Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен жүрген депутаттыққа үміткерлер «Есіктен есікке» акциясы аясында Шонжы ауылының тұрғындары Болат аға мен Құрманхан апайдың шаңырағына барды. Болат Әлдибаев ағамыз саналы ғұмырын ауданның ветеринария саласына арнаса, Құрманхан апай шәкірт тәрбиелеп, ұзақ жыл Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектебінде ұстаздық етті.
Аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде Мәулен Нұров ауылдың зиялы қарияларына «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеп, бүгінде ел құрметіне бөленген жандар еліміздегі саяси науқаннан хабардар екен. Үміткерлердің әңгімелеріне қосымша ол кісілердің өз айтарлары болды. Зиялы қауым өкілдері «Nur Otan» партиясының атқарып жатқан жұмыстарына дән ризашылықтарын білдірді. Болат аға өз ұл-қыздарының Қазақстанның әр түкпірінде адал қызмет атқарып жатқандығын айтып, олардың бақытты, бейбіт өмірлері үшін партияға алғысын жаудырды. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығын, көрегендігін, болашақты болжай алатын ерекше қабілетін де сөзге қосты. Тәуелсіз еліміздегі кез келген жетістік, кез келген табыс «Nur Otan» партиясының бағдарламалары арқылы жүзеге асқандығын апай екеуі жарыса айтысты. Партия жұмысын жаңғырту, тың бағыт сілтеу – бұл партия мүшелерінің санасы мен іс-әрекетіндегі түбегейлі өзгеріс, бұл өзекті мәселелерді шешу, әр адаммен тікелей сұхбаттасу, заманауи сұрақтар мен сауалнамаларға жауап беру. «Nur Otan» партиясы алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарымен белсенді түрде айналысып, қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің шешілуін, халыққа берген уәделердің орындалуын мұқият қадағалап, партия жұмысын жүйелі жаңғыртып келе жатқандығын айтып, бұл үрдісті жақсылыққа балады.
Үміткерлерге сәт сапар тілеп, партияның алдағы додада жеңіске жетуіне тілектестіктерін білдірді. Атаның ақ батасын арқалаған кандидаттар «Есіктен есікке» акциясын әрі қарай жалғастырып, ауылдың сыйлы ақсақалдарының үйін аралауды жалғастырды.
Луиза ЗАКИРОВА