991 жылы 16 желтоқсан күні Тәуел­сіз­ді­гін жариялап, заң жүзінде шынайы бостандыққа жетті.

Жетпіс жыл бойы үстемдік еткен кеңестік қо­ғам­ның күйреу кезеңіне тап болған біздің ел көптеген қиыншылықтарға тап болды. Айлап еңбекақыларын ала алмай, бір қойын бес сабынға айырбастап, қытайдың арзанқол бұйымдарымен бала-шағасын киіндіріп, ілдәлап күй кешкен әке-шешелеріміз шүкір, бүгінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуірде өмір сүруде. Бір қуанарлығы үлкендер айтпақшы: «күннің жаманы кетті». Ендігі тарих өз қолымызда. «Мен ауызбіршіліктен ай­ны­майтын ақжүрек жұртымның қуат­ты ұлтқа, шуақты ұлысқа айна­ларына кәміл сенемін» деген Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аманатының жүзеге асып жатқанына бәріміз куәміз. Біздің алдымызда мәңгілік мұраттар мен ұлы міндеттер тұр. Ең бастысы – бостандықты баянды ету, сақтап қалу, одан әрі нығайту. Заманына қарай шығарылған аңыз, әфсана болар. Есіме түсіп отыр. Орман ішінде қорек іздеп келе жатқан аш қасқыр ойда жоқта жал-жүні күдірейген, семіздіктен найқалып жүре алмай қал­ған бір итке кездеседі. Бір-біріне тұқымдас жануарлар бол­ға­ндықтан тез тіл табысып, аш қас­қыр иттің мұн­дай тоқтығына сүй­сі­ніп, семіз­дік­тің сырын сұрайды. Ит мақтанып, өзімен бірге жүруді өтінеді. Же­генің алдыңда, же­ме­генің артыңда, яғни аштықтан құтыласың деп жұбатады. Аштық­тан көзі қарауытып жүрген қасқыр бірден келісіп, ере жөнеледі. Жолай келе жатып иттің мойнындағы қар­ғыбауды көзі шалып қалады да, қарғыбаудың қандай қа­жет­тілігі бар екенін сұрайды. Сонда әлгі тоқ ит керек кезінде иесінің қар­ғыбауға шынжыр тағып қазыққа байлап қоятынын ескертеді. Мұны естіген қасқыр «аш жүрсем де, бостандығым қымбат» деп кілт бұ­ры­лып, өз жөнімен кете берген екен. Бұдан шығатын ой бізге керегі тек қарынның қампиғаны немесе тоқшылық емес. Ниетімізге, пейілімізге берген тәуелсіздіктің қымбаттығы. Еркіндігіне қол жеткізе алмай, егемендігін аңсаған қаншама халық бар. Олардың қасында шүкір, бос­тандығымызды айғақтайтын қасиетті Ата Заңымыз бар. Жеке дара мемлекет екенімізді әлемге танытатын ел­таң­ба, ту, гимніміз бар. Ғасыр­лар бойы білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған жерімізді, шек­ара­мызды түгелге жуық белгіледік, бұл да ең қымбат бостандықтың басты сипаты.

Бұрындары жоғары оқу орындарымыз саусақпен санарлықтай болса, қазір білімді толығымен университет, академия дәрежесіне жеткіздік. Мәскеуді менсінбей мұхиттың арғы жағына бала оқы­тып жатырмыз. Мемлекет дарынды балаларға арналған «Болашақ» бағдарламасын жасады. Білімге құштар жандар дамыған елдердің ең мықты жоғары оқу орындарына түсіп, оның магистратурасын, докторантурасын кілең бестік бағаға тамамдап, шетелде қызмет етіп жатыр. Алысқа бармай-ақ өзіміздің ауылдың тумасы Еркебұлан Солтыбаевты алайықшы. Англияның ең іргелі жоғары оқу орнын бітіріп, білімінің арқасында қазір сол елде белді қызметте. Білім туралы айт­қанда тілді де ұмытпауымыз керек.  «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», бұл да есіктегі тілімізді төрге шығарудағы игілікті қадам.

Өзім Сүмбе орта мектебінде информатика пәнінен сабақ беремін. Заманның талабына, уақыттың тезіне сай ақпараттың дамыған заманы болғандықтан балаларға цифрлы технологияны үйрету үшін өзімнің жаныма жақын пәнді таңдадым. Қазіргі заман білімділер мен цифрлы технологияны меңгергендердікі. Бостандықтың ең үлкен жетістігі –  өз байлығымызға өзіміз ие бол­дық, кеңес кезіндегі алып зауыттар, комбинаттар, мұнай, газ, мыс, алтын қорларына өзіміздің қолымыз жетті. Еңсемізді көтеріп, бойымызды тіктеп, алпауыт елдермен иық тірестіретін кезеңге жеттік. Шүкір, ендігі міндет тәу етер тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтай түсу. Мұғалімдердің басты мақсаты білімді ұрпақ тәрбиелеу, болашақты солардың қолына табыс ету. Сол жолдағы еңбегіміз арқылы өз еліме қызмет етіп жатырмын деп ойлаймын.

Жадыра ҚҰРМАН,

Сүмбе орта мектебі информатика пәнінің мұғалімі

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…