Басты бет Әлеумет Рухани тәрбие – ұрпақтар сабақтастығының негізі

Рухани тәрбие – ұрпақтар сабақтастығының негізі

0
1,171

       Қоғам өміріндегі маңызды құндылықтардың бірі – ұлттық құндылықтар. Ол белгілі бір этникалық қауым өкілдерінің өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Мемлекет басшылыққа алатын құндылықтар, идеялар мен басымдықтар жүйесі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерінде тұжырымды түрде баяндалған. Бұлар – ұлтаралық келісім және ұлттар арасындағы бірлік, қазақстандық патриотизм, жоғары тіл мәдениеті, толеранттылық, тұрақтылық және жаңғырту.

Ұлттық құндылықтар көп жағдайда діни құндылықтармен үйлесім табады. Бұл біріншіден діндердің қоғам өмірін реттеу мақсатында қалыптасқан институт ретіндегі қызметімен үйлесіп жатса, екінші жағынан көптеген ұлттардың дәстүрі өздерінің ата діні саналатын әлемдік немесе ұлттық діндердің аясында дамығандығымен де байланысты болады.

Ал қазіргі қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жаңғырту, ана тіліміздің мәртебесін көтеру сынды ұлттық құндылықтарымызды өркендету – өзекті мәселелер қатарында. Осы ретте бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы – отбасы екені даусыз. Бала санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарас пен қазақы тәрбиені, мәдени мұраларымыз жайлы түсініктерді сіңіретін де – отбасы. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастырған абзал.

Қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру болғаны да белгілі. Осыған орай қазақ халқы тілі мен дінін, салт-сана, әдет-ғұрпын сабақтастыра отырып ұрпақ санасына сіңіре білген. Ал дін құндылықтарының ішінде бейбітшілік пен келісім ерекше орын алады. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Яғни дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде ел азаматтарын отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.

Қорыта келгенде, біздің қоғам алдындағы мақсатымыз – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Әрине, тәрбие жан-жақты болғаны абзал. Дегенмен, «тәрбие – тал бесіктен» демекші, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіріуде отбасының орны орасан зор екені даусыз. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Ал шынайылыққа айналып, сара жолға түскен тәрбие – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.

Сағыныш ЖАҢАБАЙ,

Дін саласындағы мәселелерді зерттеу

орталығы директорының орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға және тілеулестік танытқан шет мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін қазақстандықтарға және шет мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдірді.