Жалпы адамзаттың өсу, көбею процесі ер мен әйелдің жақындасуынан, яғни ұрпақтың дүниеге келуінен десек, оның түп тамыры айналып келгенде тағы да махаббат деген ұлы сезімге тіреледі. Біреулер өліп, өшіп, сезімге өртенсе, екіншілері отбасы жағдайына қарап, материалдық тұрмыс деңгейін бағалап, зерттеп, зерделеп барып махаббат майданына аттанады. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, сезімге өртенгендерден гөрі есеппен үйленгендердің жанұялық жағдайлары тұрақтылау, шаңырақтары оңайлықпен шайқала қоймайды екен де, керісінше «онсыз өмір сүре алмаймын» дегендер бір-екі балалы болғаннан соң екі жаққа кете беретін көрінеді. ”Махаббат пен жек көрудің арасы — бір-ақ қадам”» дейтін нақыл сөз де осындай оқиғаларға қатысты шыққаны ғой, шамасы? Бір-бірінсіз өмір сүре алмаймыз дегендер бір-бірін жек көріп, тіпті жау болып жатады. Ол да — өмір шындығы.
Біз оқыған мектеп үштілді. Қазақ, ұйғыр, орыс сыныптары. Әртүрлі мектептегі кештерді үш сынып бірігіп өткізетінбіз. Дайындықты бірге жүргіземіз. Орыс сыныбының балалары бізге қарағанда батылдау, жігерлілеу болып келетін де, тізгінді солар қолдарына алатын, біз орындаушы рөлінде жүретінбіз. Ол да — шындық. Ал кеш соңында бір-екі биге рұқсат беретін мектеп директоры. Осы жерде бір-бірін ұнатып жүргендер жұп бола қалысып, сезімдерін сол би үстінде ұқтыратын да дәстүр болған. Жұптары жазылмайтын үш құрбы бар. Олардың таңдаулары орыс сыныбының балаларына түсетін. Осы үшеуі ең таңдаулы үш жігітті, бойлары ұзын, сыртқы келбеттері әдемі құрықтарына түсіріп алған. Солардың мектептегі және одан кейінгі тағдырлары жайлы әңгімелекпін.
Бірінші жұп – Айгүл мен Дәулет. Олар — 5 сыныптан бір-біріне ғашық болып өртенбесе де балаң махаббаттың, жақсы көруді бастарынан кешкендер. Айгүл шашындағы бантигін ауыстырып әлек. Бір күні қызылын тақса, екінші күні міндетті түрі сарысын тағып, әйтеуір Дәулетке ұнап қалудың бар амалын қарастыратын. Дәулет те шалбарының қырын қатырып, күнде үтікке салып, аппақ жейдесінің жағасын крахмалмен қатырып, тап-тұйнақтай болып келеді. Екеуінің «жүретінін» білгендіктен оларға басқа жігіттің немесе қыздың көз салуға құқықтары жоқ. Ол — жазылмаған заң, сақталатын тәртіп.
Екінші жұп – Тұрсынай мен Қонысбек. Бұлар бойлары жағынан бір-біріне жарасатын, сыртқы пішіндері бір-бірін толықтыратын, бірақ сезім, албырттықтан гөрі есепке құрылған жұп. Өйткені Тұрсынай — материалдық жағынан ауқатты отбасының қызы, ал Қонысбек — зейнет жасындағы жесір кемпірдің жалғыз ұлы. Екеуінің де сабақтары орташа. Қонысбек сыныптастарды үйіне шақыруға ұялатын, әлде кемпірден батпайтын. Кезекпен шақырысатын «шайға» келгенде сылтауын айтып, тайқып шыға келетін. Ол үшін Тұрсынай «Анам даладағы қара қазанға көп етіп картоп қуырып қойыпты, жүріңдер», – деп кезегі келмесе де шақыра беретін. Сөйтіп Қонысбектің «минустарын» жуып, шаятын.
Үшінші жұп сыныптағы ең үлгілі оқушылар – Бақыт пен Нұрдәулет. Бұлар ойлары жағынан да, тұрмыс деңгейлері жағынан да теңдей. Бір-бірін толықтырып тұратындар. Тіпті кейде бір-бірінен ақылы, оқыған-тоқығандары жағынан бәйгеге түсіп, айтысып қызыл кеңірдек болып дауласып жататын ерекше жұп. Махаббаттары да белгісіз, жақсы көрулері де түсініксіздеу. Дей тұрғанмен, екеуі қыз бен жігіт болып, қол ұстасып жүргендер. Оқыған кітаптарының көптігін айтып та мақтаныса алатын, физика мен химиялық элементтердің бағдарламадан тыс басқаша қырларынан да хабарлары бар, кез келген тақырыпты еркін меңгерген олардың армандары өте биік. Басқамыздың миымыз да, ойымыз да жете бермейтін нәрселерге қол созған болашақтары жарқын жандар.
