Тауық жылының соңғы айлары ауданымызда айтулы жаңалықтар орын алды. Жыл басынан аудан тұрғындары үшін жасалған игі істер жалғасын тауып, Дардамты ауылдық округіне қарасты Арасан учаскесінде тағы бір жылыжай жұмысы іске қосылды. Жалпы көлемі төрт гектарды құрайтын жылыжайда томатты қызанақтың төрт түрі өсірілуде.
Өткен аптада ауданның атпал азаматтары мен облыс қонақтары бас қосып «Ван Агро» ЖШС-ның ашылуын салтанатты түрде өткізді. Салтанатты шарада ең алғаш сөз кезегін алған «Ван Агро» ЖШС-ның директоры Төлеген Бозжанов аудан тұрғындарының осындай қуанышпен бөлісіп отырғандығына алғысын айтып, ризашылығын білдіргеннен кейін жылыжайдың жұмысы жайында қысқаша ақпарат беріп, халық үшін жұмыс жасайтындықтарын жар салды. Ал облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров ең бірінші Елбасының салиқалы саясаты жайында сөз қозғап, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаладағы мақсат-міндеттерге шолу жасады. Ондағы «Туған жер» бағдарламасының әр қазақстандық үшін маңызының зор екендігін ескертіп, бүгінгі ашылып отырған жылыжайдың аудан халқы үшін жұмыс жасайтындығына сенім білдірді. 130-дан астам ұлтты құшағына сыйдырған, береке-бірлікті, ынтымақты, бейбітшілікті ту еткен еліміздің еңсесінің жыл санап көтеріліп келе жатқандығын сөз етіп, ауылшаруашылығын дамыту бойынша мемлекетімізде ашылған бағдарламаларды жіпке тізді. Шағын және орта кәсіпкерлікке өрістің кең екендігін де алға тартты. Аталмыш орынға инвестиция құйып, құрылғыларын жеткізген Корея елінің азаматы Ван Ги Хо да өзінің ақжарма тілегін жолдады. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы қарым-қатынас жайында баяндай келе, жылыжайдың құрылысын жүргізудегі негізгі технологиялар-ға тоқталды. Еткен еңбек, төккен тердің аз уақыттың ішінде-ақ ақталғандығын айтып, салтанатты шараға жиналғандарды құрылыммен танысуға шақырды. Ақ тілектер мен жылы лебіздер айтылғаннан кейін, «Ван Агро» ЖШС жылыжайының лентасы қиылып, қазақи дәстүрмен шашу шашылды. Одан кейін жылыжайдың ішін аралап, жұмысымен таныстырылды.
«Ван Агро» ЖШС-да 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әр жұмысшы артылған міндетіне қарай біреуі піскен қызанақтарды терсе, екіншісі күтім жасауға, енді бірі тазалыққа жауап береді. Ал оларды іріктеу жұмысын арнайы құрылғылар атқарады. Корей технологиясымен салынған жылыжайға аралар да әкелінген. Олар өнімнің тозаңдануына септігін тигізбек. Сонымен қатар жұмысшылар үшін арнайы демалатын бөлмелер де қарастырылған. Алдағы уақытта жылыжайдан алынған өнімдер аудан тұрғындарымен қатар Алматы қаласындағы ірі сауда орындарын да қамтамасыз еткелі отыр.
Думан
САРТБАЕВ