Өмірлерінің өлшеулі бір бөлігін, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін от пен оқтың ортасына тосқан Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне аудандық мәдениет үйінде «Интернационалист жауынгерлер – ерліктің үлгісі» атты салтанатты шара өтті. Ауған ардагерлерінің ерлігі елге өшпес мұра, ұрпақтарына мәңгілік ұран болғаны хақ. Себебі олар жат жерде жаумен арпалысып, жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Кейбіреулері із-түссіз жоғалып, енді біреулерінің сүйегі ұрыс даласына жерленді.
Салтанатты шараның ашылуында алғаш сөз кезегін алып, мінбеге көтерілген аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев Ауған соғысының ардагерлерін атаулы мерекелерімен құттықтап, олардың соғыс жылдарында өткізген күндерін ұрпақтарына үлгі етіп, ерліктеріне өлшеусіз баға берді. Ақжарма тілегінен кейін аудан әкімінің сый-сияпаттарын ардагерлерге табыстады. Сол сияқты батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытып, өмірден өткен Ауған ардагерлерінің отбасыларына да сый-сияпат көрсетілді. 10 жылдан астам аудандағы Ауған соғысы ардагерлеріне медициналық және материалдық демеушілік көрсетіп келе жатқан зейнеткер, полковник, дәрігер-нейрохирург Татьяна Бочкарева, ауданда Ауған соғысы ардагерлері ұйымын басқарып келе жатқан Фатима Халикова аудан әкімінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Өз Отанына шексіз берілген, сол жолда ұрыс даласында опат болған жауынгер ағалардың рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған салтанатты шара одан әрі құлақтан кіріп, бойды алған әсем ән мен тәтті күйге, мың бұралған биге ұласты. Өткен естеліктерімен бөлісіп, ұрпақтарының соғыс көрмеуін тілеген Ауған соғысының ардагері Талғат Тұрсынбайұлы қан майдандағы қанды қырғын жайында сөз қозғады. Бірлік пен татулықты ту еткен еліміздің ендігі ғұмыры бейбітшілікке толы болсын деген ағалық лебізін жолдады. Өз Отанының батыры атанған Ауған соғысы ардагерлерін мерекелерімен құттықтаған зейнеткер Татьяна Бочкарева ауданның атпал азаматтарына ақ алғысын жеткізді. Аудандық «Жазерке» және «Арзу» ансамбльдерінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көрермендердің көңілінен шығып, қошеметке бөленді. Салтанатты шараның қорытындысында ақ жаулықты ана Бәтима Меденова ақ батасын беріп, аналық ізгі тілегін білдірді.
Думан
САРТБАЕВ