Ақпараттандыру аса маңызды
Елімізде Covid – 19 вирусын жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып жатқаны баршамызға аян. Халық арасында індеттің жылдам таралып жатқаны ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сақтық шараларын тағы да бір пысықтап, коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау үшін кезекті кеңес отырысын өткізді. Президентіміз осы уақытқа дейін мыңдаған тұрғындардан вирусқа қатысты арыз-шағымдар мен түрлі сұрақтар түсіп жатқандығын айтып құзырлы органдарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл тапсырмасы біз секілді үрей үстінде отырған қарапайым халыққа сенім сыйлады десек артық айтқанымыз емес. Себебі, телеарналар мен газеттер арқылы білікті дәрігерлердің кеңестерін алу біз үшін өте маңызды. Қазіргі таңда халыққа шынайы әрі нақты ақпараттар ауадай қажет. Сол үшін Президенттің тапсырмасы орындалып түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, тұрғындар сақтық шаралары мен вирустан қорғану, емделу жолдарын білсе аурудан тез айығамыз деп ойлаймын.
Толғанай ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Шонжы ауылының тұрғыны