Жыл басынан елімізде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы атап өтілуде. Карантинге байланысты дүбірлі шаралар көп ұйымдастырылмаған болса да, тарихи дата ұмытылып қалмады. Әлемдеге жағдайға қарамастан, Абай мұрағаты өз деңгейінде ұлықталып, маңызы мен мәні зор жұмыстар атқарылды һәм атқарылуда. Осыдан біраз уақыт бұрын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің Абай туралы мақаласымен танысып, рухани азық алған болатынбыз. Енді міне Елабысының мақаласын оқып, Абай әлеміне тағы бір сапар шеккендей күй кештік. Абай – жеке әлем. Ол күллі қазақ халқының айнасы ыспеттес дара тұлға. «Ұлы ақыннан» бұрын, «Ұлы адам» деуге лайықты жан.
Елбасы – Тұңғыш Президентіміз «Абай аманаты» деген мақаласында Абайды қыр-қырынан танытқан. Қазақ халқының қалыптасуымен Абай ғұмырын байланыстырып, мазмұны терең, тәрбиелік мәні орасан еңбекті жаратқан. Мақаланы оқыған кез келген адам басқа әлемге тап болғандай, Ұлы даланың ұлы түлғасы туралы мол мәлімет алады. Елбасы мақаласында ел басқаруда әр қашан Абай мирасын негізге ала отырып шешім қабылдағанын және бүгінгі қоғам көрінісінің соның нәтижесі екендігін сөз етеді.
Тұңғыш Президентіміздің аталмыш мақаласы «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін» деп аяқталады. Ал мен өз сөзімді, қазақты әлемге танытқан Абай есімі Мәңгілік елдің мәңгілік мақтанышы деп тамамдамақшымын.
Бағила МАНЕЕВА,
студент