Асқар аға Наймантаев бастаған «Терісқақпай» театры Қарадалаға келеді екен деген хабарды естігенде елең етпеген жан қалмаған шығар ауданда. Ал ауданымызға қойылатын концерт тегін дегенде тіптен көруге ынтық көрермен көп болғаны да рас. Қарадаланың халқы құшағын жая қарсы алды ағамызды. Шонжы, Сұңқар, Ақтам, Тиірмен ауылдарындағы тұрғындарға көңілді күй сыйлап, езуін жидырмай, бір мәз-мейрам етті. Бүгінгі қоғамдың кейбір келеңсіздіктерін әзілмен түйреп ағайынның айызын қандырды. Ағамызбен ере келген қыз-жігіттер де аянып қалмады. Өнерін сарп етті қарадалалықтар үшін. Қазақтың әнімен, жырымен сусындатты. Осы сапары барысында Асқар ағамен емен-жарқын араласып, сұхбаттасудың да сәті түсті.
– Асқар аға, қасиетті Қарадала өңіріне қош келдіңіз. Ең әуелі әңгімеміздің әлқиссасын осы концерт-тің мақсатынан бастасақ…
– Бұл іссапар көптен бері ойда жүр-ген дүние еді. Қасиет қонған, құт дарыған Қарадала сынды тау бөктеріндегі ауданнан шыққан азаматтар бас қосып, сол туған жеріміздің рухани жаңғыруына атсалыссақ деген мақсат қойдық алдымызға. Алты ауданның өнер, әдебиет саласында жүрген азаматтары сол өңірлерді бөле-жармай, түрлі рухани шаралар ұйымдастырсақ деген ой болды. Өткен жылы Райымбек, Кеген аудандарында үлкен шаралар ұйымдастырып, елдің еңсесін тіктеп, рухын асырдық. Жуырда өткен осы ауданнан шыққан Садығожа Мошанұлының 100 жылдық мерейтойынан кейін мұндағы бауырларымызға да қазақы қалып дарытып, ұлттық өнерді ұлықтау қажет екенін ұғындық. Сол қарқынмен осы Қарадаланың да халқын қалыс қалдырмайық деп шештік. Демек, басты мақсатымыз ауылдағы ағайынға өзіміздің бар екенімізді көрсетіп, әзілмен қуантып, бір марқайтып қайтсақ деген ой. Қазаққа қай кезде де бір сөзді, бір мақсатты болуды ұғындыру, қазақтың басы бірігетін әңгімеде жан-жаққа тартпауға үндеу.
– Бұл жолғы тегін концертіңіздің көздегені не?
– Біз әртіс деген халық, елмен етене жүрмесек, естен кетеміз. Бұл жолғы тегін концерт қою идеясын өзім бастадым. Осы уақытқа дейін билет сатып, халықтың қаржысына жан бақтық. Енді бір сәт ойланып, ағайынға өнерімізді саудаламай, тегін концерт беріп қайтайық деп айналамдағы әріптестеріме қолқа салдым. Әзірге «мен» деп өретүрегелген ешкім жоқ. Тек «Терісқақпайдағы» қыз-жігіттерге ойымды айтып, ортаға тастадым. «Менімен еремін, тізе қосамын десеңдер, жүріңдер. Ермесеңдер, еріктерің» деп үндеу тастап едім, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар емес пе, бәрі де «жоқ» демей, жанымнан табылды.
Бізде бастысы сана өзгеру керек. Біз қандай нәрсені болмасын жеке бастың деп емес, жалпы қазақтың проблемасы, қазақтың мүддесі деп қарауымыз керек. Қай салада болмасын, қазақтың проблемасы қазаққа ғана керек екенін ұғынып, санамызды салқынқандылықтан арылтып, рухани кемелденуімізді қолға алуға тиіспіз. Ал ол үшін театрдың, әдебиет пен мәдениеттің үлесі зор.
– Қарадала қалай қабылдап жатыр сіздерді?
