Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналған «Nur Otan» партиясының азаматтық қоғамда орны бөлек. Сондықтан менің таңдауым осы партияға түсті. Өйткені биліктің партиясы атанған бұл партияның жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан оған деген сенімім арта түсті. Саясатқа, қоғамдық жұмыстарға онша мән бермейтінмін бұрындары. Биыл партияішілік праймеризге көп балалы ана ретінде түсуге ұсыныс түскенде алғашында ойланып қалдым. Әу баста шыны керек саясатта нем бар, саясат менің балаларым емес пе деген ой келді. Сосын өзім өмір сүріп отырған қоғамның бір мүшесі ретінде мен неге сырт айналуым керек деген қарсы пікір туындады іштей. Ерінбей, жалықпай праймериздің ережесімен таныстым. Әрі қарай іштегі намысым ба, жоқ әлде көп балалы аналарға орын беріледі деген ұсыныс дем берді ме, бағымды сынап көргім келді. Елдің алдына шығып сөйлеп үйренбегендіктен, көптің сұрағына жауап бергенде күмілжіп қалмаймын ба деген сияқты сұрақтар мазалағаны да рас.
Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келгендер екен. Оншақты бала өсіріп, оларға лайықты білім берген қаншама отбасын білемін. Үлкенінің айтқанын кішісі тыңдап, үлкеніне сыймай қалған киімін кішісі тоздырып, ағасының айтқанын бұлжытпай орындайтын інілері өскен ортаны да көрдік. Олардың өзіндік ереже, талғамдары, ой, пікірлері, тәрбиедегі өзгешеліктері байқалып тұрады. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңғалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы, үйлендіру, баспана әперу сияқты қарапайым тіршіліктегі мұңы болғандықтан, көп балалы отбасына аса бір ыждаһаттылықпен қарайтын жетекші саяси партия – «Nur Otan». Оның Төрағасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін, партия үшін төккен терін ешкім жоққа шығара алмас. 1999 жылы негізін қалаған партия өз қатарына миллиондаған қазақстандықты жинады. Партия еліміздің негізгі саяси күшіне айналды.
Ережеге сәйкес, праймериздің міндеті – «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру, елді дамыту мәселелерін талқылауға көпшілікті жұмылдыру, аймақтардағы жүйелі жұмыс үшін өзекті мәселелерді анықтау, сондай-ақ, кандидаттардың жеке жауапкершілігін арттыру. Міне осындай артықшылықтары мені қызықтырып, праймеризде бағымды сынап додаға түстім. Ең қызығы үгіт, насихат кезінде ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп, олармен болған сұхбаттасу маған қатты әсер етті. Өзімнің білетіндерімнен білмейтіндерім көп екен. Талай дүниені түсіндім. Өзім сияқты көп балалы аналардың қамы үшін олардың мұңын жоқтап, жоғын түгендеу үшін депутаттықта мен сияқты көп балалы ананың қажеттігін түсіндім. Сол үшін де алдыма қойған міндеттерімді, бағдарламамды алға тартып көпшілікпен бөлістім. Бұл маған басқаша серпін берді. Қызметім ұлттық табиғи паркінде болғандықтан, таңғажайып табиғатымыздың сақталуы жолында еңбек етудемін. Балаларымның болашағы, олардың таза жерде, сәнді орманды алқапта өмір сүрулері үшін ана ретінде, маман ретінде қызмет етемін. Ал «Nur Otan» – менің бастамаларыма мұрындық, жебеуші болған қолдаушы күш. Өйткені оның құрамында болмасам, оның қолдауын көрмесем мен үлкен сайлау деген сынаққа түспеген болар едім. Нәтижесін уақыт көрсетер, дегенмен партияның атынан өзімнің пікірімді, ана ретінде айтатын ойымды жеткізуге мүмкіндк берілген оңтайлы сәтті қалт жібергім келмегені рас. Біз – намысшыл халықпыз. Нәзікжанды болсам да намысым мен жігерім жаншылмаған жанмын. Ауданымыздың гүлдене түсуі жолына өзіндік үлесімді қоса алсам онда менің өмірге бекер келмегенім. Алтын көпір болған партияның жеңісіне сенемін.
Гүлзат ОРЫНБАЕВА,
аудандық мәслихат депутаттығына кандидат