«Nur Otan» партиясының ғимаратында сайлауалды штаб орналасқан бөлмеде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне үміткер кандидатпен кездесу өтті. Жиын тізгінін қолына алған «Nur Otan» партиясы Ұйғыр аудандық филиалының консультанты А.Ташкенов жиналған партияластары алдында партияның бүгінгі іс-әрекеттері туралы, оның беделі мен халық алдындағы абыройы жайлы біраз көсілді.
Елбасымыз іргетасын қалаған көшбасшы партиямыз еліміздің саяси арнасында күні кеше үлкен әлемдік тәжірибені сәтті түрде іске асырып, алда келе жатқан сайлау науқанына нық сеніммен қадам жасап бара жатыр. Бүгінде партияның аудандық филиалында сайлауалды дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Аудандық және облыстық мәслихат депутаттығына үміткер болып тіркелген кандидаттар да партияның сенімі мен үмітін ақтау үшін барынша үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру үстінде,– дей келе партияның Алматы облыстық филиалынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне үміткерлік білдіріп отырған кандидат Телпекбаева Жанна Тілеубекқызының ортамызға арнайы келгендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар бұл кездесуге партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, партия белсенділері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырғандығын айта келе, алғашқы сөз кезегін ҚР Парламенті Мәжілісіне үміткер Жанна Тілеубекқызына берді. Өз кезегінде ол кісі республика деңгейінде партияның атқарып жатқан жұмыстарын тізбелеп, үміткер ретінде ауданымызға арнайы ат басын бұрғандығын, егер халық қалаулысы деген атқа лайықты бола қалған күнде білім, денсаулық саласындағы кейбір түйіні шешілмей жатқан мәселелерге аса мән беретіндігін айтып сендірді.
Сонан соң сөзге шыққан аудандық білім бөлімінің басшысы Адылжан Аширов білім саласының бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Онлайн жағдайындағы балалардың сабағы, кейбір кедергі болып отырған келеңсіздіктер, шалғай ауылдарда интернет желісінің жоқтығы оқу жүйесіне қолбайлау болып отырғанын жасырмады. Үш ауысымдағы мектептердің жағдайын да сөз етті. Ауданымызда талантты оқушылардың көптігі, сол үшін дарынды балаларға арналған арнайы мектеп ашылса деген ұсынысын жеткізді. Аудандық су құбыры мекемесінің басшысы Абдуманап Илахунов өзінің жұмысына қатысты ауыз су мәселесіне тоқталды. Жалпы аудандағы жағдай жаман емес, дегенмен кейбір ауылдарға әлі күнге таза ауыз суын жеткізе алмай отырғандығын, оған көптеген объективті, субъективті себептердің кедергі болып отырғандығын нақты мысалдармен жеткізді. Ал жастар атынан сөз алған аудандық мәдениет үйінің қызметкері Сағыныш Зиналұлы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының өте игі бастама екендігін, соның арқасында талай жас маман баспаналы болғандығын айта келе белгілі себептерге байланысты кейде уақтылы төленбей қалатын несиенің өсімақысының өте көп мөлшерде өсіп кететіндігіне назын айтты. Жас отбасыларының кейде мүмкіндіктері болмаған сәтінде түсіністікпен қарап, өсімақының пайыздық мөлшерін түсіруге атсалыссаңыз деген аманат арқалатты. Депутаттыққа кандидат Жанна Телпекбаева барлық сұрақтарға шамасының келгенінше жауап берді.
Елбасы өзінің бағдарламалық мақалаларының бірінде алған афоризмі бізге қатты ұнады. «Кеңістік – барлық заттардың өлшемі, уақыт – барлық оқиғалардың өлшемі. Кеңістік пен уақыт көкжиектері тұйықталғанда ұлттық тарих басталады». Шынымен солай. Бүгін біз өз мемлекетіміздің тарихын жасаймыз. Біз өзіміздің тарихи миссиямызға қатысты қандай көзқарастамыз, соған байланысты болашақ та өркендейді.
Ендеше, жарқын болашақ жолында бірлесіп еңбек етіп, еліміздің еңсесін тіктеп, озық дамыған отыз елдің қатарына қосуымызға бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі кездесу «Nur Otan» партиясының абыройын асқақтата түсті. Себебі сол партияның ұстанған бағыты қазақстандықтарды дұрыс жолға салып, еліміздің өркендеуіне бастамашыл болды.
Баян
МАМЫРБАЕВА