Елбасы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын оқып шығып терең ойға қалдым. Нағыз тұлғалар қоғамның, заманның ауысар тұсында дүниеге келеді деген пікірін санамның сарасына салдым. Тарих тереңіне бойлар болсақ бұл шындық. Жаратушы өз мейірі түскен ерекше жанның бойына нұрлы сипат дарытып, замананың сан алуан факторлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды, – дегеніне еш қарсы пікір айта алмаймыз. Абай Құнанбаев ғұмыр кешкен кезең қазақ қоғамының бұрынғы хандық басқару жүйесінен құтылып, алды белгісіз бұлыңғыр сәтке тап болады. Сондай мезгілді өз өлеңдеріне арқау ете отырып, одан шығу жолдарын да түсіндіріп кеткен неткен даналық десеңізші. Орыстар үшін Пушкин, ағылшындар үшін Шекспир қаншалықты ұлы болса біз үшін Абай сондай ұлылардың ұлысы екендігін де әдемі сөздермен әспеттеп жеткізгені жүрекке жағымды жетті. Абайға дейінгі тұлғаларда ақыл айтар, арқа сүйер хандары болса, ал Абайда ондай тұлға болмағандығын да нақты деректермен жекізген. Сол замандағы қоғамдағы кертартпалық, озбырлыққа жаны ауырған Абай салмақты сөзінің бір бөлігін «қалың ел, қайран жұрты – қазағына» бағыштаса, қалған уақытта «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деген сарында өзімен өзі мұңдасты. Даналығынан ғой елі үшін, жері үшін жаны ауырып, әр сөзіне, жырына оның тағдырын таңып қойғаны.
Елбасы Н.Назарбаев мемлекет басқарған жылдары Абай тағылымын ұстаным етіп, дағдарыс жылдары көп дүниені Абай арқылы жасағандығын да жасырмаған. Ұлт татулығы, бірлігі жайында өз әкесі Әбіштен алған тәрбиесін да мысалға алған. Даналықты Абайдан үйренуді, зеректікті Абай арқылы тануды, қоғамды Абаймен жаңғыртуды ұсынған «Абай аманаты» мақаласы әр адамның жүрек түкпірінен орын алып, санасына сәуле құятыны анық. Өз басым осыны ұқтым.
Нұрғалық ҚИСАЕВ, зейнеткер
Қырғызсай