Бұл — үш жұптың мектептегі келбеттері. Ал кейінгі есейген, орта жастан асқан тағдырлары жайлы әңгіме мүлдем басқа. Құдайдың құдіретінен асып ештеңе істей алмайсың. Қиялдағы, армандағы тағдыр нағыз өмірмен ешқашан дәлме-дәл келмейді екен..
Айгүл мен Дәулет мектептен кейін де кездесіп, армандарын арқалап үлкен қалаға бірге ұшты. Ата-аналарынан жасырын бірге пәтер жалдады. Сол кездегі үлкендердің қылығы да қызық, балаларының кімнің үйінде, қандай жағдайда тұрып жатқандығынан бейхабар, әйтеуір үлкен қалаға оқуға түсуге кеткендеріне мәз. Әлде сенім деген күшті ме еді, кім білсін, балаларының қалтасына аз-маз пұл салып береді де, қалғанын бағыңнан көр дейтін. Біз де үлкендерді ренжітпеу үшін солардың айтқандарын екі етпейтінбіз. Сенімнің беріктігі болар. Екі ғашық «Татаркада» бір орыс кемпірдің ескі лашығын жалдады. Жоғарғы оқу орнына түсеміз деген үміт бәрімізді тек оқуға ғана жетеледі. Дәулет пен Айгүлдің «жертөледегі» үйшіктеріне жиі іздеп барып, емтиханға дайындалатынбыз. Пәтерді бірге жалдап тұрғандарымен «хозяйкаға» ағалы-қарындасты деп таныстырған өздерін. Шын мәнінде арамзалық, жастардың сезімге бой алдырып, бірдеңе бүлінеді-ау деген ойлар ешкімнің қаперіне кіріп, шықпайды. Тамағымыз сол үйден. Ауылдан қатынасқандар ет, нан беріп жіберсе тор сеткіге салып алып «Татаркаға» ұшамыз. Бір жыл бірге тұрғанда олардың ең жиі келетін қонақтары біз болатынбыз. Таңды таңға ұрып әңгіме айтамыз. Әйтеуір бейқам, беймарал, еш қайғымыз жоқ, жамандық ойлау, ертеңіміз не болады деген күдікке бой алдырмайтын керемет кезеңдер еді. Қыз бен жігіт бірге тұрып жатыр. Бір жылда қалалық бола қалып, біз де ауылға кәдімгідей қоқиланып келетінді шығардық. Ауыл клубының кез келген кешінің гүлі де, сәні де – бізбіз.
Күз болғанда жатақханадан орын алу үшін қалаға сәл ертерек келдік. Дәулет пен Айгүлдің пәтерлері дайын. Бәріміз сонда бардық. Кілең қыздар. Қарт орыс апай туыстары келгендей қуанып, құрақ ұшып, шәйнегін көтеріп, шай қамына кіріседі. Ауылдан әкелген базарлықтарымызды шығарып, апайға да сыбағасын беріп, әкеміздің үйіне келгендей мәзбіз. Сол үйде түнеп шығып таңертең әрқайсысымыз өз шаруамызбен қаланың әр бұрышына кететінбіз. Айгүл сауда техникумынан «Рахат» азық-түлік дүкеніне тәжірибеден өту үшін сатушылық қызметін бастап кетті. Дәулет неге екені белгісіз, оқуына келмеді, ауылда да қалмапты. Әскер қатарына баруға сұраныпты дегенді естідік ұзынқұлақтан. Пәтер иесі апай да Айгүлден «Ағаң жоқ қой, пәтерақысы өзіңе қымбаттау боп кетпей ме?» деген сұрақты қоя-қоя шаршаған болуы керек, біздің келгенімізге еш қарсылық білдірмейді, әйтеуір. Бәріміздің бас қосатын жеріміз — орыс апаның үйі. Дәулеттің үн-түнсіз бір жапырақ хат