ӨНЕРДЕ ЖОҚ ШЕКАРА

0
4,999

Ақындықты Алладан келетін аманат деп жатамыз. Оны еш оқу орны үйретпейді, ол — қаныңмен келетін ерекше қасиет. Сол секілді суретшілік те, ісмерлік те кез келген адамның қолынан келе бермейтін, үйретуден қона қоятын қабілет емес. Сурет салатындар табиғаттың сұлулығын, айналаның көркемдігін басқаша көзқараспен, басқаша түйсікпен көретін ерекше жаратылған жандар деп түсінеміз өзіміз.

Олар үшін дүниенің біз мән бермейтін титімдей бөлшегінің өзі сұлулықтың символындай көрінетін болуы керек. Өз басым суретшілікті өнердің ең биік шыңына қояр едім. Суретші деген қауым жандары таза, жүректері нәзік біз көре алмайтын заттарды қылқаламдарымен баяндай алатын, рухани дүниелерінің деңгейін де суреттері арқылы сөйлете алатын ерекше жаратылған жандар. «Аяла» балабақшасының қасында тұратындықтан ертеңгілік балалардың шуының өзі керемет әсер береді. Күн жылыда олардың мемлекеттік Гимнді шырқаған балаң дауыстарының өзі көкірекке ерекше бір жылулық сыйлайтыны да шындық. Бүлдіршіндердің күлкілері, айтқан әндері, музыка әуені еріксіз мойын бұрғызады. Бір қарағанда ертегі әлеміне тап болғандай күй кешесің. Ол суреттер әр мезгілде өзгеріп тұрады. Көрнекіліктер де жаттанды емес, жанды. Сосын қызығушылық танытып бұл суреттерді кім салатындығын сұрастырдым. Балабақша тәрбиешісі Қарлығаш Қарабалаева деген жауап алдым. Әрине, бүлдіршіндермен жұмыс істеу қиынның қиыны, оларды бір сәтке де тастай алмайсың. Дей тұрғанмен сәбилердің сәлемдесіп, тәрбиешісіне өз анасының құшағына жүгіргендей бауырына сүңгіп жатқандығын көріп риза болдым. Әр баланың басынан сипап, қабылдап алған соң, олардың көңіл-күйлерін сұрап, бірден тапсырмалар берді. Ойын баласы болса да тәрбиешісінің сөзін жерге тастамай, айтқанын екі етпеуге тырысқан олардың қылығына ішім жылыды.
Қарлығаш Ардолайты ауылының тумасы екен. Алғаш мектеп табалдырығын ұйғыр сыныбымен аттайды. Кейіннен әкесі Тоқтар отбасын Нарынқол ауданына көшіреді, Шалкөдеге барады. Қарлығаш бастауыш сыныптан жоғары сыныпқа өткенде мектеп ауыстырады. Оқушы бола тұра сол жердің табиғат көркемдігіне тамсануын еш қоймайды. Сосын Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев атындағы гимназияда оқиды. Ол жерде өнермен сусындатқан, оның ішінде суретшілікке толықтай ынтасын аударған, сурет өнерінің қыр-сырымен таныстырған Алғабек ағайының еңбегін есінен еш шығармағандығын әңгіме арасында айтып қалды. Қарлығаштың сабырлы, биязы мінезі де бірден баурап алды. Артық сөзге жоқтығы оның таза шығармашылықтың адамы екендігін танытты. Нарынқолдық Ерболат Босқанбаевпен шаңырақ көтеріп, бүгінде үш баланың анасы атанып отырғандығы оның отбасы құндылығын жоғары бағалайтындығын байқатты. Ұлдары Ұлан, Дастан, Думанның да бойларынан олардың нендей нәрсеге икемділіктерін бағамдап жүретін ана Дастанның суретке деген қызығушылығын бірден байқайды. Қазір Дастан Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің оқушысы, өз әлемінде өз түйсігімен көптеген суреттердің авторы болып үлгерген. Бір кездері өзінің орындалмай қалған арманы суретшілікті кәсіби түрде меңгере алмағандығын осы Дастаны жалғастыратындай сенімде екендігін де жасырмады. Сурет салудың оқуын бітірмесе де оның қолынан қылқаламы түскен емес. Тапсырыс беріп жатқандарға, өтініш айтқандарға уақыты болып жатса бірден кірісіп кететін мінезі де жоқ емес. Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға үйренген жан бос әңгіме, уақытты текке кетіру сияқты әдеттерден бойын алыс салатынын әріптестері де жеткізіп жатты. Қайсар мінезді қыз керек кезде бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын мінезімен де айналасындағылардың бағасын алып үлгеріпті. Өзі еңбек ететін жердің безендірілуі мен көркемделуіне атсалысып, өзіндік пікірін білдіріп отыратындығы да оның осындай мінезінен.
Арнайы тапсырыспен кез келген суретті акварель, гуаш, қарындашпен салатындығын, енді ұлттық нақыштағы құрақ құрауды қолға алғандығын әңгіме арасында жеткізді. Уақыт тапшылығы болмаса киім тігу, құрақ құрауға барлық уақытын арнағысы келетіндігін жасырмады. Балабақшаның жұмысынан қолы қалт ете қалғанда арнайы тапсырыспен көрпе құрайтындығын да білдік. Онда да жаттанды оюлар емес, ұлттық нақыш аңқып тұратын қайталанбас туындылар шығаруды басты мақсат ететіндігін айтты. Нағашы әжесі Разихан керемет ісмер, ауылдың қыз-келіншектеріне көйлек-көншек тігетін, ою ойғанда оған ілесетін адам табылмайды екен. Мүмкін Қарлығаштың бойындағы өнері де осы ата-апаларынан қонған болар. Ал атасы Тілеп ақсақал бақилық болып кетсе де Ардолайты ауылында ол кісінің салған үйлері әлі күнге бар көрінеді. Жобасын өзі жасап, үй салудың шебері атанған атасы бір үйді түгелдей лайы бар, ағашшылығы бар өзі мойнына алып салып шығатын қолы шебер жан болған деседі көз көргендер. Мүмкін қан арқылы берілетін дарын болса Қарлығаштың сурет салуға, ою оюға, киім тігуге деген құштарлығы соның дәлелі болар.
Балабақша меңгерушісі де Қарлығаштың қолынан шыққан дүниелерді көрсетіп мақтанып алды. Көркемдеу, безендіру сияқты жұмыстарды Қарлығаштың еш қиындықсыз, мүлтіксіз орындайтынын және аса жоғары талғампаздықпен атқаратынын айтты. Тек балалардың тәрбиесімен шектеліп қалмай шығармашылықпен де айналысуға уақыт табатын осындай жандар көбірек болса, мүмкін өмір сүру де жеңілге түсер ме еді. Дүние, мал жинауды мақсат етпеген, үш ұлдарымен пәтер жалдап тұрса да дүниенің қымбаттығын, өмірдің қиындығын өткінші нәрсе деп қабылдайтын осындай адал пиғылды адамдардың көп болуын қаладық. Өнерде жалғандық, жасандылыққа орын болмауы тиіс. Адамның рухани байлығы, тазалығы оның қолынан шыққан дүниелермен бағаланар болса, Қарлығаштың өнері де біз үшін биік шыңмен пара-пар.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…