2021 жылы 28 сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті. Оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ аймақтық және республикалық этномәдени бірлестіктерінің төрағалары, саяси партиялар, діни бірлестіктер, Парламент депутаттары қатысты.
Сессия барысында Елбасы Ассамблеяның алдына қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Өзінің төл баласына айналған ҚХА мүшелеріне елдегі татулық бен достықты ту ету міндетін жүктеді. Сессияда ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің басшылары, аймақтардан келген делегаттар, жұмысшы өкілдері, спорт, азаматтық қоғам өкілдері, жастар сөз сөйледі. Олардың да ойлары бір арнаға тоғысып, мемлекеттің тұрақтылығы мен беріктігі жолында аянбай еңбек етумен бірге халықтар достығы, ұлттар арасындағы татулықты дәріптейтіндіктерін жария етті. Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі айрықша екендігін де айтысты.
Сессия соңында жиналғандарын назарын өзіне аударған Елбасы Н.Назарбаев: «2019 жылдың 18 наурыз күні өзімнің Президент ретіндегі өкілдігімді тоқтататындығымды жариялаған едім. Сол кезде өз таңдауымды да білдіргенмін. Бүгін сол таңдауымның дұрыстығына көзім жетті. Мен бүгін сіздермен бірге алға қадам тастаймын. Бұл қадам мен үшін аса құнды. Біз Ассамблеяға оңай жолмен келген жоқпыз. Менің бағытыма қолдау көрсеткен Ассамблея мүшелеріне алғысым шексіз. Конституциялық заң мен Ассамблея туралы заңға сай мен өмір бойы Ассамблеяға жетекшілік ете аламын. Мен сіздермен әркез біргемін, сондықтан өз өкілеттімнен бас тартамын. Ассамблея Президентпен бірге болып, оған тірек болуы керек. Сондықтан Ассамблеяны басқару жөніндегі өз құқымды Президентіміз Қ.Тоқаевқа табыс етемін»,– деді.
Сессияға қатысқандар Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының табысты болатындығына сенімді түрде тарасты.
Баян Мамырбаева