Басты бет Құрылтай ТАҢДАУ — ТАҒДЫР ТАРАЗЫСЫНДА

ТАҢДАУ — ТАҒДЫР ТАРАЗЫСЫНДА

0
21

Кез келген сайлау  саяси науқан ғана  емес,  қоғамның   мәдениетін, азаматтардың жауапкершілігін және мемлекетке деген сенімін айқындайтын маңызды кезең. 23 тамызда өтетін жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы да осы тұрғыдан ерекше мәнге ие.

Конституциялық реформадан кейін қалыптасқан жаңа заң шығарушы орган елдің алдағы бес жылдағы даму бағытын айқындайтын шешімдерді қабылдайды. Сондықтан бұл сайлаудың нәтижесі тек депутаттық мандаттардың бөлінуімен өлшенбейді, қоғамның қандай құндылықтарды таңдайтынын, қандай саясатқа сенім артатынын көрсететін маңызды саяси көрсеткіш болмақ.

Жаңа Құрылтайдың құрылуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі ретінде бағалануда. Бұған дейін қоғамдық пікір алмасу алаңы қызметін атқарған Ұлттық құрылтай енді заң қабылдайтын Парламенттен түбегейлі ерекшеленеді. Бұл – мемлекеттік шешім қабылдау жүйесіне қойылатын талаптың да күшейгенін білдіреді. Ендігі жерде қабылданатын әрбір заң, әрбір бастама азаматтардың күнделікті өміріне тікелей ықпал етеді. Сол себепті Парламенттің кәсіби құрамы бұрынғыдан да маңызды.

Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – депутаттардың толықтай партиялық тізім арқылы сайлануы. Мұндай жүйеде жауапкершілік жеке тұлғадан гөрі саяси институттарға жүктеледі. Демек, сайлаушы партиялардың сайлауалды ұрандарына емес, олардың нақты бағдарламаларына, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарына, ең бастысы уәделерді орындау тәжірибесіне назар аударуы тиіс.

Қазіргі қоғам бұрынғыдан әлдеқайда талапшыл. Азаматтарды жалпылама уәделер қызықтырмайды. Халық нақты нәтиже күтеді. Жастарға тұрақты жұмыс керек, ауылға сапалы жол мен ауызсу қажет, кәсіпкерлерге қолайлы орта, мұғалім мен дәрігерге лайықты жағдай, ал қарапайым тұрғынға әділ әрі тиімді заңдар қажет. Сондықтан кез келген партияның бағдарламасы ең алдымен осы өмірлік қажеттіліктерге жауап беруі тиіс.

Өңірлердің мәселесі де ерекше назар аударуды талап етеді. Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі енгізілгенімен, шалғай ауылдардың, шекаралық аудандардың, шағын қалалардың проблемалары тасада қалмауы керек. Өйткені елдің тұрақты дамуы орталықтың ғана емес, әрбір өңірдің әлеуетіне байланысты. Егер аймақтардың мәселесі уақытында көтеріліп, заң жүзінде шешімін тапса, бұл тұтас мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына оң әсер етеді.

Демократиялық қоғамның беріктігі азаматтардың белсенділігімен өлшенеді. Сайлау – бір күндік науқан емес,  халық пен билік арасындағы өзара сенімнің көрсеткіші.Егер азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қарамаса, кейін қабылданған шешімдерге сын айтуының өзі мәнін жоғалтады. Себебі үнсіздік те – таңдау. Ал бейжайлық қоғамдық дамуды тежейтін факторлардың біріне айналуы мүмкін.

Бүгінгі таңда әлемде геосаяси тұрақсыздық, экономикалық өзгерістер, климаттық сын-қатерлер күшейіп келеді. Мұндай кезеңде мемлекет қабылдайтын әрбір заңның сапасы ерекше маңызға ие. Ендеше Парламент құрамында кәсіби білімі жоғары, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын терең түсінетін, халықпен ашық диалог жүргізе алатын депутаттардың болуы уақыт талабы.

Елдің ертеңі кездейсоқ қалыптаспайды. Ол бүгін қабылданған шешімдерден, қоғамның белсенді ұстанымынан және әр азаматтың жауапты таңдауынан құралады.

Саян АХМЕТОВ,

аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау үшін Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 250-ден астам байқаушыны аккредиттеді.

ТМД байқаушылар миссиясы өз жұмысын бастап кетті. Миссия өкілінің айтуынша, байқаушылар дә…