Ұлт руханиятының нағыз ұлы

0
711

Ұлы композитор, иә ұлы деген сөзге нағыз лайық Ахмет Жұбановтың биыл мерейтойы. 115 жылдығы. Басынан тағдырдың талай тәлкегін өткерген талантты адамның қызы Ғазиза Жұбанова да әке жолын жалғаған дарын иесі. Қазақ музыкасына, руханиятына, мәдениетіне Жұбановтардың қосқан үлесі өлшеусіз. Ағасы Құдайберген тілдің білгірі. Жалпы мәдениет пен өнерге қосқан үлестері үшін Жұбановтардың есімдері алтын әріптермен жазылып, жадымызда мәңгі сақталуы тиіс. Артында өшпес мұра қалдырған, ұлттық музыканың негізін қалаушы, ұлт руханияты ұстындарының бірі де бірегейі Ахмет Қуанұлы Жұбанов жайлы бар білгенімізбен оқырманмен бөліскіміз келді. Әрине оны бір бетке сыйғызу мүмкін емес. Сазгерлігі бір төбе, адами бейнесі мен азаматтығы бір төбе десек, ұлтжандылығын сөзбен жеткізе алмаспыз әсте. Сонда да ұқсап бағалық.

Туған ағасы тіл білімінің білгірі Құдайберген Жұбанов алғаш рет қазақ күйінің құдіреті туралы жазған мақаласы үшін «халық жауы» атанады. Бұл «атақ» Ахмет Жұбановтың да қыр соңынан өле-өлгенше қалмады. Адамдардың сатқындығы, сауатсыздығы, білімсіздігі, оған қоса орталық комитеттің қазақты ұлт ретінде жою саясатының астары нағыз талант иесін тұқыртып қоймай, рухани жағынан жаншып тастаған. Қудалауда жүрсе де ол өз ұлтына қызмет етті. Елдің санасына нұр құйды, жүрегіне жылылық сыйлады. «Ұлтшыл» деген қыр соңынан қалмаған жаламен денсаулығына зиян келтірді.

Басына қара бұлт үйірілген тұста филармонияның есігінде отыратын вахтер оны ғимаратқа кіргізбей қойған сәттер жүрегіне қаншалықты салмақ салғандығы айтпаса да түсінікті. Жаны нәзік адам үшін ауыр соққы. «Өзі асырап, күшік еткендер» балағын қанатып, соңына шам алып түседі. Адам жанын қорлау, қиянат жасау қазір де үрдіс алып тұр ғой, жасыратыны жоқ. Ол замандарда тіпті лауазым үшін, қызмет үшін қандай да бір арсыз қадамдарға баратындардың қарасы көп-ті.

10 000 дәстүрлі әні, 5 000 күйі бар туған халқының музыка өнерін Ахмет Жұбанов өмірінің шамшырағына айналдырып, оны ХХ ғасырда адамзат өркениетінің төріне шығаруда бар саналы ғұмырын сарқа жұмсады. Ұлы Дала төсіне жазып кеткен әуездік шежіре-мұраны түпнұсқалық қалыбында ұрпағына тұтастай жеткізіп, рухани тірегіне айналдырды. Ахаңның ұлттың мәдени-рухани саласына қосқан үлесі ғаламат зор. Өткен ғасырдың 25-40-шы жылдары қазақ халқы үшін адам айтқысыз азап жылдары болғанын тарихтан жақсы білеміз. Осындай қара түнек заманда мейлінше нәтижелі еңбек еткен Ахаңның басынан 1953 жылдың сәуіріне дейін қара бұлт ешқашан сейілген емес.  «Ұлт­шыл» Ахмет Жұбанов кенесаризмнің жақтаушысы, ұлтшылдық идеяны насихаттаушы…» деген айыптар тағылып, соның салдарынан Абай атындағы опера театрының жетекші дирижері, Құрманғазы атын­дағы консерваторияның директоры қызметтерінен, Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының сектор меңгерушісі, доктор, академик, халық артисі лауазымдарынан айырылды. Моральдық тұрғыдан әбден титыққан адамға енді қолданатын ақырғы соққы, оны соттатып түрмеге жауып, үнін біржола өшіру еді. Мәскеуде оқып жатқан балаларының жанына кеткені сондықтан еді.