тастамай кеткеніне таңданыстық. Айгүл сырын сыртқа шығармайды. «Байсыз қалады деп қорықпаңдар, шекесінен шертіп жүріп, кез келген жігітті айналдырып алам» деп бізді жұбатқаны, өзін жұбатқаны белгісіз бір нәрсені сезгендей қалжыңын тастамайтын әдетіне басып, жағдайды күлкімен шеше салатын. Дәулетіміз сол кеткеннен мол кетті. Оқуын басқа қалада жалғастыратын болыпты. Әскердегі екі жылы да өте шықты. Бірақ бізбен де, алғашқы махаббаты Айгүлмен де байланысқа шықпады. Ауылға бір барғанымызда кездейсоқ Дәулетті кездестірдім. Маған бірдеңе айтқысы келгендігін түсіндім. «Айгүлді ғана сүйемін, өмірім де, тағдырым да сол» деп кемсеңдей бастағанда бұл әңгіменің ұзаққа созылатындығын түсіндім. Дауысы жарықшақтанып: «Әкем қылтамақ ауруына шалдыққандықтан маған үйден ұзап шықпайтын, қызмет деп кеңсе кезбейтін келін әкелесің, ол менің досымның қызы деп үкім шығарғандығын жеткізді. Жаны қиналып жатқандықтан бір ауыз қарсылық жасай алмадым. Ол қызды бәрің де танисың, жақсы көрмеймін, тіпті жиіркенемін, амал жоқ, әкемнің аманатын таптай алмадым», – деп қарап тұр.
Кездескенде айтамын деп дайындап жүрген көп сөздерімнің бәрінің қайда қашып кеткенін түсінбедім. Оның бақытсыз кейпін көріп, ішім әлем-жәлем түсініксіз бір күйге түстім. Жақсы көрудің не екенін ұқтырған екеудің сезімі осылайша аяқталар деген ешкімнің де ойына кіріп шықпаған. Жаным ашығандығы ма, жоқ басқа себебі болды ма, ол жағы қазір есімде жоқ, оған ештеңе айтпай кеткенім рас. Дәулеттің марқұм әкесін де түсіне алмадық. Айгүлмен үйленсе, қаладан ауылға келмей қалады деп қорыққаны ма жарықтықтың? Екі ғашықтың махаббат жырлары осымен аяқталды да, екеуі екі жаққа кетісті. Айгүл қыр соңынан қалмай жүрген қаланың орыс жігітіне тұрмысқа шығып кетті. Діні басқамен байланысқанын кешіре алмаймын деген анасының сөзін құлағына қыстырмады. «Өзіңді сүйгенді сүй» деген қағиданы ұстанды. Вадим орыс болғанымен Айгүлге, оның туыстарына деген көңілі өзгеше. Айгүлді алақанына салды. Сымбатты ұл мен сұлу қыз дүниеге келген соң Айгүл тіпті ерке қатынға айналды. Ауылдан келген барлық туыстарын өз жақындарындай қарсы алып, шаруаларын бітірісіп жүрген Вадимнің басқа діннің өкілі екені де ұмытылып, жақсы күйеу бала атанды. Екеуі — бүгінде ұлын үйлендіріп, қызын ұзатып немере сүйіп отырған бақытты ата-ана. Айгүл шын мәнінде нағыз қалалық болды. Студент кезімізде соның пәтері бас қосатын берекелі үй еді, қазір де қалаға барсақ аунап-қунап жататын бір үйіміз сол Айгүлдің шаңырағы. Ал махаббатына кезінде араша түсе алмаған Дәулет бүгінде көрінген туысының босағасын жағалаған «кезбеге» айналған. Өз махаббатының өртіне өзі өртеніп жүрген бір бейбақ. Ешкім болжамаған, ойламаған тағдыр еді бұл.
