«Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің» дейді халқымыз. Бірақ заманның дамуына, қоғамның өзгеруіне қарай ананы ардақтаудан, әкені ұлықтаудан алыстап бара жатқандаймыз кейбіреуіміз. Беттен алып төске шабудан да қаймықпайтын адамдарды көріп, жаға ұстайтындығымыз да бар. Етіміз үйреніп кетті ме, әйтеуір, ата-анаға қарсы шығып, ақылына мысқылдап, көрсеткен жолына күле қарайтын да болдық. Жат қылықты қайдан жаттап алғанымыз белгісіз, дәріпті дәстүріміз бен салиқалы салтымыздың, мұсылмандығымыздың жігінен ажырап қалғандаймыз.
Өмір адам баласына дін жолымен айтқанда құлшылық ету үшін берілетіндігі анық. Діннің өзі бүгінгі күнде өте нәзік, әрі күрделі мәселелердің бірі болғандықтан, дін жайында айтылған түрлі пікірлердің артына еріп, қармағына ілініп, бәз біреулердің ісіне еліктеп кеткендейміз кейінгі кезде. Арғысына бармай-ақ отбасы құндылығы мен мүшелерінің қарым-қатынасы, оның ішінде ата-ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік, мейірімділік уақыт өткен сайын жадымыздан алшақтап барады. Көпке топырақ шашпайық, бес саусақтың бірдей емес екендігі де мәлім. Мұндайды көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап, көкірегімізге түйгендеріміз де бар шығар. Осындай әңгімесімен бөлісіп, ата-ана қадірін ұғынатын, түсінетін жандардың бірі көргенін ашына айтқан еді.
– Қарапайым қараша ауылдың қара домалақ баласы екендігіміз анық. Салиқалы салтымызға сай кішкентай күнімізде үлкеннен бата алып, әкенің тәрбиесі мен ананың тәліміне сусындап өстік. Өзімнен бес-алты жас үлкен көрші үйдің баласы болатын. Ес білгелі тар жол тайғақ кешіп, не болмаса әлденеге алаңдап жүргенін көрмеуші едік. Ата-анасы барын баласына беріп, төбесіне көтеретін. Уақыт шіркін бала есейгенде ата-ананы жасартпайды ғой. Ол кісілер де ұлдары өскен сайын қартаң тартып, көрген бейнеттерінің әжімдері жүздеріне түсе бастады. Қиял қуған баласын алып шаһарда оқытып, дипломын да алып берді. Бұл жолда жасы келген ата-ананың көрген азабы шексіз. Бірақ балалары шалқып өмір кешті. Күн өте келе анасы науқасқа айналып, бар шаруа әкесінің мойынына артылды. Оның үлкен ағалары да бар еді. Өзі – мен сияқты үйдің кенжесі. Отбасында талай дүниелер өтті. Ағаларының бірі арақ қуып, бала-шағадан айырылса, енді бірі көрінгеннің қолшоқпарына айналды. Тіпті қартайған әкесіне қол көтеруден, анасына балағат сөз айтудын да тайынбайтын күйге түсті. Әлгі кенже де ағаларынан көргенді қайталауға тырысты ма, әйтеуір сереңдеп жүруден жалықпады. Күн санап анасы қимыл жасауға да жарамайтын хәлге жетті. Әкесі еңкейген шағында сиыр сауып, кірін жуып, тамағын жасап, үй тазалап жатқанда, кенжесі аяқты аспанға асып жататынды шығарды. Құдайдың көзі әр уақытта түзу емес пе? Жатып ішер жігіттің бастаған шаруаларының барлығы кері кете бастады. Басына не түрлі қара бұлт үйіріліп, жағадан алушылардың саны да көбейді. Ол біріне қарыз, екіншісін алдаған екен. Осылайша жасаған күнәларын жуамын деп бес уақыт намазға жығылды. Айналадағы көрші-қолаңдардың айтуынша, бес уақыт намаз оқығаны құдды міндет секілді. Оның намаз оқығанын қайтейін, әкесі мен анасына жақсылығын көрсетіп, ізгі ісін танытпаса дейді ауылдың азаматтары. Күн зырғып, айлар оқтай өте бастады. Өмірден әкесі де, анасы да өтті. Қу басын құшақтаған бала, әкесінің жиған-тергенімен қырқын, жылын өткізді. Тіпті әр жұма сайын ата-анасына арнап ас та берді. «Тіршілігінде құрметтемеген, өлгеннен соң не қайыр?» дегенді ауылдағылардың барлығы айта бастады. Шаңырақ көтеріп, бала сүймеген жігіттің күні ата-анасының жиғаны таусылған соң белгілі бола бастады. Ешқандай жер жұмысқа да алмады. Сыйы кетіп, берекесі қашып, ауыл жұртымен араласудан қалды. Кезінде тойып секірген жігіт, енді тоңып секіруге жетті. Бүгінгі өмірі жалпақ тілмен айтқанда ит көргісіз, – дейді кейіпкеріміз.
«Расулуллаһ (с.ғ.а) Сахабаларына «Сендерден сарыла күтуші деп кімді айтса болады?», – деп сұрапты. Сонда Сахабалары «Баласы болуын аңсаған бала», – деп жауап беріпті. Расулуллаһ (с.ғ.а) «Жоқ баласы болуын аңсаған емес, бәлкім, баласынан оған еш қайыр болмаған адам аңсап күтуші», – деген екен. Сол сияқты баласынан еш уақытта үмітін үзбейтін ата-ананың қадірін тіршілігінде түсінбесек, о дүниеге кеткеннен кейін мазарын алтынмен аптап, күміспен баптағаннан не қайыр табамыз. Түн ұйқысын төрт бөлген ананың, маңдай терімен еңбек етіп жетістікке жеткізген әкенің көрген бейнетін есейгенде баласы ақтаса олар үшін одан асқан бақыт табылмас. Құранда «Алла Тағалаға құлшылық етіп, құлшылықтарыңда оған ешнәрсені ортақ етпеңдер! Әрі ата-анаға жақсылық істеңдер!», – деген (ниса сүресі, 36 аят). Ізгі істеріміз бен амалдарымызды қосып, дәстүрімізден сабақ алып, отбасы құндылығын сақтап, ата-анаға, үлкен мен кішіге деген құрметімізді қайта жаңғыртуымыз керек-ақ. Заман өзгерді деп еуропалық бағытқа бет бұрудың да негізі жоқ. Атадан балаға қан арқылы дарыған ұлы қасиеттеріміз бен тәлімді тәрбиеміздің маңыздылығын ұғынғанымыз да жөн болар. Әр пенденің кеудесіне нысап, жүрегіне иман ұяласын дейміз.
Думан
САРТБАЕВ