А.Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Орал облысы, Темір үйезі Темір-Орқаш болысындағы Қусуақтам мекенінің №8-ші ауылында (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы) Жұбанов Қуанның шаңырағында дүниеге келді. Қуан шаңырағы бақ-берекелі, көп балалы құтты үй болған. Жұбан келіні Бибішынар Тәңірбергенқызы 14 құрсақ көтерген ана. Отағасы Қуан үлкен парасат иесі болған адам. Балаларының қазақ тұрмысында қалыптасқан үй, мал шаруасы дәстүрінен гөрі оқу-біліммен айналысқанын қалаған. Сондықтан да болар Құдайбергені ғалым, Ахметі музыкатанушы болғаны. Інісінің азаматтық ұстамы болып ұлттық қасиетінің берік қалыптасуына, кәсіби музыкант мамандығын таңдап алуына бірден-бір бағдар беріп, нақтылы көмек көрсеткен – осы Құдайберген ағасы. Ахметті 1929 жылы  Ленинград консерваториясына әкеліп гобой аспабы бойынша профессор Павел Ниманның сыныбына түсіреді. П.Ниман болса, консерваториядағы ұстаздық қызметімен қоса, атышулы Андреев атындағы орыс халық аспаптарының көркемдік жетекшісі және бас дирижері болатын. Кәсіби өнердің биік шыңын меңгеруге құлаш ұрған, білімге әбден шөліркеген Ахмет Жұбанов осы ұжымның барлық дайындықтарына қатысып, ондағы дыбыстық-интонациялық иірімдер құдіретіне бөленеді. Осы орта сезімтал Ахметті ерекше әсерлендіріп, қызықтырып, қиялын самғатты.  А.Жұбановтың Ленинград консерваториясында оқыған 1929-1932 жылдар өмірінің ең сәулелі де бақытты кезеңі деп бағалауға болады. Музыкалық ғылымға, оның ішінде фольклорға деген Ахметтің қошеметі осы кезде туды. Консерваториядан басқа, Ленинградтың тарихи-лингвистикалық институтындағы лекцияларды үзбей тың­даушысы болған құлшынысы оған КСРО Ғылым академиясының фоно­архивін­дегі материалдармен жұмыс істеуге жол ашты. Бұл жерде фольклорлық музыкалық шығармаларды нотаға дәлме-дәл түсіру техникасын жетік меңгеруге қолы жетті. Бес жылдық консерватория курсын төрт жылда үздік тәмамдаған Ахметке осы қаладағы Өнертану акаде­миясының аспирантурасына, оның музыка бөліміне жолдама берілді. Бұл оқу орнында музыка зерттеу, жалпы әлеуметтік және философиялық-экономикалық пәндерден басқа, неміс, француз тілдерін құлшыныспен меңгеруі басталады. Ленинград қаласында оқып жүрген бүкіл Орталық Азия кеңістігінің жалғыз өкілі – А.Жұбановтың ендігі арманы қазақ жастарына мемлекет тарапынан жаппай музыкалық білім беру мүмкіндігін туғызып, жүйелі түрде бұл саланың кәсіби мамандарын даярлау еді. Осы мақсатта ол өзіндегі уақыт зәрулігіне қарамастан «Музыка әліппесі» педагогикалық оқу құралын 1932 жылы жарыққа шығарды. Бұл қазақ тіліндегі тұңғыш әдістемелік кітап болды. Қазақтың тіл білімінің негізін қалаушы, аса көрнекті түркітанушы, филология ғы­лымдарының докторы, әлемнің 16 тілін еркін меңгерген, көбіміз біле бермейтін «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы» ғылыми-зерттеу еңбегін жазған, «ән», «би», «бақсы», «жыр», «домбыра», «күй», «қобыз», «сыбызғы», «толғау» атау­­ларының этимологиясын ашқан, дәс­түрлі музыкамыздың тарихы өзінің қайнар бұлағын көне дәуірден алатынын дәлелдеген қазақтың тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов болды. Оған 38 жасында «халық жауы, жапон империализмінің шпионы» деген айып тағылып, 1937 жылы 23 желтоқсанда ату туралы үкімі шығарылды. Оқымыстылар мен зиялыларға қырғидай тиген репрессия бұл шаңырақты да айналып өтпеді.