– Өте тамаша. Кей кездері зал толтыра алмай әлекке түсеміз. Бұл жолы халық көп жиналып, ине шаншар жер қалмады. Бұл біздің өнеріміздің бағасы деп есептейміз.
– Қалтаның қамы күйттелген заманда алдыңғы орынға өнерді қойып, жаныңызға еріп келген қыз-жігіттермен таныстырып өтсеңіз.
– Негізінен біз «Терісқақпай» театрының мүшелері келіп отырмыз Қарадалаға. Рабиға Ағыманова – белгілі актриса, әнші, «Қарлығаш», «Бастық боламын», «Жабайы адам» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған. Ал Ернар Бейсенбек – көрші Жаркент өңірінің тумасы, әнші, актер, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Арайлым Жұмаділ болса Райымбек ауданының Сарыбастау ауылынан. Ол да ел ішінде танылып келе жатқан актриса. Болашағы зор деп сенім білдіруге тұрарлық қарындасымыз. Сонымен қатар жанымызға дәстүрлі ән өнерінің өкілі ретінде Ержан Смағұлов пен әнші ініміз Нұрлан Сағынайды ерттік.
– Асқар аға, «Тамашаның» дүркіреп тұрған шағында талай сыннан сүрініп жатып сол ортаның тәрбиесін алдыңыз. Бүгінде білдей бір театрдың тізгінін ұстап отырсыз. Тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз бар шығар? Жалпы бүгінгі өнердегі жастарға қандай баға берер едіңіз?
– Талантты жас көп, ол жасырын емес. Шығып жатыр. Ұлы өнердің тілінде айтатын болсақ, қазір Димаштан асқан дарынды жас жоқ. Ал әншейін ән айтуды біліп, ары қарай той жағалап кетіп, сол тойдың төңірегінде әнші боп табылып, бар өресі, бар өскен дүниесі, ортасы сол той арқылы ғана дамып отырса, ол жастардың тоқырауы. Өнердің, өмірдің таяғын жеп нағыз сахнаның адамы болатын өнерпаздың алдын кес кестеп жатқан дүние өте көп. Солардың бір реттік өнерін бағалап жіберіп отырған санасыз ағайынның да кінәсі бар бұл жерде. Мынау керемет екен деп нағыз өнерпаздың алдына ананы шығарып алып, кейін шығарып алғанының ақымақ екенін біліп, қайта артқа тарта алмай қалғандар да бар. Қазір жасқа да, үлкенге де баға бірдей, ішінде тамсандырып жүргендері де бар. Бүгінде жастар ғана емес, үлкендердің өзіне баға беру керек сияқты. Олар үлгі бола алып жүр ме?
Басқаны айтпай-ақ қояйын, менің өз басым кімге үлгі бола алам? Маған жастар ере ала ма? Істеген ісіме еріп, «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей маған ұқсай ала ма? Өнердегі жеткен титтей жетістігімді өзгелер қайталай ала ма? Мен өнерде жаныма келген жастарға мынандай талап қоям. Өз басым актер болып ойнаймын, режиссер болып қоямын, керек кезінде өлең де, сценарий де жазып беремін. Тіпті техниканың тілін үйреніп, компьютердің бағдарламаларын меңгеріп, монтажды да өзім жасаймын. Осының бәрін істейтін менің қасымда бір жас бар ма? Тапсырманы тыңғылықты орындаушылар бар. Бірақ мүлдем мені жоқтатпайтын адам жоқ болып қалады. Мен қасыма келген кез келген жасты сондай дәрежеге жеткізсем екен деймін. Кейбіреуі 1-2 рет сахнаға шыққанына тоқмейілсиді де, менің тоқпағыма шыдамай қашып кетеді. Айтуым жетпей қалған екен ғой деп өзімді кінәлаймын тағы.
– Сіз кімге ұқсағыңыз келіп еді?
– Ооо, менің ұқсағым келген адам көп. Ауылда жүрген кезде көрген үнді киноларындағы батырлардың бәріне ұқсағымыз келді ғой. Радж Капурдан бастап кейінгі Амитабх Баччанға дейінгі актерларға ұқсағымыз келді. Ал дәл осы әртістей болып, сахнаға шыққым келеді, соған ұқсағым келеді деп белгілі бір қазақ өнерінде алдыма пір қылып қойған актер болған жоқ. Себеп, Нарынқолда теледидар пайда болған кезде біз қазақтың емес, қырғыздың телеарнасын көрдік. Одан кейін Мәскеуді ғана көрсетті. Орыстың әртістерін таныдық. Нарынқолдан мектеп бітіріп қалаға келгенде елдің бәрі «Тамаша» деп тамсанып жүрген кезде мен Құдайберген мен Тұңғышбай ағаларымызды таныған жоқпын. Сөздің расы сол. Тұңғышбай ағамның өзін ұстазым ретінде алдына барғанда бір-ақ көрдім. Ұстаздарым Хадиша апай, Тұңғышбай ағалар біреуге ұқсауды емес, өзіңді қалыптастыруға, өзімізді өзіміз қалыпқа құюға тәрбиелейтін. Содан не керек, қисық па, түзу ма, әйтеуір қазіргі Асқар шықты ғой.
– Бір сұхбатыңызда саяси сатира бар, бірақ әсер етпейді депсіз. Неге деген сұраққа жауап беріп көрсек. Тағы кінәні өзімізден іздейміз бе?
– Әрине. Біз күлкіні арзандатып алдық, салмағын құрттық. Сосын саяси сатира әсер ететін жердегі көкелеріміз жалтақ болды. Саяси емес сатираны саясиландырып, бұрмалап ана жаққа жеткізетін адамдар көбейді.
– Қазақ астарлы сөздің мәнін түсінген. Мүмкін біз сол сөз астарын түсінбей жүрген жоқпыз ба?
– Қазақ сөзді түсінеді ғой. Біздің қазақ қулыққа салынады. Білмей қалыппыз, түсінбей қалыппыз деп. Түсінбегеннің рөлін ойнаймыз. Қазір ақымақтың рөлін ойнау өте ыңғайлы позиция болды. Сондықтан да саяси сатираның әсері жоқ. Әртістің ең үлкен бағасы халық әртісі болса, сатириктің ең үлкен бағасы өз елінен қуылуы дейді. Бізде өз елінен қудаланған әлі бірде-бір сатирик жоқ. Демек, бәріміз нашар сатирикпіз. Неге? Біздің сөзіміздің әсері жоқ. Біз әлі күнге өз елімізден қудаланатындай сатирик болған жоқпыз. Демек ол атаққа ешқайсысымыз лайықты емеспіз.
– Белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметұлы: «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» деген екен. Күлдіреміз деп күлкіге қалып жүрген жоқпыз ба? Күлкіге қалмасақ, неге біздің сатира қоғамның бітеу жарасына ем бола алмай жүр?
– Әзірге мазаққа ілініп, күлкі болып жатпаған сияқтымыз. Күлдіріп-ақ жүрміз. Бірақ мазақ пен келекені өнерге айналдыруға болмайды. Біздің кейбір ағаларымыз сатираның сөзін өздеріне афоризм етіп айтады. Соны пайдаланады. Сатира қазір тек сатириктің, әртістің ғана тілі емес, журналистің де тілі болып кетті. Қазір кез келген журналист сатираның элементін пайдаланады. Сондықтан сатира өліп кеткен жоқ, қайта қанатын кеңге жайып кетті. Тек тиер жеріне тимей, жетер жеріне жетпей, көзжұмбайға салып отырмыз. Бір кездері Ұлан екеуміз Рәтбек қажыны түйреп, мешіт құрылысының ұзаққа созылуын тақырыпқа алдық. Осы әзіл үлкен іске қозғау болды. Өз өмірімде сатираның әсер еткені сол мешітке байланысты бірінші рет болды. Әрі соңғы рет те сол болды кездескенім. Қазір астарлап емес, тікелей айтсаң да былқ етпейді. Бұрын фельетонға жауап келетін. Қорытынды шығатын. Қазір басқаша.
– Асқар аға, мазмұнды әңгімеңізге рақмет!