Елордамыз Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының кезекті ІV съезі болып өтті. Оған қатысу бақыты менімен бірге аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің неонатолог дәрігері Гүлнар Абдукаримоваға бұйырды. Астананың сымбаты мен сәулетіне теледидар арқылы көз тігіп, оның күн сайынғы сұлулығына тамсанып отыратын біз үшін Елорданың көктемгі келбетін көру тағы бір бақыттай көрінді. Астана төріне жастардың басын қосудағы мақсат — Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асырудағы жастардың рөлі, салмағы, міндеттері мен мақсаттарын ортаға салу.
Съезге еліміздің түкпір-түкпірінен 1500-дей жас қатысты. ЭКСПО аумағында орналасқан зәулім Астана конгресс орталығы жаңашыл көзқарастағы, тың бастамашыл жастардың басын қосып, жаңашыл форматта өткендігін айтпасқа болмас. Әдеттегідей жастар залда, басшылар президиумда емес, дөңгеленген сахнада «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев өздеріндегі осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының есебін берді. Сылдырлатып баяндама да оқылған жоқ, жаттанды сөздер де айтылмады. Әңгіме-сұхбат ретінде басталған съезд жұмысы сұрақ-жауапқа ойысты. Жастардың да пікірлері ескеріліп, олардың ойлары да ортаға салынды. Өзіндік тың бастамаларын айтқан жастардың көп болғандығы соншалықты, білімді, креативті пікірлер тасқыны еш толастамады. Түске дейін әр өңірден келген жастар бір-бірімен танысып, сұхбаттасып төрағаның әңгімесін тыңдаса, түстен кейін 5 секцияға бөлініп, әр сала жеке-жеке тақырыптарға бөлінді. «Рухани жаңғыру», «Қазақстанда жасалған», «Білім, ғылым, инновация», «Цифрлық Қазақстан», «Салауатты ұлт» сынды секцияға топтастырылған жастар пікірталас алаңында өзара ашық әңгіме жасап, жастар арасындағы проблемалардан шығу жолдарын қарастырды. Мен Назарбаев университетіндегі семинарға қатыстым. Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов білім, ғылым, инновация жайында керемет әңгіме айтты. Өзінің ректорлыққа дейінгі еңбек, шығармашылық жолын, ғылымға бет бұруына себепкер болған дүниелер жайында қызықты естеліктерімен бөлісті. Ертесі күні гала форум өтті. Мұнда өз салаларында белгілі бір белестерді бағындырған жастар жетістікке жету жолдарымен таныстырды. 21 жастағы егіз ұлдар «Эйр Астанада» пилот екен, олар өздерінің таңдауларының қалай басталғандығы, қазір екі самолеттің аман-есен ұшып-қонуы жолындағы еңбектерін әңгімелесе, 19 жасар параолимпиада жүлдегері спорттағы биіктері туралы, 17 жасар физика-математика саласының ғалымы смартфондағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көмекші құралы жөнінде қызықты оқиғаларын әңгімеледі. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының болашақ көшбасшыларға арнаған үндеуін оқып берді. Онда «Сендер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерді үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып, білуге, ең бастысы әрқайсысың өз салаларыңда әлемнің ең озық мамандарымен иық тіресіп қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын», — деген сөздерін жеткізді. Мәулен Әшімбаев жастарға сенім артып, жаңғыру процесіне бағытталған жаңашыл көзқарастардың көптігіне қуанышын жеткізіп, съезд жұмысын қорытындылады.
Сұхбат арасында танымал жас әншілер, әртістер өнерлерін көрсетті. Түстен кейін жастармен бірге Астананың көрікті жерлерін аралап, бұрын бармаған, көрмеген ғимараттарды араладық. Әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ертегі әлеміне тап болғандай күй кештік. Елордамыздың заманауи ғимараттарымен, сәулет өнерінің биік талғамымен салынған кеңселерімен толығысып, өнер мен мәдениеттің шыңына шыққандығына тағы бір марқайып қайттық. Талғампаз жастардың, интеллектуалды қыз-жігіттердің білімдеріне қайран қалыстық және солармен бірге әңгімеге, пікірсайысқа қатысқанымызды мақтан тұттық. Астанамыз достық пен көшбасшылардың қаласына айналғандығына көзіміз жетті. Съездің ерекше, жаңаша форматта өтуінің өзі өркениеттің белгілі бір белесін бағындырғанымызды айшықтағандай.
Нұрсұлтан БОЛАТҰЛЫ,
«Жас Отан» жастар қанаты аудандық бөлімшесінің төрағасы