Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезінде партияның бүгінде ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын атап өтті. «Біз біргеміз» ұраны қазақстандық патриотизмнің формуласына айналғандығын да айтты өз сөзінде. Пандемияның ең қиын кезеңінде шын мәнінде бірге болдық. Партия мен оның белсенділері халықты біріктіруде өлшеусіз рөл атқарғандығын, «Nur Otan» нақты істердің партиясы екенін сөзбен емес, іспен дәлелдегенін де тілге тиек етті. Яғни «Nur Otan» партиясының беделі мен оның қоғамдағы орнын тағы бір рет айшықтап берді.
Адамдардың не ойлайтынын, не айтатынын, күнделікті тыныс-тіршілігін, немен өмір сүріп, не нәрсеге үміттеніп сенім артатынын біліп отыру кез келген партияның жұмысындағы маңызды ұстаным болса керек. Әрине, уәде беруге келгенде шебер болып алғанбыз. Жұрттың барлығы дерлік осы заманда әдемі сөйлеуді үйренген. Ал солардың ішінде уәдеде тұратындары, айтқан серттен шығатындары сирек, некен-саяқ. Бұл – өмір шындығы. Әйтеуір құрғақ уәдеге бейімделгеніміз рас. Ал енді сол адамдар алдында кімдер уәделерінде тұрды, оларды кім қабылдап, мұң-мұқтаждары жайында кім әңгімелесті? – деген сұраққа жауап іздер болсақ, әрине «Nur Otan» партиясы екендігінде дау болмас. Иә, партияны сынаушылар табылады. Соған құмарлар да бар. Сынауға тұрарлық кемшіліктер де жоқ емес шығар. Өйткені, күрделі де қарбалас жұмыс тұрақты жүріп жатыр. Күтілген нәтижеге әрдайым қол жете бермейтіні де ақиқат. Жұмыс істемейтіндер ғана қателеспейді. Қалай болғанда да бұл ақиқат. Алға жылжу мен ілгерілеу көзге көрініп-ақ тұр. Әрине, іс-қимыл неғұрлым қарқындырақ болса екен дейсің, бірден мол табысқа кенелгіміз
келеді. Долларға тәуелді болмасақ қой, әлемдік қаржы дағдарысы бізге тек оң ықпалын тигізіп, зауыттар ондап емес, жүздеп салынса, жүздеген мың жұмыс орындары ашылса екен деп те тілейсің. Бірақ оның бәрі бірден жүзеге аса қоймайтыны тағы рас.
Ал 20 жыл бұрын қандай едік? Осыны еске алып, ойланатын сәт туды. Қытайдың арзанқол бұйымдарын қанағат етуші едік. Ал қазір ше? Талғамымыз өскен, таңдау бар. Отандық өнімнің сапасы мен бағасы қанағаттанарлық деңгейде. Егемендіктің алғашқы жылдары құлдыраған экономиканы бүгінгі өркениет өріне қара нарша сүйреп шығу үшін қандай толағай ерлік, кемеңгерлік құдірет қажет болды десеңізші. Сол кездерде партия Төрағасы өз партияластарының алдына алыс жылдарды қамтыған ауқымды да асқаралы міндеттер қойды, келешекті қыран көрегендігімен болжай білді. Біздің бүгінгі жеткен ғаламат табыстар, өмірлік ақиқаттар ол кезде көпшілікке орындалмас алыс армандай болып елестейтін. Күмән келтірушілер көп еді. Мұнда мемлекет пен қоғамның мүддесі ғана бар. Ол мүдделер бәрінен жоғары тұруы тиіс. Халық қалаулылары Парламентте ешқашан әлеуметтік мәселелерге дәл қазіргідей көңіл бөлген емес,
бюджетке егжей-тегжейлі қызығушылық танытқан емес, әралуан бағдарламаларды да қазіргідей шұқшия қадағаламайтын. Адамдар осының бәрін көріп отыр. Партия жөнінде өз тұжырымдарын жасап, бағаларын беріп отыр. Ең бастысы, халықтың сенімі мен қолдауы айқын сезіледі. Өйткені, берілген барлық уәделер әрдайым орындалып келеді, елеулі жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Нұротандықтар үшін ең қымбаты – халқымыздың сенімі.
Партия қайда жұмсаса сонда барамын деген сөз болушы еді бұрын. Сол айтпақшы «Nur Otan» партиясына қолдан келген көмегіміздің барлығын жасаймыз. Партияның шешімдері мен алға қойған міндеттері мен мақсаттарын түсіндіру үшін белсенді насихат тобының құрамында көп рет іссапарларға шықтым. Халық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партиясы болғандықтан да «Нұр Отанға» сенеді, көпшіліктің ықыласы ерекше бөлек. Азаматтар құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілердің салғырттығынан шешілмей келе жатқан мәселелерін «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауына арқалап келеді. Оны қатысқан кезімде талай көрдім.
«Nur Otan» белсендісі болғандықтан, тікелей өзімнен де көмек сұрағандар көп болды. Оның бәріне көмек бере алмасам да мүмкіндігінше, шамамның келгенінше жәрдемдестім дей аламын. Біздің қарттарымыз өмірдің қиын-қыстау өткелдерінен өткен білікті, тәжірибелі адамдар ғой. Олар кез келген мәселеге байсалдылықпен, үлкен ұстаныммен қарап, сабырмен салмақтайды. Ешқашан өрекпіп, жоқ нәрседен тулау деген біздің қарттарымызға мүлде жат құбылыс. Сондықтан өмір көрген, тәжірибе жинаған үлкендер партияның нағыз жанашырлары дей аламын.
Алдағы сайлау бұрынғылардан өзгеше болмақшы. Алдын ала праймеризге түскен кандидаттар – тек «Nur Otan» партиясының мүшелері. Партияның күшін, беделін осы дода салмақтап берді. ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар ғасыры десек, үлкен жеңістерге тек білім мен ғылымның жетістіктері арқылы табысқа кенелуге болады. Елдің дамуы адамның біліктілігі мен қабілетіне, жаңа технологияны игеруіне тікелей байланысты. Сондықтан адам капиталын арттыра беруіміз қажет. Ол – білім мен ғылым саласында жүрген азаматтарымыздың алдында тұрған үлкен міндет. Осы жерде де партия мүшелері ғылым мен білім саласының өрге басуына атсалысуы тиіс. Халқымызда «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген ежелден келе жатқан қағида бар. Мәслихат, Парламент сайлауы болсын тек қана білімді, білікті, ертеңімізге күдікпен емес, сеніммен қарайтын, алдына қойған ел дамуы үшін арман, мақсаттары бар жандар өтулері тиісті.
Ызғарбек БЕКТҰРСЫНҰЛЫ,
облыстық мәслихаттың депутаты