Қызы Ғазиза Жұ­банова әкесі жайлы жазған кітабында «Ұлы адамды қорлаудың осы бір ақылға сыймас түрін есіме ал­ған сайын жүрегім сыздайды. Әңгіме осымен бітсе жақсы ғой. Баяғы арызқойлар ескі әуеніне қайта басып, Орталық комитетке менің әкемнің үстінен тағы да «ұлтшыл» деген айып тағып, көл­дей хат жазды. Тағы да азапты күндер басталды. Сондағы қойған кінәсі, әкем декада бағдарламасына «Руслан мен Людмила» атты орыс операсын ендірмепті. Біздің қоғамда қандай жабайы ғадеттер болды десеңізші. Ко­миссия мүшелері тарапынан қойы­лымы және орындалуы жа­ғынан әлсіз деп танылып, қатты сынға ұшыраған спектакльге де ақыр соңында «ұлтшыл» Жұбанов кінәлі болып шығады. Сол кездегі Орталық комитеттің бірінші хатшысы болған Беляев деген біреу: «Ол ұлтшылды осылай тұзаққа түсірдік қой» деп масаттаныпты. Сөйтіп екі жыл ғұмырын арнап, бүкіл одақты тамсандырған декада хикаясы әкемнің қайтадан төсек тартуымен аяқталды. Қысқа­сы бұл декададан жұрттың бәрі алпыншақ-салпыншақ тағынып, күйеуім Мәмбетов екеуміз де бір­деңе алып жатқанда, сол үшін өмі­рінің жартысын беріп, ауру тап­қан әкеме ештеңе бұйырмады, деп жазады Ғазиза. Қандай өкінішті. Ұлтының мәдениетіне өмірін сарп еткен асыл ердің намысы мен жігері тапталмай, керісінше жанын садаға еткені нағыз ердің ісі.

Әрине Ахаңды тұқыртудың басы бұл емес еді. Әсіресе 1948 жылғы космополитизм науқаны басталғанда ұлт зия­лыларына екі күннің бірінде «ұлтшыл» деген айып тағылып жатты. Әрине бұл бәлекет Ахаңды да айналып өтпеді. «Қазақ халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы» атты кіта­бын­да жарияланған Кенесары жө­ніндегі халық әуенінің нота­сын бір сылтау етсе, оркестр құра­мын­дағы Бөкейхановтар үшін де жауығушылар қаптады. Әйтеуір бұл зұлматтан аман қалды дегені болмаса, консерваторияның тұң­ғыш профессоры, тұңғыш кәсіби музыкант, академик-композитор, дирижер – сан қырлы қазақ тағы да жұмыссыз қаңғып қалды.

1945 жылы соғыстың бітуіне екі ай қалғанда демалысқа келген Нұрғисаны Ахаң республика партия ұйымының хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жетектеп барып, «Жұмеке, бұйыртса жеңістің де төбесі көрініп тұр. Бізге домбыра­шы жетіспейді. Нұрғисаны алып қалу керек» деп өтініш айтады. Хат­шы өтінішті орындайды. Ахаң­ның бұл жақсылығын Нұрағаң ешқашан есінен шығарған емес. «Мына мен өмірімде Ахаңсыз сөй­леп көрген емеспін, Ахаңсыз дири­жерлік етпеймін, Ахаңсыз өмір сүріп көргенім жоқ. Мы­нау Ахаңның маған 1937 жылы сый­­лаған домбырасы. Міне, 60 жыл болды. Ахаң болмаса, анау Қаршыға, мынау Бек бола ма, анау Құрманғазы оркестрі, «Отырар сазы» бола ма? Міне, сол Ахаң менің бесікте жатқаннан, жалпы өмірде бағынатын пайғамбарым» деп ағынан жарылған екен. Бұдан артық қандай баға керек.

Қазір мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тағдыры туралы қоғамда әлі күнге шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Ал Кеңес өкіметінің тұсында туған тіліміздің жағдайы қалай болғаны айтпаса да түсінікті. Ахмет Қуанұлы соған қарамас­тан кандидаттық, докторлық диссертацияның басым көпшілігін қазақ тілінде жаздырып, қорғатып, ғылым тіліне айналуына зор ықпал жасады. Осы үшін де ғылыми кеңестерде талай мәрте айтылатын «ұлтшыл» деген айыпқа да еті үйреніп кетті. Ахаң туралы кейбір естеліктерде ұлт музыкасы, жалпы тарихы туралы айтқанда оның бо­йында ешқандай қорқыныш сезімі болмайтыны, ойындағысын айтып та, жазып та кеткені айрықша аталып көрсетіледі. Тумысынан тектілік пен да­ланың даналығын бойына жиған дегдар Ахаң соның біріне де қыңбады. Халқы үшін ақылдың азабын кешуді зор бақыт көрді.

Ұлт тарихын түгендеу, ұлттың төлтума музыкасын зерттеу, бар болмысын бүтіндеу жолында ақылдың азабын тартқан арыстарымыз аз емес. Сол ақылдың азабын бір емес, бірнеше кісідей көрген Ахмет Жұбанов болмағанда ұлт музыкасының тай­қазаны бүгінде қалай тасып, қалай қайнар еді деп ойлаудың өзі де қорқынышты.

Баспасөз беттерінен дайындаған Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…