АБАЙ – ҒҰЛАМА АҚЫН

0
26

     Әл-Фараби атындағы аудандық кітапханада қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында «Абай – ғұлама ақын» атты поэзиялық кеш ұйымдастырылды. Тағылымды шараға ауданның ауылдық кітапханаларынан келген оқырмандар белсене қатысып, Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен үзінділер айтып, ақынның мол мұрасы жайында ой-пікірлерімен бөлісті. Кеш барысында Абай шығармалары арқылы жастарды білімге, еңбекке, адамгершілікке, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеудің маңыздылығы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып,  Жасанды интеллект арқылы дайындалған видео көрсетілді.

Әрине Абайдың поэзиясын түп тамырымен оқып, түсіну мүмкін емес шығар. Өйткені оған ой мен сана, білім мен ізденіс қажет-ақ. Кештің мақсаты да оқырманға ой салу, Абай өлеңдерін насихаттау болды. Ұлттық рухты жаңғыртып, ұлы ақынның мәңгілік мұрасын ұлықтаған мазмұнды әрі тағылымы мол шараға қатысқандар ақын рухымен тілдескендей күй кешті.

Шара соңында кітапхана директоры Аида Турсунова поэзиялық кештің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан аудандық және  ауылдық кітапханалардан келген белсенді оқырмандарға және кітапхананың тұрақты оқырмандарына өзінің «Алғыс хаттарын» табыстады. Сонымен қатар ақынның туған күнімен тұспа-тұс келген оқырмандар да  ыстық ықыласқа бөленіп, естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл игі бастама қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кітапхана мен оқырман арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайта түсті. Кеш әсерлі естеліктермен аяқталып, қатысушылар ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдірді.

Мөлдір АХМЕТҚАЛИ,

аудандық кітапхана қызметкері

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР