Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы
Қазақстан» атты мақаласын алып, қолыма еріксіз қалам алдым. Абайды
насихаттасақ, дәріптесек онда дүниеміздің түгелденгені. Ұлы держава саналатын
Қытай Конфуций ілімі арқылы жағдайын түзеді, ұлтын өрге сүйреді. Ал Абай сол
Конфуцийден еш кем емес. Біз де ұлтымыздың санасын жаңғырту, ұлттық болмыстың
үлгісін насихаттау арқылы биік шыңдарды бағындырарымыз анық. Ел Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлының да өз халқына айтпағы осы. Қуандық, Абайдың өлеңдері
де, қара сөздері мен жан тебірентер әндері де әр қазақтың жүрек түкпірінде
сайрап жатуы тиіс. Бұл ешқандай итермелеусіз, тықпалаусыз санамызда сақталып,
жадымызда жатталып, ең болмағанда бір шумақ өлеңі тіліміздің ұшында жүруі тиіс
деген ұсыныс.
Абай арқылы ұлтымызды ғылым, білімге тәрбиелеу
деп қабылдадық. Абай әр баланы өз елінің жанашыры, патриоты, білімді азаматы
болса деген үлкен тілекпен ғұмыр кешкен ғұлама. Төрт құбыласы түгел болса да
оның ұрпақты тек біліммен алға сүйреуге, өзге мәдениеттерді үйрену арқылы
биіктерге шығуға болатындығын әр сөзінде, өлең жолдарында мірдің оғындай дәл, естір
құлаққа жетімді етіп жазды. Даналық деген осы болар. Қасым-Жомарт Кемелұлы
Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі
үшін аса құнды екендігін айта келе, Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті
мемлекет қағидаларымен үндес келгендігін, заң үстемдігі, биліктің ашықтығы,
халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам
өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығатындығын түсіндірді.
Көкірегінде саңылауы бар жан Абайдың сөздері арқылы өз бойларындағы кемшіліктерді
жоя алады. Абай айтқандай артық мақтануға салыну, өзгені қор, өзімізді зор
санау, дау қуу әсте жараспайды дегенін мысал ретінде алынғаны жүрегімізге жайлы
тиді. Шын мәнінде құр дақпырт пен пайдасыз мақтануларға бойымызды алдырта
бастаған тұста бұл мақала санамызды селт еткізіп, тойғанымызға, кигенімізге
мақтануды тоқтатып, білім арқылы ой жарыстырайық дегенді ұғындырды. Абайдың
арманын жүзеге асырып, оның айтқанын бұлжытпай орындасақ, біріншіден баба
мұрасына деген адалдығымыз, екіншіден еліміз дамуына қосқан үлесіміз болар еді.
Баян МАМЫРБАЕВА