Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, тіршілік атаулының барлығын жалмап жұтатын ажал, ол – соғыс. Осыдан 73 жыл бұрын ананы баладан, баланы әкеден айырып, енді ғана өмірге қадам басқан сәбилердің балдәурен шағын алапат отқа ораған Ұлы Отан соғысында кеңес әскері Жеңіс туын желбіретті. Бірақ бұл қуанышты күннің оңайлықпен келмегендігі ақиқат. Сол кездегі талай жанның жаны жараланды. Майдан даласында қаза тапқан жерлестерімізге жат жердің топырағы бұйырды. Біреулері үйіне мүгедек болып оралды. Дегенмен олардың басты қуанышы жеңіс болды.
Уақыт зымырап, жыл өткен сайын ұрпақтарына жарық сәуле сыйлап, елі мен жеріне қуанышты күнді тарту еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің қатары сиреп барады. Оларға барынша көмек көрсетіп, батырлықтарын ұран ету – біздің басты борышымыз. Осыған орай аудан басшысы Шухрат Нурахунов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров, Шонжы ауылдық округінің әкімі Адилжан Курбаниязов Шонжыдағы ардагерлердің үйлеріне барып, сый-құрмет көрсетіп, сыйлықтарын табыс етті. Ұрпақтарының ұмыт қалдырмай, елеп-ескеріп келгендеріне жас балаша қуанған ардагер аталар Рахман Нүсіпов, Абдужалил Шарипов, Павел Щербаков алғыстарын айтып, ақ баталарын берді. Бастан өткен алапат күндері жайындағы естеліктерімен бөлісіп, тәуелсіз еліміздің бейбітшілігінің мәңгілік, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтардың бірлігінің мықты болуын, ұрпақтарының соғыс көрмей, Отан деген қасиетті ұғымды мәңгілікке қастерлеп өтсе екен деген тілектерін білдірді. Ардагерлерге де ұзақ өмір сүру бақытының бұйыруын тілеген аудан басшысы Шухрат Нурахунов олардың ерліктерінің мәңгілікке ұмытылмайтындығын айтып, ұрпақтарына батасын беріп, ортамызда аман-есен жүрулеріне тілектес екендігін жеткізді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері тек мереке күнінің қарсаңында ғана емес, әр уақытта да еленетіндігін айтты. Жастары бір ғасырға жуықтаған ақсақалдардың үйіне келген қонақты өздерінің шығарып салып, саулық тілегендері бізді қатты қуантты. Құдайдың берген күш-қуатының арқасында әр жылда келетін Жеңіс мерекесін ұрпақтарымен бірге көруге жазғай.
Ұлы Жеңіс – сол кездегі кеңес халқының ержүректігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі алтын әріптермен жазылып қалатын күн. Сондықтан да жауынгерлеріміздің ерен ерлігі мен жеңісті еңбегі еш уақытта ұмытылмайды. Бүгінгі біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға тәрбиелеп, батыр бабаларымыздың аманат еткен жеңісін ғасырлар бойы сақтап қалу.
Думан
САРТБАЕВ