Екінші жұп Қонысбек пен Тұрсынайлар махаббаттан гөрі есепке құрылғандай боп көрінетін. Қонысбектің қарт анасы қайтыс болып, одан қалған үй, мал, дүние екеуіне қалды. Тұрсынай өзі де ауқатты жердің қызы болғандықтан шығар, дүниенің қадірін біледі. Кемпірден қалған бұйымдардың еш бірін шашау шығармай, қайта оның көбісін жаңалап, үйдің шатырын ауыстырып, Қонысбекке бес қыз туып берді. Ұл болып қалар деп жылда жүкті болады. Ұл тусам деген арманының жетегінде жүріп бес қыздың қалай өскендігін де байқамай қалды. Қыздар емес пе, бірін-бірі сүйрелеп, жетелеп жүріп, үлпілдеп өсіп шықты. Бәрі шетінен ақылды, сабақтары кілең бес. Аралары бір жастан болғандықтан біріне-бірі қолғабыс жасап, бірінің киімін бірі киіп жүріп бойжетті. Тұрсынай да Қонысбектің табысына табыс қосты. Сырттай оқып алып, ауылдағы мектепке жұмысқа тұрды. Өмір сүруге өзі икемді болғандықтан қыздарын да солай тәрбиеледі. Мектептегі барлық қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүретіндіктен көп ұзамай директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Кезінде Тұрсынай мен Қонысбектің махаббаттарына ешкім таңдай қағысып, елең етпесе де олар отбасылық өмірде бір-бірін толықтырып, отбасылық құндылықтардың бағасын білген жандар болып шықты. Махаббаттың дертіне шалдығып, күйіп-жанып, өртенбесе де бір қалыпты күй кешіп, іштей ұғынысып, мамыражай өмір сүруде. Тұрақты, тәрбиелі шаңырақ иелері атанған олар бүгінде бүкіл ауылға өнеге болып отыр.
Үшінші жұп — Бақыт пен Нұрдәулет. Шындығында оқу мен білімге таласып, жаңалыққа құмартып, өнертапқыштық деңгейге жетіп, екеуі екіден жоғары оқу орындарын тамамдап, қаланың қақ ортасынан пәтер алуға да қолдары жетті. Екеуі — ерлі-зайыптылар. Бірақ бала-шаға өсіру, қонақ күту олардың саналары үшін бос дүниелер іспетті. Шетелдің екеуі бармаған елі қалмаған шығар, Еуропа, Азия мемлекеттерінен өзге Африка құрлығын де кезді. Ғылыми жобаларын, зерттеулерін шетелдерде қорғады. Бір-біріне үздігіп тұрмаса да екеуі екі саланың нағыз білгірлері атанып үлгерді. Жүрген орта, араласқан адамдарының әсері болар, бүгінде олар мүлдем басқаша ойлайтын жандарға айналған. Анда-санда кездескенде бәріміз де балаларымыз, немерелерімізді айтып шулассақ, олар бизнес жоспарлары, жаңа жобаларымен басымызды қатырады. Арамызда мал бағатын, құрылыста істейтін, жеке көлік жүргізетін, ұстаз, еден жуатын, кәсіпкерлеріміз де бар. Алдымыз немере көрді. Осындай кездесулерде Бақыт пен Нұрдәулеттің шамына тиіп, бала бағып алуға үгіттейміз. Құрдастарға бәрі жарасымды. Артыңда ұрпағың қалмаса сенің ғылым мен білімге қосқаныңның неге керегі бар, – деп кейде қағытамыз. Олар күліп қана жауап қайтарады. Бақыт пен Нұрдәулетке бүгінгі заманауи технологиялардың даму қарқыны, жаңашыл бағдарламалар маңыздырақ. Махаббат машақатына бас қатыруды артық жүк деп есептейді. Қолдары көп нәрсеге жетті. Шетелдегі әріптестері жоғары бағалайды еңбектерін. Олар — өз әлемдерінде, өз түйсіктерімен өмір сүріп жүргендер. Атақтары бар ғалымдар. Өздерінше бақытты.
Шағын ғана ауылдың түлектері болғандықтан бірге туған бауырдан да жақынбыз. Дәулетті дұрыс жолға саламыз деп, талай «жабық» жиында да мәселесін қарадық. Түзелер емес, махаббатының дертін жеңе алмаған боркемік жігіт боп қалды. Қонысбек жақсы әйелге кездескен жақсы отаға, Нұрдәулет білім жетістігіне малданған, материалдық жағдайы мықты, ешкімнің табаны тимеген жерлерді аралаған, ешкімнің қолы жетпеген биіктерді бағындырған жеңімпаз.
Кино да, көркем шығарма да өзіміздің күнделікті өмірімізде, өзімізбен бірге жүрген адамдардың басынан өткен оқиғаларға орай құрылады. Әркімнің тағдыры өз қолында. Дей тұрғанмен, Құдайдың құдіреті де, маңдайдағы жазу да кейде ол тағдырды адамның ниет, пейіліне қарай өзгерте салуы ғажап емес екен…
Баян
МАМЫРБАЕВА